Basty bet
«Біздің сүйікті дәрігер» атанған
Адам баласы жер бетіне пайда болғаннан бастап аурудан алыс болмаған. Науқастанған адамның ем алуы үшін дәрігерге жүгінуі жылдар бойы бұзылмай келе жатқан құбылыс. Адамдардың сырқаттануы мен дәрігерлерге деген мұқтаждығының тарихи төркіні тереңде.
Иә, жер бетінде дәрігерлік мамандықтан абыройлы, құрметті мамандық жоқ-ау. Бірақ оның құрметінің салмағы қаншалықты ауыр болса, жауапкершілік жүгі де соншалықты ауыр. Сондықтан кез келген адам ақ халат киіп, ант қабылдап, адам жанын ажалдан арашалай алмайды.
Дәрігер болу үшін науқасқа ем беріп қана қоймай, оның жанын түсінетін, жылы сөзімен дем беретін маман иесі болуың керек. Сонда ғана дәрігер атағын абыроймен алып жүруге мүмкіндік туады.
Оқырмандарға белгілі, бүгінге дейін баспасөз бетіне дертпен күрескен денсаулық сақшылары туралы мақала жариялап келеміз. Ондағы мақсат – ақ халатты абзал жандардың ерен ерлігін көрсетіп, медицина мамандарының жұмысын жұртшылыққа насихаттау.
Осыған орай, біз Т.Дүйсебайұлы ауылдық медициналық пункттің ісін 35 жылдай уақыт жемісті жүргізген ардагер дәрігер Ұлбөбек Түгелбаева туралы әңгімелейтін боламыз. Ол 1952 жылы Түлкібас ауданында дүниеге келген. Осы ауылдағы Абай атындағы орта мектепті тамамдаған соң, жастайынан дәрігер болуды армандаған ол Алматы қаласындағы ғылыми зерттеу зертханасында және Шымкент қаласындағы клиникалық зертханада үш айлық курсты оқиды. Сонымен қатар, Шымкент қаласындағы медициналық училищесінде фельдшер-акушер мамандығы бойынша білім алған.
1978 жылы Жуалы ауданына қарасты қазіргі Т.Дүйсебайұлы ауылының азаматы Қамбар Сейдалиев есімді азаматқа тұрмысқа шығады.
– Жасым 61-ге келгенге дейін ауылдық медпунктте бас фельдшер болып еңбек етіп, 17 баланың кіндік шешесі атандым. Бір жылда орта есеппен алғанда 22 сәби дүниеге келетін. Өзім дәрігер, акушер, тазалықшы болып та жұмыс істеген кездеріміз болды. Жедел жәрдем ауылдық жерлерге келе бермегендіктен, боранды күндері ауырып жатқан науқастардың үйіне жаяу барып, инесін егіп, дәрі-дәрмек беріп, ем-дом шараларын жасайтынмын. Мен бұл жұмысты сүйгендіктен, ешқашан «қиналдым» деген сөз аузымнан шыққан емес. Мектептегі оқушыларға түрлі аурулардың алдын алатын екпелерді де егетін едік. Жаңа туған нәрестелерге, жүкті әйелдерді бақылауда ұстадым.
2005 жылы медпунктте жаңа жұмыс көзі ашылып, Салтанат Қуанышева есімді ауылдың келінін акушер ретінде жұмысқа алған болатынбыз. Жас мамандарды қатарға қосуға барлық тәжірибемді, күш-жігерімді жұмсадым. Қазір олар мені көрсе құрметтеп, сыйлап тұрады. Маған осыдан артық ешнәрсе керек емес,- дейді ардагер дәрігер.
«Қазіргі кез бен кеңес дәуіріндегі жағдай, әрине, салыстыруға келмейді, арасы жер мен көктей. Тәуелсіздік жылдары көптеген денсаулық сақтау нысандары іске қосылды, алынып жатқан заманауи жабдықтар қаншама. Дәрігерлердің алды шетелдерде оқып, білім-білігін жетілдіріп келіп жатыр. Осының бәрі біздің еліміздің өсіп-өркендегенін, соның ішінде денсаулық сақтау ісінің де қарыштап дамығандығын көрсетеді», дейді Ұлбөбек Таубайқызы.
Ауыл тұрғындарының арасында «Біздің сүйікті дәрігер» атанған кейіпкеріміз бүгінде жары Қамбар Сейдалиев екеуі алты ұл-қызды тәрбелеп, өсіріп отыр. Ұл-қыздарынан 18 немересі, төрт шөбересі бар.
Қолда тұратын ұлы Нұриддин ауыл шаруашылығымен айналысса, келіні Арайлым Суанова ауылдағы №28 Амангелді атындағы орта мектепте психолог.
Айта кету керек, халық емінен гөрі, медициналық емді қолдайтын дәрігердің жолын бүгінде немересі Эльвира Манабаева қуып отыр. Ол қазіргі таңда Алматы қалалық №10 емханада санэпидемиолог дәрігер болып жұмыс істейді.
Қазірде қарапайым, елге сыйлы ардагер дәрігер тіп-тік қалпында ауланың алдындағы шаруалармен айналысып, немерелерінің тәтті қылығына сүйсініп отырған жайы бар. Сөйтіп ол көп қимылдаудың адам ағзасына пайдалы екендігін, ұзақ өмір сүруге ықпал ететінін дәлелдеп келеді.
Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»