Basty bet
Мал дәрігерлеріне жұмыс істейтін ғимарат жетіспейді
Бүгінгі таңда мемлекеттік қолдаудың әсерінен ауыл шаруашылығына деген бетбұрыс түзеліп, көптеген фермерлік шаруашылықтар, ет және сүт өңдеу кәсіпорындары, мал сою пункттері ашылып жұмыс істей бастады. Міне, «Медицина адамды ғана емдесе, ветеринария адамзатты емдейді» деген тәмсілмен қаруланған сала мамандарының экономикамыздың бір бұрышын көтеріп тұрған мал ауруларына қарсы жұмыстардың жоспарлы жүргізіліп жатқанынан хабардармыз. Жалпы соңғы жылдарда осы салаға көп көңіл бөлінудің арқасында, әсіресе жұқпалы ауруларға қарсы іс-шаралар жүйелі атқарылуда. Осы бағытта нендей іс-шаралар қолға алынып отырғаны туралы «Жамбыл облысы әкімдігінің ветеринария басқарамасының Жуалы ауданының ветеринария станциясы» ШЖҚ КМК директоры Ғабитбек Кебеевпен сұхбаттасқан едік.
– Ғабитбек Ақылбекұлы, қажырлы еңбекті талап ететін мал шаруашылығы саласы тұрақты дамытудың шешуші факторлары – шаруашылықтарды білікті ветеринарлық мамандармен қамтамасыз ету және аса қауіпті індеттердің алдын алу болып табылады. Дегенмен бүгінгі таңдағы аудандағы ветеринариялық ахуал қандай?
– Ветеринария саласының негізгі қызметі – аса қауіпті жұқпалы аурулардың алдын алу, ауруларды диагностикалау, малдан алынатын тамақ өнімдері мен шикізаттардың адам өміріне қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Осы мақсатта жоспарланған іс-шаралар жоспарлы атқарылуда. Сондай-ақ аудан көлемінде ветеринариялық қауіпсіздікті сақтау мақсатында жануарлардың аса қауіпті ауруларының алдын алу бойынша вакцина егу және диагностикалық ветеринариялық іс-шаралар жыл басында бекітілген жоспарға сәйкес жүргізілуде.
Өңірде ветеринариялық іс-шараларды 14 ветеринариялық пункті бар 1 ветеринариялық станция атқару үстінде. Бұл мекемелерде арнайы орта және жоғарғы білімді 83 ветеринар маман жұмыс істейді. Олар мемлекеттік тапсырыс бойынша қан сынамаларын алып, ветеринариялық зертханаға жеткізу, жануарларға вакцина егу жұмыстарын орындайды. Сонымен қатар олар халыққа мал емдеу, залалсыздандыру, ота жасау тәрізді ақылы қызмет түрлерін, ветеринариялық анықтама рәсімдеу, ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру, бірдейленген мал туралы үзінді көшірме беру тәрізді мемлекеттік қызмет түрлерін де көрсетеді.
Аудандық ветеринариялық нысандар бойынша 1 мал сою пункті жұмыс істейді. Мал өлекселерін залалсыздандыратын 4 биотермиялық шұңқыр, мал өлекселерін өртейтін 1 стационарлы, 1 жылжымалы, барлығы 2 инсинератор іске қосылған.
Өңірде 45 сібір жарасының ескі қорымдары бар. Олардың барлығының картасы жасалып, автоматтық жүйеге енгізіліп, талапқа сай қоршалған. Жыл сайын топырақ сынамалары алынып, зертханада тексеріліп тұрады. Бүгінге дейін ауру қоздырғышы анықталған жоқ, айналасына қауіп төндіріп тұрған жоқ. Аудандағы эпизоотиялық жағдай тұрақты.
– Ауыл шаруашылық жануарларын бірдейлендіру жұмыстары туралы айтып өтсеңіз.
