Basty bet

Адамдықтың бір анықтамасы – еңбек

Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауында халыққа қажетті реформаларды жүзеге асыру бағытында саяси жаңғыруды, елімізді дамыту, ауқымды әлеуметтік-экономикалық өзгеріс жасау және қоғамды одан әрі демократияландыруға арналған бірқатар маңызды бастамалар жөнінде атап айтты.

«Қазақстан – әлеуметтік мемлекет. Сондықтан, қиын жағдайға тап болған азаматтарға жан-жақты көмек көрсету – басты міндеттердің бірі. Алайда, қоғамда патерналистік көңіл күй және әлеуметтік масылдық үрдісі белең алуда. Ел ішінде әлеуметтік бағдарламаларды әдейі жеке мүддесіне пайдаланатын азаматтар аз емес. Мұндай адамдар кез келген өркениетті елдегі сияқты заңның және бүкіл қоғамның алдында жауап беруі керек. Осындай жағдайлар «Мемлекеттен ала берсем» деген көзқарас қалыптастырды. Ал, көмекке шынымен мұқтаж жандар, өкінішке қарай, әлеуметтік қолдау шараларынан тыс қалып жатыр. Әрине, біздің еліміздің мүмкіндіктері зор, бірақ оның да шегі бар. Ең бастысы, әлеуметтік жеңілдікке ие болсам деген орынсыз пиғыл адамды өз еңбегімен табыс табу қабілетінен айырады. Мұндай жағымсыз өмір салты ұрпақ тәрбиесіне қазірдің өзінде кері әсер ете бастады. Сондықтан, бізге түбегейлі өзгеріс керек. Заң да, қоғам да, адамдардың сана-сезімі де өзгеруге тиіс» – деді Президент.
Иә әр адам жетістікке, табысқа өзінің адал еңбегімен жете алады. Оны аға буын өкілдерінің еңбекқорлығымен, адал табыспен өз кәсібін ашып, жетістікке жетіп отырғандығынан көруге болады. Ерінбеген адамға қашанда екі қолға бір күрек табылады.
Елдің еңбекпен көркейетінін ескерсек, еңбек адамының қоғамда қашанда орны ерекше, абыройы биік. Халық еңбекке бейім болса, ел ырысқа кенеліп, өзгелермен терезесі теңеліп, бақуатты, бәсекеге қабілетті мемлекет болып нығаяды. Сондықтан айрықша маңызға ие Еңбек күнінің мақсаты осынау құндылықтарды құнттау, еңбекқор азаматтардың беделін көтеру, өнімді еңбек етуге ынталандыру екені сөзсіз.
Бірақ қазіргі таңда қоғамда жұмысты талғап, оның жалақысын азсынып, бірден мол табысқа жетуді ойлайтын қате пікір қалыптасқан. Масылдық бойды жаулап, еріншектікке жол береді. Ал, мұндай жалқаулықпен масылдық барда адам ешқашан табысқа кенеле алмайтыны анық.
Осы ретте біз өз маңдай терлерімен жұмыс жасап, ешкімнен ештеме сұрамай, бала-шағаларын бағып, құтты орындарына қондырып отырған еңбекқор отбасылардың бірі жайлы айтқымыз келіп отыр.
Олар – Көкбастау ауылдық округіне қарасты Қосбөлтек ауылының тұрғыны Бектор Иманқұлов пен отанасы Зылиха Иманқұлова.
Бектор Иманқұлов ұзақ жылдар бойы ұжымшарда механизатор болып жұмыс істеген, ал жолдасы Зылиха ауылдағы почта бөлімшесінде басшы болып абыройлы қызмет атқарған. Қазіргі таңда екеуі де бейнеттерінің зейнетін көруде.
-«Адамды адам еткен – еңбек» дегендей, адамдықтың бір анықтамасы – еңбек. Ендеше, қоғамның да қоғам болуы еңбекпен тікелей байланысты. Мемлекет осыған әуелден баса мән беріп, жұмыссыздықты жоюға, жұртты еңбекке тартуға бағытталған маңызды бастамаларды жүзеге асырып келеді.
