Basty bet

ТАСҚА ҚАШАЛҒАН ТАҢБАЛАР ТАРИХ ТЕРЕҢІНЕН СЫР ТАРТАДЫ

“Ұлттық жаңғыру” мақаласында түп-тамырымызға, ұлттық болмысымызға терең барлау жасалып, тарихымыздың күрмеулі тұстары кеңінен қамтылып жазылуы көпшіліктің көкейіндегісін дөп басты. Елбасы бұл еңбегінде ұлы даланы, оны мекендеген халықтың арғы-бергі тарихын, салт-дәстүрі мен түрлі кезеңдердегі тұрмыс-тіршілігін, мәдени-рухани жауһарларын әсерлі баяндай отырып, Ұлы дала елінің ұлттық жетістіктерін айдай әлемге тағы да бір мәрте паш етті.

Біздің ата-бабаларымыз ежелден-ақ қоршаған ортамен етене өмір сүріп, ашық аспан астында талай мәдени мұралар қалдырған. Балбал тастарға адам, жартастарға үй жануарлары мен аң бейнелерін көркем етіп қашап жазып қалдырып отырған. Елімізде Аң стилі» өнерінің ежелден дамығаны еліміздің түкпір-түкпірінен табылып жатқан таңбалары тастарда айқын көрініс тауып, мәңгілікке бедерленіп қалғанын да жоққа шығара алмаймыз.
Жалпы күнделікті өмірде күйбең тіршілікпен көп нәрсеге мән бере бермейміз. Әсіресе ауылда тұрса да айналасындағы жер-су атауларына көңіл бөлмейтін азаматтарымыз да жоқ емес. Жуалы ауданындағы Қаратас ауылына барған сапарымда осыны байқаған едік. Ауыл тұрғындарына елеусіз көрінген кейбір дүниелер біз үшін теңдесі жоқтай көрінген сол жолы.
Келтесай петроглифтері
Көп өтпей Келтесайға да келіп жеттік. Аты айтып тұрғандай сайдың адымы қысқа екен. Жон арқасында көкке шаншылған көк тастар көзге түсті.
– Бізге мұнда сақ дәуірінен жеткен тасқа қашалып салынған суреттердің барын оқушы кезімізде-ақ естігенімізбен, бұл маңға арнайы келіп тұрғанымыз осы, – деген Қаратас негізгі мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Думан Қонақбаев қатпар тастар арасын аралап келе жатып. Көп ұзамай ол іздегенін де тапты. Қуанышында шек жоқ.
Сонау сақ дәуірінен жеткен тас бетіндегі суреттер көнере бастапты. Бетін мүк басқан. Жылтыр тастардағы суреттердің көбі көмескіленіп, аң-құстардың бейнелері әрең көрінеді. Тастарға тауешкілердің суреттері қашалып салыныпты. Алайда іздеген суреттеріміздің көбін таба алмадық. Мұндай орынның бірі ауылдың келесі басында екен. Солай қарай бет бұрдық.

Қасиетті Қаратас
Жолбасшыларымыздан ауылдың неге Қаратас аталғанын сұрадық. Олар Қаратастың да өз құпиясы барын айтты. Алдымен соны көрейік деп жолдан сәл ауытқып, ауыл бейітінің қасына келіп тоқтадық. Бейітте жатқан жамағатқа құран бағыштап бет сипадық та, жерге шөгіп бара жатқан алып қара тастарға таяп келдік.
Оның айналасын темір торкөз сыммен төртбұрышты етіп қоршап қойған екен. Ішінде Қаратаудың үш бірдей қара тасы жерге қиғашынан қадалып тұр. Алдыңғысы үлкендеу. Артқы екеуі кішірек. Бейне үлкен тастың күзетшілері сияқты. Бізге дейін біреу келген болуы керек. Қара тасқа ақ орамал жауып қойған. Думан Қонақбаев бұл тастың бала кезінде үстіне шыға алмайтын биік жақпар тас болғанын, қалқасына келіп талай жасырынбақ ойнағанын айтты. Қазір ол жыл санап жерге кіріп, шөгіп бара жатқан сыңайлы. «Қара тастың қашан, қалай пайда болғанын ешкім білмейді. Ауыл тұрғындары бұл тасты «Әулие тас» деп санайды. Ертеректе Арыстан баб әулие келіп осы тастың ығына түнепті-мыс. Сәл әріректе Әулиебастау бар. Оның суын ел ем үшін пайдаланады. Жылда сәуір айының соңында ауыл тұрғындары бастаудың көзін ашып, арнасын тазалайды. Сол кезде су мына қара тастың қасындағы жыраға дейін келеді. Ал жазда суы тасқа сіңіп кетеді», -деді ол.
Думанның айтуынша, Қаратастың киелілігі ығына түнеген Арыстан бабтың бұлақтан дәм татқанынан кейін артқан. Кейбір кісілер мұнда бәйгеге қосатын тұлпарларын әкеліп, жарыстың алдында Қаратасты айналдыра аластап алатынын, бала көтермеген әйелдердің түнеп, құдайы таратып кететіндігін ауыл жігіттерінен естідік. Тіпті, бастаудан алған су да бұзылмай сол қалпы дәмін айлап сақтап тұрады екен. Өкінішке орай бұлақтың басына бара алмадық. Бұлақ бұл арадан 400-500 метр жердегі сайдың қуысында. Оның үстіне қазір суы тартылып қалғандығын айтты жолбасшыларымыз.

