Basty bet
Үлкен ауылдағы шағын дәріхана
«Кәсіп болмай, нәсіп болмас» демекші, әр кәсіпкер өз ісін бастайтын уақытта оның тұтынушылар үшін қаншалықты қажет екенін ойлағаны тиімді. Ең бастысы, қолға алған кәсібің көпшіліктің сұранысын қанағаттандыруы керек.
Қарасаз ауылы соңғы бес жылдың көлемінде кәсіпкерлік саласы кең қанат жайған елді мекенге айналып отыр. «Жақсыны – көрмекке» деген. Оны осы округке жасаған іс сапарымыздың барысында байқадық. Біз онда кәсіптің көзін тауып, тірлігін алға қарай дөңгелетіп отырған бірқатар кәсіпкерлердің жұмысымен де таныстық. Ауылдағы Бірлік көшесі осындағы ең басты көшелердің бірі саналатындықтан, бұл көшенің бойынан тұрғындарға қажетті нысандар орналасқан. Мәселен, таулы аймақта орналасқан ауылдық округтерге барар жолдағы үлкен қақпа саналатын бұл көшеде дүкен, дәріхана, тіс дәрігері, ағылшын тілін оқыту орталығы, тігін цехы, автокөлік жөндеу орталығы, жанар-жағармай құю бекеті, мейрамхана барлығы да бір жерде шоғырланған. «Алыстан арбалағанша, жақыннан дорбала» демекші, ауыл жұртшылығы аудан орталығына сабылмай-ақ, іздегенін өз ауылдарынан табатыны көңіл қуантады. Ауылына жанашырлық танытып, өзінің ойлаған ісін жүзеге асырып отырған Бернад Сатимировтың дәріхана ашып, кәсібінің нәсібін көріп отырған жайы бар. Дәріхананы 2007 жылы үйдің іргесіндегі бір бөлмеден ашып жұмыс істеген. Кейіннен шағын кәсібінің болашағына көз жеткізген ол 2017 жылы өз күшімен жаңа ғимарат соғып, оған бес миллион теңге қаражат жұмсайды. Қазіргі таңда дәріхананың ішінде қажетті дәрілер саудаланып, препараттар өз ерекшеліктеріне қарай орналастырылған. Дәрілердің фармацевтикалық лицензиясы бар және мемлекеттік монополияға қарсы комитетімен бағасы тұрақты бекітілген. Дәріханаға дәрілерді Тараз қаласынан «Фарм Лидер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жеткізеді.
-Өзім Шымкент қаласында Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік медицина академиясын фармацевт мамандығы бойынша тәмамдадым. Қолға диплом алып, ауылға келгендегі ең бірінші ойым – дәріхана ашу болды. Себебі, кейде аяқ астынан ауырып қалған кезде дәрі таппай, аудан орталығына бару керек болып жатады. Аудан орталығынан біраз шақырым алыс орналасқан Қарасаз ауылында тұрғындар көптеп шоғырланған. Тұрғындар саны көп болса да, үлкен ауылда дәріхана жоқ болатын. Міне, мен шағын дәріхана ісін қолға аларда осындай жайттарды да ескердім.
Дәрі-дәрмектерді саудалаудың өзіндік тәртібі де бар. Дәрігердің рецепті бойынша ғана дәрі босатылады. Олардың жарамдылық мерзімін де тексеріп, сатылымдағы заттарды үнемі жаңартып отырамыз. Бес жылда бір рет біліктілікті арттыру үшін оқуға барамын. Сонымен қатар, дәріханада бір адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырмын,- дейді дәріханашы өз сөзінде.
Сонымен қатар, дәріхана ғимаратының бір бөлігі жалға берілген. Онда ауыл тұрғындары тіс дәрігері, жетітөбелік Батухан Сүлейменов есімді азаматтың қолжетімді көмегіне жүгінуде. Алдағы уақытта жеке кәсіпкердің массаж жасайтын орталық ашу жоспары да бар. Әркім өзінің ісін жақсы көрсе одан жақсы нәтиже шығары анық. Бастысы – сапа мен тұрақтылық. Тұрғындардың сұранысына, қажеттілігіне қарай жұмыс жасау да маңызды.
Қазақ халқы бір-бірімен саулық сұрасқанда ең алдымен «Мал-жан аман ба?» дейді. Осыдан кейін ата-бабамыздың сонау заманнан бері шаруашылыққа жақын болғаны анық байқауға болатындай. Осы орайда, елді мекендегі тұрғындардың дені төрт-түлік ұстап, оны негізгі күнкөріс көзіне айналдырып отыр. Кейде бағып отырған төрт-түлік ауруға шалдығып, оларға да дәрі-дәрмек қажет болып жатады. Мұны да ескерген Бернад Сатимиров пилоттық жоба ретінде ветеринариялық дәріхана да ашқан. Мұнда мал ауруларына қарсы екпелер, жақпа майлар, тағы басқа заттар қойылған. Енді ол жобаның тұрғындар үшін қаншалықты қажетті екенін бақылау үстінде.
«Туған жерге туыңды тік». Әр азаматтың өзінің кіндік қаны тамған, туып- өскен жеріне шын ниетпен жанашырлық танытқаны абзал. Ауылының өсіп-өркендеуі, дамуы тікелей сол жерден түлеп ұшқан азаматтарына байланысты екені баршамызға белгілі. Осы орайда, округ кәсіпкерлерінің игілікті де жемісті істерінен ауылдың жарасты бірлігі мен ынтымағын ұйытуға қосып отырған үлестерін көруге болады.
Айгүл АМАНҚҰЛ.
суретті түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ,
«Жаңа өмір»