Basty bet

МЕРЗІМ ТАЯНЫП КЕЛЕДІ, АЛ МЕРДІГЕР АСЫҒАР ЕМЕС…

Мониторинг тобы ауданда қайта салынып жатқан жолдардың сапасын тексерді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Президент лауазымына ресми кірісу салтанатында сөйлеген сөзінде елдің алдында тұрған он міндетті саралағанда, бастысы, халықтың тұрмыс сапасын жақсартудың бірінші кезекке қойылатыны белгілі. Ал, жайлы тұрмыс, жақсы өмір сүруді сапалы жолдарсыз көзге елестету әсте, қиын.Бүгінде аудандағы облыстық және аудандық мәндегі жолдардың 80 пайызға жуығы қанағаттанарлық деңгейде. Жыл сайын әр өңірдегі жарамсыз күйге келген жолдар кезегімен қайта жаңғыртылып, жаңа асфальт жамылғысы төселеді. Көңілге қуаныш ұялатар жағдай дерсіз. Алайда, мемлекеттің қыруар қаражаты жұмсалып, жөнделген жолдар бір қыстан шықпай жатып, шұрқ-тесік ойылып жатса ше?! Оның жауапкершілігі мен обал-сауабын кім арқалайды?
Мердігер тапсырыс берушінің, қала берді қырық қадағалаушының көзін ала бере, объектіні тапсырып, жайына кете барады. «Іс бітті, қу кеттінің» керімен қай мердігерді желкелеп әкеліп, кеткен олқылықты қайта түзеттіріп жатырмыз? Оған қауқарымыз жете ме? Айналып келгенде, зардап шегетін сол жолмен жүретін қарапайым жұрт, өзіміз.
Тендерге тамыр-таныстықтың арқасында иеленгені өз алдына немесе пәленшесінші болып жұмысқа кірісетін қосалқы мердігерді заңға иілдірудің тетіктері қандай? Заңнаманың олқы соғып тұрған тұстарын олар ұтымды пайдалана біледі. Сондықтан да бұл бағытта жұмысты әлі де ширата түсу қажет.
Nur Otan партиясы аудандық филиалы жанынан құрылған аудан аумағында «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламалары бойынша салынып жатқан құрылыс объектілерінде жұмыстың барысы мен сапасын қадағалайтын мониторинг тобы таяуда «Құтты мекен» партиялық жобасы аясында істің жай-жапсарымен танысып қайтты.
Мониторинг тобы алдымен аудан орталығымен іргелес жатқан «Көктөбе» тұрғын алабына аялдады. Айта кету керек, аудан орталығында жер кезегінде тұрған 1 200-ден астам адам осы тұрғын алаптағы жұмыстың аяқталуын зарыға күтуде. Тұрғын алап 170 жер теліміне шақталған. Мұнда мердігер ұйымдар көктем басталғаннан инфрақұрылымдар құрылысын жүргізуде. Құрылыстың басы-қасында жүрген «Технадзор-2015» ЖШС техникалық қадағалаушысы Айтқұл Әбішев жұмыстардың 95 пайызына жуығы аяқталғанын баяндады.
Тұрғын алапта негізгі алты және екі айналма көшелер тілініп, электр бағандары, ауыз су құбыры тартылған, қара жол төселуде. Құрылысқа барлығы 20-ға тарта арнайы техника жұмылдырылған. Мониторинг тобы келгенде сай жағалай өтетін шеткі айналма жолдың жиегін бекіту жұмыстары қызу жүріп жатты. «ТаразДорстрой» серіктестігінің басшысы Вячеслав Лидің айтуынша, жұмыстың толық аяқталуына осы тұстағы жердің ой-шұңқырлы бедері кедергі болып тұрғанға ұқсайды. Өздігінен аударғыш 12 ауыр жүк көлігі күн-түн демей, 50 шақырым жерден тас аралас құм тасып, ой-шұңқырды толтыруда. Тау болып үйілген құмтастар тиегішпен тегістеліп, таптағышпен басылып-жаншылуда.
Мониторинг тобының жетекшісі, аудандық мәслихаттың депутаты Сейітхан Жұмашев тұрғын алаптағы ауыз судың жай-күйіне алаңдаушылық білдіріп, ол сұрағын техникалық қадағалаушыға тікелей бағыттады. Өйткені, алап басына ауыз су құбыры тартылғанымен, оған келетін судың мәселесі әлі шешілмеген. Ал, объекті тапсырылып, жер иелері құрылыс салуға кіріскенде су проблемасы бірінші кезекте алдынан шығады. Негізі жоба бойынша мұнда су аудан орталығының төменгі бөлігінде орналасқан «Солтүстік» су тарту мұнарасынан жеткізілуі тиіс екен. Алайда, бүгінде онда су қоры жеткіліксіз екені, тұтынушыларға судың сағатпен берілетіні белгілі болып отыр. Техникалық қадағалаушы Айтқұл Әбішев ауылдан шығаберістегі темір жол шаруашылығының жанындағы су тарту мұнарасын нұсқап, суды ол арадан тартуға болатынын еске салды. Дегенмен, ол да әлі жете зерттелмеген, шикі, шала-пұла әңгіме.
