Basty bet
Ауыл тұрғындарының денсаулығы – назарда
Дәрігерлік мамандық – бұл ерлік. Ол өзіне құрбан болуды және ойдың, ниеттің адал болуын қажет етеді. Сонымен қатар, дәрігердің ой-санасы анық, пиғылы, мінез-құлқы таза, адал және мұнтаздай болғаны жөн.
Дәрігердің сондай-ақ, науқас адамның сенімін ала білуі, ол адамды өзінің ауруымен күрестіре білуі маңызды. Сырқат жандарға күшін ғана емес, жүрегін де жұмсай білуі қажет.
Бүгін біз Қарасаз дәрігерлік амбулаториясы туралы сыр шертетін боламыз.
Қарасаз ауылында орналасқан Қарасаз дәрігерлік амбулаториясының жаңа ғимараты 2017 жылы қыркүйек айында ауыл тұрғындарының игілігі үшін пайдалануға берілген болатын. Бүгінде мұндағы дәрігерлер мен медбикелер күн-түн демей ауыл жұртының денінің сау болуы үшін аянбай еңбек етуде. Сонымен бірге бұл жерде жұмыскерлер үшін де, ауырып ем іздеген науқастар үшін де барлық жағдай жасалған. Бұлай дейтініміз, ғимарат заманауи медициналық құрылғылармен, қажетті төсек-орындар және құрал-жабдықтармен жабдықталған.
Ғимаратқа кіре берістен бастап барлық бөлмелері мұнтаздай тап-таза болса, медбикелер де ақ халаттарын сымдай тартып, ұқыптап киіп, өз істеріне аса жауапкершілік танытып, жұмыстарына әлдеқашан бел сыбана кірісіп те кеткен екен. Мұның барлығы сырт көзге ерекше әдемі әрі үйлесімді көрінеді. Бұдан біз “Тазалық – саулық негізі” қағидасын берік ұстанатын ұйымшыл ұжым екенін анық аңғарғандай болдық.
Қазіргі таңда, дәрігерлік амбулаторияда жоғарғы санатты, білікті мамандар жұмыс істейді. Амбулаторияға аға дәрігер Әміре Шадман басшылық етсе, одан бөлек, алты учаскелік медбике, бір процедуралық ем-шара медбикесі, бір зертханашы, бір акушер, бір жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі, екі тазалықшы және бір күзетші жүйелі жұмыстар атқарады.
Қарасаз дәрігерлік амбулаториясында зертхана, акушерлік, екпе егу, ине шаншу, күндізгі ем алу, ЭКГ, ТУП, дәрігерге дейінгі тіркеу бөлмесі, балалар бөлмесі және терапиялық кабинет бар.
Айта кету керек, бұл амбулаторияға алты ауылдық медпункт қарайды. Олар Жұрымбай, Қарасу, Көктас, Шыңбұлақ, Майбұлақ және Қосмұрат ауылдық медпункттері.
Ал, осы дәрігерлік амбулаторияға қарайтын алты ауылдық медпункттің жұмысына әрі тазалығына ұдайы бақылау жүргізіп отыратын он жеті жылдық жұмыс өтілі бар тәжірибелі маман, аға медбике Венера Ертаеваның айтуынша, бүгінде ауылда 28 жүкті келіншек бар. Оның ең үлкені 40 жаста болса, кішісі 19-20 жас аралығындағы жас келіншектер.
Аға медбикенің сөзіне сүйенсек, ауыл тұрғындары көбінде қан қысымы, жүрек-қан тамырлары, қант диабеті және бронхит ауруымен жиі шағымданып келетіндігін айтады. Ең өкініштісі қазіргі уақытта аурудың бұл түрлерімен тек егде жастағылар ғана емес, сонымен қатар жастардың да ауыратындығы болып отыр.
– Шет ел ойшылы Сенека Луций Анней «Жазылудың ең негізгі шартының бірі – жазылуға деген құлшыныстың болуы. Егер сіздің іс-әрекеттеріңізде жазылуға деген құлшыныс болмаса, жалғыз дәрігердің күш-жігері нәтиже беруі екіталай» десе, шығыстың ғұлама ғалымы, екінші ұстаз атанған Әл-Фараби «Адамның тәндік жаратылысының дамуының негізгі көрсеткіші – денінің саулығы» деген екен. Сондықтан да, ауыл тұрғындарының денінің сау болуы үшін, дәрігерлер аянбай еңбек етуде.
Бүгінде Қарасаз дәрігерлік амбулаториясында жалпы – 3169 адам тіркелген. Оның ішінде қан қысымы ауруы бойынша – 293, жүрек аурулары – 109, қант диабеті – 46, өкпе тынысы ауруы бойынша – 20, мүгедектердің жалпы ауруы – 58, 0-17 жас аралығындағы алдын ала қарау – 1060.Сонымен қатар қан айналымы жүйесі , тоқ ішек және тік ішек обрының алдын алу, омырау безі және жатыр мойны обырының алдын алу бойынша бірқатар науқастар тиісті тексерістен өткен, – дейді Венера Құдыретқызы.
“Қарғыс алма, алғыс ал” дегендей, ауыл тұрғындары да бұл дәрігерлік амбулаторияның дәрігерлері мен медбикелеріне ризашылықтарын әрдайым білдіріп отыратын көрінеді. Бұлай дейтініміз, аға дәрігер Венера Құдыретқызының сөзінше, Алғыс айту күнінде ауыл тұрғындары тегіс жиналып, ақ желеңді абзал жандардың еңбегін бағалап, алғыстарын жаудырған. Мұндай қошеметтен кейін, дәрігерлік амбулатория қызметкерлерінің жұмысқа деген құлшынысы арта түспесе, кемімейтіндігі айтпаса да түсінікті.
Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»