Алып қарағаш
Осы арада бағытымыз аяқ асты тағы өзгерді. Ауыл жігіттері сайдың арғы бетінде қалқайып тұрған жалғыз үйдің ауласында адам мүсіні бейнеленген балбал тастың барын айтқан. Бәрімізді де шөл қысып тұрған. Бастауға барайық десек, онда көлік бара алмайды, алыстау. Жігіттер Теріс өзенінің бойында бастау барын айтты. Сөйтіп, Қаратастың қасынан қайта көлікке отырып, өзеннің арғы бетіне жол тарттық.
Теріс өзенінен өтетін жайдақ өткелге таяғанда бастаудан су ішуге тоқтадық. Ол арадан екі бастау көзі бұрқылдап жатыр. Бірін ұйық басқан. Екіншісінен ел су алатын болса керек, қыш құбырды сыналай қағып, бастаудың көзін ашып қойыпты. Содан су сылдырап ағуда. Шөліміз қанғанша су іштік. Шөл қандырып, айналаға көз жібергенімізде таяқ тастам жерден, жолдың арғы бетінде алып қараағашты байқадық. Жақындап барғанда білдік, діңі жуандау екен. Адымдап айналып шыққанымызда діңінің жуандығы сегіз-тоғыз қадам болды. Міне, керемет! Шеңберінің өзі кемі алты метрді құрайды.
Алып бәйтеректің бұтақтары да төрт құбылаға тең түсіп, төрт тарапқа тарамдалып жатыр. Қазақтың «Төрт құбылаң түгел болсын» дегеніндей, мына қараағаштың кереметін қара! Тамыры да төрт тарапқа жайылып, жерге қазықтай қадалған.
Мен «Мынау бір ғажап ағаш екен. Мұндай ағаш дәл қазір ауданда жоқ» дедім іштей. Бірге ілескен ауыл жігіттері де «Шынында да, біз күнде көріп жүрген соң мән бере бермейді екенбіз» деп ағашты айналып, қарап жүр. «Қашан егілді екен? Жетпіс-сексен жыл болған шығар» деп бір-бірінен сұрап қояды. Бұл сұрақтың жауабын өзіміз бара жатқан үйдің иесі біледі екен.

Ауылдағы балбал тас
Діттеген үйімізге де жеттік. Жүргізушіміз Мұрат Әзімханов есіктің алдына барып бір-ақ тоқтатты көлігін. Көліктен түстік. Оңаша төбеге қонған үйдің ауласында қоршау атымен жоқ. Есік алды толған күркетауық, қырғауыл, үйрек пен тауықтың балапандары. Ортасында екі ит жатыр. Ал ауласында бетон плитаға орналастырылған адам бейнесіндегі тас мүсін тұр. Аздап тозған. Адам бейнесі аздап көмескілене бастапты. Бейне қолын кеудесіне жинап алған әйел мүсіні сияқты. Балбал тастың айналасы қашалғаны, сирек кездесетін тас екені көрініп-ақ тұр.
Есік алдынан бізді қарсы алған отағасының аты-жөні Нілдебай Байғонысов болып шықты. Нілдебай ағадан балбал тасты қайдан тапқанын сұрадық. Ол үйінің қасындағы егіс алқабын көрсетіп, «Осыдан ширек ғасырдай бұрын көктемде егін егейін деп жер аудардым. Соқаны тереңірек салып айдасаң, мол өнім алады екенсің деген біреулердің сөзін тыңдап, жер жыртып жатқанмын. Кенет шынжыр табанды тракторымның соқасы бір нәрсеге ілінді де, моторы сөніп қалды. Түсіп, соқа жақты қарасам бір ұзын жіңішке келген тас жатыр. Бетінде лайы баттасып тұр. Жәй тас қой дедім де, былайырақ шығарып тастадым. Далада жатып, жаңбырмен жуылған тасты біраз уақыт өткен соң барып қарасам, одан адамның бейнесін көрдім. Біреудің басына қойылған құлпытас екенін түсініп үйге әкелдім. Әкем осында қой деген соң астына цемент құйып, есік алдына орнатып қойдым», – деді үй егесі.
– Енді оны өлкетану музейіне бер. Ауданда өлкетану музейі ашылған. Мынау деген керемет дүние. Мұндай дүние Жуалыда бұрын-соңды табылған емес. Тарихшылардың қызығушылығын тудырады. Оның үстіне музейде тұрса ел көреді. Халыққа қызмет етеді, – деді сол жерде топ басшымыз, жазушы, мұрағатшы, Қазақстанның құрметті журналисі, марқұм Мақұлбек аға Рысдәулетов.
Нілдебай талай адамның, тарихшылардың сат деп келгенін, ешкімге бермей, әкесінің айтуымен осында орнатып қойғанын айтты. «Осында тұрады, біреудің басына қойылған құлпытасты сатпаймын да, бермеймін. Табылған жерінде тұра берсін. Көретін адам болса, келіп көре берсін», – деді.

