Basty bet

Ел дамуының ажырамас бөлігі

Мемлекеттік рәміздер – Ту, Елтаңба және Әнұран Қазақстан Республикасының дербестігі мен тәуелсіздігін бүкіл әлемге танытушы әрі мемлекетіміздің өткені мен бүгіні және болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын көрінісі. Сондай-ақ, рәміздер – халқымыздың мұқалмас рухын, қаһармандығы мен даналығын, асқақ арман-тілегін жеткізетін құнды белгілер.
Ауданда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздерін орналастыру және пайдалану қолданыстағы заңнамаларға сәйкес жүргізіліп келеді.
Қазақстан Республикасында Мемлекеттік Ту, Мемлекеттік Елтаңба және Мемлекеттік Гимн мемлекеттік рәміздер болып табылады. Ал «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық заңы 2007 жылы 4 маусымда қабылданды. Осы заңға сәйкес, жыл сайын 4 маусым Қазақстан Республикасында Мемлекеттік Рәміздер күні ретінде мерекеленеді.
Мемлекеттік Тудың авторы – еліміздің өнер қайраткері Шәкен Ниязбеков. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы – ортасында шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген тік бұрышты көгілдір түсті мата. Тудың сабының тұсында ұлттық өрнек тік жолақ түрінде нақышталған. Күн оның шұғыласы, қыран және ұлттық өрнек бейнесі алтын түстес. Өз сәулесіне шомылған алтын Күн тыныштық пен байлықты білдіреді. Қазақстан Республикасының мемлекеттік Туындағы дала бүркіті қазақстандықтардың жомарттығы мен қырағылығын, пейілінің кеңдігін, рухының биіктігін танытады.
Елтаңбаның авторлары сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлихан. Мемлекеттік Елтаңбаның негізіне шаңырақ алынған. Шаңырақ – әлемнің біртұтастығы, мемлекеттің бастауын білдіреді. Шаңырақты айнала күн сәулесіндей тарап уықтар шаншылған. Олар – мамыражай шуақты өмір мен мейірім – шапағат жылылықтың белгісі. Оң жағы мен сол жағында аңыздардағы қанатты пырақтар бейнесі орналастырылған. Тұлпардың алтын қанаттары – астықтың, тоқшылықтың және материалдық ырыс-несібенің белгісі. Елтаңбаның жоғары жағындағы бес бұрышты жұлдыз – біздің жүрегіміз бен құшағымыз барлық бес құрлық өкілдеріне ашық деген сөз.
Осы күнгі мемлекеттердің әрқайсысының өзінің ұлттық Әнұраны бар. Қазақстан Республикасы мемлекеттік Әнұранының негізі – ол халық арасында кең тараған «Менің Қазақстаным!» атты патриоттық өлең. Әнұран – халық жүрегінің соғуы, армандардың ұштасуы. Әнұранның авторлары – Шәмші Қалдаяқов (әні), Жұмекен Нәжімеденов және Нұрсұлтан Назарбаев. Әнұран ресми рәміз ретінде қазақстандықтардың ортақ рухани қазынасына айналып кетті.
Аудан бойынша Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Рәміздерін пайдаланатын 128 мемлекеттік мекеменің барлығында мемлекеттік Ту, Елтаңба ҚР Ұлттық стандартына сай келеді. ҚР мемлекеттік рәміздерін орналастыру ережесіне сәйкес ғимараттарда тұрақты тігілген ҚР Мемлекеттік Туына тәуліктің қараңғы мезгілінде жарық түсіп тұруы қамтамасыз етілген.
Жалпы ауданда 128 мекемеде 544 Елтаңба (оның ішінде 9 -ы -1 м, 256 -сы- 50 см, 23-і -25 см, 256-сы-12 см), 261 Ту (1х2 м) бар. Елтаңбаның 541-і латын графикасына ауысқан.
Жыл басынан ауылдық округ әкімі аппараттары мен мекемелердің ҚР мемлекеттік Рәміздерінің дұрыс қолданылуына жауапты мамандардың қатысуымен 20 “дөңгелек үстел”, 4 семинар, 16 кездесу, 30 түсіндіру жұмысы ұйымдастырылды.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік Рәміздерін пайдалануы мен қолдануын насихаттау мақсатында аудан орталығындағы алаңда ҚР мемлекеттік Рәміздеріне арналған баральеф қойылып, «Жасай бер, Қазақстан!» саябағында биіктігі 20 метрлік Тутұғыр орнатылды. Ауданда рәміздерге арналған 4 көрнекілік орналастырылды.
Аудандағы барлық білім беру ұйымдарында оқшауланған орындар (40) бар. Оқшауланған орындарда мемлекеттік рәміздер жаңа стандарттарға сай орнатылған.
2018 жылдан бастап ауданда “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” бағдарламасы аясында құрылған «Бауыржан Ұландары» әскери-патриоттық клубы жұмыс істейді. Клубтың негізгі мақсаты – Мемлекеттік Рәміздерге құрметпен қарау болып табылады.
Мемлекеттік рәміздер – ел дамуының ажырамас бөлігі. Сондықтан қазақстандықтардың осы рәміздерге деген құрметі, оларды бойтұмардай қастерлеуі ерекше сезіліп тұруы тиіс. Рәміздер арқылы елімізді бүкіл әлем таниды. Өйткені онда қазақ халқының бастан өткізген тарихы, мәдениеті мен дәстүрі көрініс береді. Жастардың отансүйгіштік сезімін оятады, патриотизмге үндейді, батылдыққа тәрбиелейді.
Аудан әкімімен Қазақстан Республикасы рәміздерінің 30 жылдығын мерекелеуге арналған іс-шаралар жоспары жыл бойына бекітілді. Осы жоспар бойынша ауылдық округ әкімшіліктері, аудан әкімдігіне қарасты бөлімдер мен «Жастар ресурстық орталығы» челленждер мен акциялар ұйымдастырып отырады.
ҚР Мемлекеттік рәміздерінің 30 жылдығына орай, «Рәміздерім – елдігімнің белгісі» атты салтанатты кеш өтеді. Әлеуметтік желілерде «Мемлекеттік рәміздер – менің мақтанышым» атты челлендждер ұйымдастырылады. Бір мезетте барлық мемлекеттік мекемелер ҚР мемлекеттік Әнұранның орындалуы ұйымдастырылады.
Алғашқы жылдардағыдай емес, қазіргі кезде еліміздің Әнұраны мәтінін білмейтін жан кемде-кем. Ол насихаттың жемісі десек, қателеспейміз. Рәміздер балабақшаларда да, мектептерде де, жоғары оқу орындарында да, мемлекеттік мекемелердің ғимараттарында да көрнекті орындарға орналастырылған.
Рәміздер – еліміздің, яғни мемлекетіміздің бет-бейнесі, біз үшін биік, біз үшін қастерлі. Қазақстанның әрбір азаматы оларды құрметтей, қастерлей білуі қажет деп есептеймін.

Данияр Тұрмаханбетов,
аудан әкімдігі ішкі саясат
бөлімінің басшысы

Таңдаулы материалдар

Close