2017 жылы отбасымызбен «Диас» шаруа қожалығын құрдық. Шаруа қожалығы менің жолдасым Бектор Иманқұловтың атында. Қожалықтағы 12 гектар жерді өзіміз пайдаланып отырмыз. 12 гектар жердің үш гектары суармалы болса, қалған тоғыз гектары егістік жер. Қалған жерлерді жалға бергенбіз.
Онда біз арпа, эспарцет шөбін егеміз. Бірақ техника жағынан қиындық туындайды. Өйткені өзімізде техника болмағаннан, орым кезінде техниканы жалдап отырамыз.
Одан бөлек есік алдындағы 50 соттық жерге құлпынай, көп жылдық жоңышқа, таңқурай, қара қарақат, сарымсақ тағы басқа да көкөністер отырғызамыз.
Сарымсақты біз күзде отырғызып, жазда шілде айының ортасы мен аяғына қарай жинап алып, өзімізге керегін алып қалып, қалғанын аудан орталығына апарып сатамыз.
Ал қара қарақатты, құлпынайды, таңқурайды уақтылы немерелеріммен теріп қысқа тосап дайындаймыз. Өзімізден шыққан өнімдер, өзіміздің кәдемізге жарап отыр. Базардан барып сатып алмай, үй іргесіндегі жерді өзіміз тиімді пайдаланудамыз.
Қазір байқасаң көп елдің үй іргесіндегі жерлері бос жатады. Оларға “не үшін отырғызбайсыңдар, өздерің күзде, қыста рақатын көресіңдер” деп айтсақ, неше түрлі сылтаулар айтып жатады. Осындайды көріп, “қазіргі жастар қайда бара жатыр?” деп ойланасың. Дайын жерлерін өз мақсаттарына пайдаланса, ауылда өз үйлерінің іргесіндегі жерлерін тиімді пайдаланып отырса, содан да пайда түсіріп күн көре алады.
Қазіргі таңда адамдардың бойында масылдық, жалқаулық, еріншектік деген қасиеттер басым. Мемлекет береді, мен таза жерде жақсы айлық жалақы алып отырамын деген пікір бар. Бірақ, бұлай үйде жата беруге болмайды. Керісінше, кішкентай ғана нәрседен үлкен дүниеге қол жеткізуге болатынын ойлау керек,-дейді Зылиха Иманқұлова.
Үйдегі шаруаның барлығын қазіргі таңда ұлы Асқат Иманқұлов атқарады. Ол таңның атысы, күннің батысы демей, ерте көктемнен жер жыртып, әкесі екеуі сол жерге керек көкөністерді отырғызып, соны жазымен суарып баптайды. Қара күзде оны отбасымен шашпай-төкпей жинап, қысқы азық дайындайды.
Үй іргесіндегі жерлерінен бөлек олар жылқы малы мен қой асырайды. Бие сауып, қымыз сатады.
“Құдай тағала саған еңбек қылып мал табарлық қуат берді. Ол қуатты адал кәсіп қыларлық орынға жұмсаймысың? Жұмсамайсың. Ол қуатты орнын тауып сарып қыларды білерлік ғылым берді, оны оқымайсың. Ол ғылымды оқыса ұғарлық ақыл берді, қайда жібергеніңді кім біледі? Ерінбей еңбек қылса, түңілмей іздесе, орнын тауып істесе, кім бай болмайды? Оның саған керегі жоқ. Сенікі – біреуден қорқытып алсаң, біреуден жалынып алсаң, біреуден алдап алсаң болғаны, іздегенің – сол. Бұл – Құдайдан тілеген емес. Бұл – абыройын, арын сатып, адам жаулағандық, тіленшілік” деген Абайдың сөзін естен шығармайық.

Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close