Көкбастау ауылдық округінің Қосбөлтек ауылына кіреберісте оңға қарай алдымыздан тақтайдай тегіс асфальт жол шыға келді. Бұл жолды осы жазда тараздық мердігер «ДорМостстрой» серіктестігі салған екен. Жапарқұл көшесіне түскен ұзындығы екі шақырымдық асфальт жамылғысының сапасын тексерген мониторинг тобының мүшелері оның ені мен қалыңдығын байқап көрді. Топ мүшелері оның жобалау-сметалық құжаттың талабына сай екеніне көз жеткізді. Алайда, жол жиегі мердігер компанияның назарынан тыс қалғанға ұқсайды. Мониторинг тобы ауылдық округ әкімі Ержан Серкебаев пен аудан әкімдігінің тиісті бөлімінің басшысы Ерболат Сейітбековке осыны қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.
Осы арада топ мүшелерінің назарына 64 жер теліміне шақталған «Қосбөлтек» тұрғын алабындағы инфрақұрылым тарту» жобасы ұсынылды. Ауылдық округ әкімдігінде кезекте тұрған 149 адамның үмітін жандыратын болашақ тұрғын алапта бүгінде трансформатор орнатылып, электр бағандары тартылған. Жол, ауыз су, газ құбыры секілді инфрақұрылымдар кезеңімен жүргізілмек. Объекті техникалық қадағалаушы «РК Астана» серіктестігінің жіті бақылауында.
Теріс-Бәйтерек бағытындағы облыстық мәндегі автомобиль жолының 11 шақырымдық бөлігі өткен жазда жөнделіп, пайдалануға берілгені белгілі. Аталған жолды сапалы жөндегені үшін тұрғындардың мердігер «Айя сервис » компаниясына айтар алғысы шексіз. Осы аталған жолдың қалған 0-10 және 21-32 шақырымдық екі бөлігін салуға қосалқы мердігер «Жолделюкс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі кірісіпті. Объекті қыркүйек айының ортасында тапсырылуы тиіс. Жаздың ортасынан ауып, соңына таяп келе жатқаны мынау, ал серіктестіктің қимылы шабан. Объекті басында бір асфальт төсегіш, бір таптағыш, бірнеше жүк көлігі ғана жүр.
Жолдың бір жиегіне үйілген ескі асфальттің үстіне қисая тоқтаған «ГАЗель» автокөлігінің ақаулы екені көрініп тұр. Асфальт төсегіш те асфальттің жоқтығынан қаңтарылып қалған. Жолды салу технологиясының қыр-сырын сұрағанымызда серіктестік басшысы ескі жолдың асфальтін қырып алып, екі жиегіне үйіп, қажетін жаңадан төселетін асфальттің төсеміне пайдаланатынын жеткізді. Мониторинг тобы мүшелері объекті басында жүрген техниканың аз екенін, ал уақыттың таянып келе жатқанын айтып, дабыл қағуына серіктестік басшысы қалған техниканың келесі объектінің басында жұмыс істеп жатқанын айтты. Алайда, ол айтқан техниканы екінші объектіден байқай алмадық.
Есесіне, Ақтөбе ауылдық округінің Ақтоған және Жаңаталап ауылдары арасындағы ескі жолдың асфальті қырылғанда, әне-міне, асфальт төселеді деп дайындалған жол төсеміне ірі тастардың төселгеніне көз жеткіздік. Кедір-бұдыр болып жатыр. Анадай шабан қарқынмен жолшылар мұнда қашан жетпек?
Мониторинг тобының соңғы аялдағаны ұзындығы 3,069 шақырымдық аудандық мәндегі Жаңаталап-Күркіреусу автомобиль жолы болды. Мұнда мердігер «Рауан» ЖШС аталған автожолды талапқа сай салғаны байқалады. Дегенмен, жолдың жиегін әлі жайластырып үлгермеген. Осында жүрген техникалық қадағалаушы ЖК «А.Жаналиев» объекті қабылданғанға дейін мердігерден тиісті жұмыстарды заң аясында талап ететінін жеткізді.
Р.S. Аудан аумағында «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламалары бойынша салынып жатқан құрылыс объектілеріндегі жұмыстың барысы мен сапасына партиялық қадағалауды күшейту мақсатында мониторинг тобының осы сапары барысында анықталған проблемалар толығымен жинақталып, Nur Otan партиясы аудандық филиалының депуаттық фракциясы отырысында қаралатын болады. Онда іске жауапты аудан әкімдігінің бөлімдері мен мекемелер басшыларының есептері тыңдалады.
Абылайхан СӘРСЕН,
Суреттерді түсірген Сәбит КҮЗЕМБАЕВ.
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close