Қаратас петроглифтері
Ауыл – тұнған тарих. Соның бір куәсі – балбал тасқа қашалған адам мүсіні. Осы мүсін ауданда жаңа ашылған өлкетану музейінде тұрса ғой, шіркін, тарихшылардың Жуалыға деген қызығушылығын арттырар ма еді дедік іштей.
Сапарымыз одан әрі жалғасты. Біздің қатарымызға Нілдебай аға да қосылды. Жолда бағанағы қараағаштың қасына тағы тоқтап, бұлақ суынан тағы іштік. Қараағашқа қайта жақындадық. Жүргізушіміз бағана онша мән бермесе керек. Енді құлашымен ағашты құлаштай өлшеп, айналып шықты да, «шеңберінің өзі алты метрден асады. Қанша жыл болды екен бұл ағашқа?» деп төбесіне қарады. Жоғарыда үзілген әңгіменің түйінін Нілдебай тарқатты.
– Әкем айтып отыратын, ең алғаш осы жерге Ресейден бір орыс келіп, осы арадан диірмен салыпты. Ол келген жылдар 1880-ші жылдардың іші болуы керек. Бұл ағаш сол кезде отырғызылған. Содан бері жасап келеді. Ешкімге кескізбей, бүлдірткізбей қарайлап отырмын. Мұндай ағаш қазір жоқ. Бұл үш ғасырдың жүзін көрген дарақ қой. Жүз жылдан аса өмір сүріп тұр,- деп көкейдегі сұрақтың түйінін шешіп берді.
Одан әрі Қаратас петроглифтерін көру үшін жотаға көтеріліп, Қауынбай сайға келдік. Бір төбені тұтас алып жатқан жартас бетінен көне суреттер іздегенбіз. Таптық. Аң аулап жатқан барыс, түйе, тауешкілер дейсіз бе, басқа да суреттерді кездестірдік. Оның ішінде таңбалар да бар. Келесі қыраттарда да осындай кескіндемелер мол екен. Бірақ тасқа қашалып салынған көп суреттер көмескіленіп өшуге айналыпты. Оның үстіне жартастың көп жері құлаған. Қаратас петроглифтері орналасқан төбенің өзі желдің өтінде екен. Қазіргі жартастың жай-күйіне қарап, екі мың жылдық тарихы бар суреттерді алдағы уақытта сол күйінде сақтап қалу мүмкін болмайтын сияқты. Соны жүзімізден оқығандай-ақ, жолбасшымыз Нариман Қуанышев: «Тағы болса мына жерден тас алу қиын. Әйтпесе баяғыда-ақ ауыл тұрғындары тасын құлатып, тасып әкетер еді», – деді. Оның да көнеден жеткен мұраның осылай жоғалып бара жатқаны қынжылтқандай.
Сақ обалары
Қауынбай сайды бойлай қырқаларға шығып, басқа тастардан да суреттерді таптық. Әсіресе шашылып жатқан шақпақ ақ тастар жатқан жерде көпшілік аңғара бермейтін сақ дәуіріне жататын бірнеше обаларды көріп, Мақұлбек аға екеуміз таң қалдық. Бір-біріне ұштасып жатқан екі қорғанның айналасы арықпен қоршалған. Онда қойылған тас белгілердің ұштары ғана көрініп тұр. Бір ғана Қауынды сайы қойнауының өзіне талай тарих сырды бүгіп жатқанын ұқтық.
Қаратас сапары талай ойды қозғады. Әлемнің жеті кереметінен кем түспейтін Қаратастың бес кереметі бізді де бей-жай қалдырмады. Енді аспан астындағы сол кереметтерді жоғалтып алмай, сол күйінде сақтай алсақ қой, шіркін! Тарихшылар ол арада зерттеу жүргізсе, талай құнды дүниелерді табатыны анық. Тас дәуірінде салынған суреттер мен сақ обалары Ұлы даланың бізге беймәлім қыры мен сырын ақтарар ма еді, кім білсін?!

Марат Құлибаев,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close