Basty bet
Күреңбелде өзекті мәселелер бар
Аудан әкімі Нарбай Ергебеков апта басында жұмыс алгоритмі бойынша кезекті жұмыс сапарымен Күреңбел ауылдық округіне барды. Әкімнің жұмыс сапары ауылдық мешіттен басталды. Мешіттің қазіргі жай-күйі, Алла үйіне жамағаттың келуі, сонымен бірге ауылдағы діни ахуал бойынша мешіттің имамы Рамазан Исақов аудан басшысын хабардар етті. Мұнда биылғы жылы ауыл азаматтарының күшімен мешіт ауласынан су шығарылып, айналадағы ағаштар суғарылып, көгеріштендіру жұмыстары қолға алынған екен. Сондай-ақ жылыту жүйесі жөндеуді қажет етіп отырғанын да айта кеткен жөн.
Аудан әкімі Нарбай Ергебеков келесі кезекте ауылдық дәрігерлік амбулаторияның жұмысымен танысты. Алты келушіге арналған денсаулық сақтау мекемесінен Күреңбел, Қаратас ауылдарымен қатар Кәріқорған, Қоңыртөбе ауылдарының тұрғындары да ем-дом алады екен. Дәрігерлік амбулаторияның аға медбикесі Салтанат Дулатбай бірінші кезекте мекемеге су қажет екенін айтады. Қызметкерлер тазалыққа қажетті суды алыстан тасымалдауда. Одан бөлек, амбулаторияда бас дәрігердің жоқтығы да жұмыстың жүйелі жүруіне кері әсерін тигізіп отырғаны да жасырын емес. Күреңбел орта мектебі мен балабақшаның да жұмысымен танысқан аудан әкімінің назарына аталған білім мен тәрбие ошақтарындағы проблемалар ұсынылды. Атап айтқанда, Күреңбел орта мектебінің спортзалының едені мен шатыры ауыстыруды қажет етсе, 75 орындық балабақшада да бірқатар ірілі-ұсақты мәселелер бар.
Аудан әкімі ауылдық округке қарасты Қаратас ауылында да болып, ондағы №34 Қаратас негізгі мектебінің жұмысымен танысып, жұмыс барысында кеткен кейбір кемшіліктер бойынша мектеп директоры Аманғали Тұрдалиевке сын-ескертпелер айтты.
Аудан әкімі Нарбай Ергебековтың ауылдық округке жасаған жұмыс сапары Күреңбел ауылдық мәдениет үйінде тұрғындар жиынымен қорытындыланды. Басқосу барысында алдымен Күреңбел ауылдық округінің әкімі Мырзағали Жадыраев ағымдағы жарты жылда атқарған жұмыстары туралы есепті баяндама жасады.
– Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың өкімімен бекітілген жұмыс алгоритмі алдымызға қойып отырған ауқымды мақсат-міндеттердің оңтайлы әрі тиімді іске асырылуына және артылған сенім үдесінен шығуымызға өз септігін тигізетініне күмән жоқ. Осыған орай ауылдық әкімшіліктің мамандары аптасына бір рет елдімекендерді аралап, тұрғындардың жағдайын зерделеу жұмыстарын жүргізіп отыр. Зерделеу жұмыстары барысында барлығы 78 азамат несие алуға, сол арқылы кәсіп ашуға ниет білдірді. Оның ішінде 67 азамат мал шаруашылығын дамытуға мүдделі. Барлығы 408 отбасының тұрмыстық тіршілігі жан-жақты зерделеніп, сауалнама толтырылды. Кездесу жұмыстары әлі де жалғаса беретін болады.
Ауылдық округ бойынша барлық әлеуметтік нысандарға және жеке қосалқы шаруашылықтарға талдау жүргізіліп, елді мекеннің төлқұжаты әзірленді. Ал атқарылған жұмыстарға келсем, Өңірлерді дамытудың-2020 жылға дейінгі бағдарламасы аясында бөлінген қаржыға Қаратас ауылына көше жарығы орнатылды. Осы ауылда жекеменшік әріптестік негізінде медициналық пункттің құрылысы жүріп жатыр. Аудандық бюджет қаражаты есебінен Күреңбел ауылында Бейбітшілік көшесіне орта жөндеу жұмыстары және Күреңбел балабақшасына ағымды жөндеу жұмыстары жүруде,- деді Мырзағали Әділбекұлы.
Ауылдық округ әкімінің есебінен соң аудан әкімі Н.Ергебеков сөз алды. – Күреңбелде шешімін күткен проблемалар бар екеніне жұмыс сапарым барысында көз жеткізіп отырмын,- деді Нарбай Әбілқасымұлы. – Ауылдағы дәрігерлік амбулаторияның қазіргі ахуалы сын көтермейді. Мекемеде су мен интернет мәселесі тағы бар. Қаратас ауылындағы негізгі мектепте де жұмыстар дұрыс ұйымдастырылмайтынын көзімізбен көрдік. Ал, Күреңбел ауылындағы Бейбітшілік көшесіне жасалып жатқан орта жөндеу жұмыстары да кеш басталған. Ауылдық округтің орталығына ауыз су тарту бойынша жасалған барлау жұмыстары да оң нәтиже бермей отыр. Мұның бәрі талап пен тәртіптің жоқтығынан немесе әлсіздігінен орын алып отырған жайттар. Талап болмаған жерде жұмыстың сапасы туралы айтудың өзі ұят. Біз көп ретте мәселенің шешімін бір-бірімізге ысырып қоямыз. Мұндай психологиядан арылуымыз қажет. Ауылда ұзақ жылдан бері өз шешімін күткен проблемалар болса, ол – бәрімізді толғандыруы қажет деп білемін. Сайып келгенде, ауылдық жерлердегі көп істің шешімі ауыл әкіміне келіп тіреледі. Осындайда қай басшы болсын іскерлік пен жауапкершілік танытқаны абзал.
Жиында ауылдық округтің еңбек ардагерлері Жетпіс Көпбаев, Алтынбек Қуанышев қолдағы төрт түлікті асылдандыру, егістік жерлердің құнарлығын арттыру, көлік қозғалысындағы олқылықтарды кеңінен сөз етіп, кейбіреуінің шешілу жолдарын да көрсетіп берді.