– Бірдейлендіру бойынша іс-шаралар тұрақты түрде мал иелерінің өтініші негізінде жүзеге асырылады. Мүйізді ірі қара мен ұсақ мал төлдегеннен кейін 7-10 күн аралығында мал иесі мал дәрігеріне қайырылып, ол төлді сырғалатуы тиіс. Ал жылқы төлі 4 айға дейін бірдейлендіруге жатады. Бірдейлендіру рәсімі құлақ жапсырмасын сала отырып, деректер базасына енгізіліп, мүйізді ірі қара мен жылқының әр басына, қой-ешкі мен доңыздың тобына ветеринариялық төлқұжат беріле отырып жүргізіледі. Сырғалар тегін, жылқы чиптері ақылы түрде салынады. Ветеринариялық төлқұжат тегін беріледі.
Шілде айының 29 жұлдызында ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру деректер қорында 57 302 бас мүйізді ірі қара, 284 000 бас қой-ешкі, 16 000 бас жылқы, 179 бас доңыз тіркелді.
– Ауыл шаруашылығы саласын дамытуда түрлі бағдарламалар қабылданып, осы бағдарламаларда ветеринарияны дамыту, жоғары сапа стандарттарына қол жеткізу, азық-түлік өнімдерінің қауіпсіздігі мәселелері ерекше орын алады. Осыған орай сіздердің тараптарыңыздан мал ауруларына қарсы қандай іс-шаралар ұйымдастырылуда?
– Ағымдағы жылы мемлекеттік тапсырысқа сәйкес жануарлардың аса қауіпті 14 түрлі ауруына қарсы вакцина егу, 2 аурудың түрі бойынша аллергиялық тексеру және мал арасынан 25 түрлі жұқпалы ауруларды анықтау бойынша диагностикалық іс-шаралар жоспар бойынша орындалды. Ағымдағы жылдың 7 айында жоспарланған түйінді дерматит ауруына 41 200, аусылға 48 400 бас мүйізді ірі қара мен 255 700 бас қой-ешкіге, сол сияқты қарасан 27 300, туберкулин 47 500, Сібір жарасы 50 500 бас мүйізді ірі қара мен 233 мың қойға, 75 шоқаға, 12 мың жылқыға вакцина салынды. Сонымен қатар құс тұмауының алдын алу үшін 110 мың бас құсқа, 25 мың бас қой-ешкіге оба мен 82 500 бас қойға пустулездік дерматит вакциналары егілді.
Бұдан бөлек, энзоотиялық арулары бойынша 46 мың бас мүйізді ірі қара тейлериозға қарсы вакциналанды. Диагностикалық іс-шараларға тоқталатын болсақ, бруцеллезге қарсы 27 758 бас мүйізді ірі қарадан және 89 382 бас қой-ешкіден қан сынамасы алынды. Бруцеллез ауруына оң нәтиже 32 бас көрсетті. Оның 14-і мүйізді ірі қара болса, 18-і уақ мал. Бруцеллезге оң нәтиже көрсеткен МІҚ мен уақ мал Б.Момышұлы ауылындағы мал сою пунктінде санитариялық талапқа сай сойылуда.
– Өзіңіз басқарып отырған салада шешімін күткен қандай мәселелер бар?
– Жұмыс болған соң шешімін таппаған мәселелер де бар. Қазір сол бойынша жұмыстар атқарудамыз. Атап айтсақ, Көкбастау, Күреңбел, Б.Момышұлы ауылдық округтерінде ветеринариялық пункттардың ғимараттары жоқ. Б.Момышұлы ауылдық округіне уақытша қаңғыбас иттерді ұстайтын питомник, Билікөл ауылдық округіне беккери шұңқырын салу жоспарға қойылған.
Аталған нысаналы индикатордың орындалуын Ветеринария туралы Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 10 шілдедегі N 339 Заңы 10-бабы аталғандай: 4-2) мал қорымдарын (биотермиялық шұңқырларды) салуды, реконструкциялауды ұйымдастыру және оларды күтіп-ұстауды қамтамасыз ету; 4-9) жануарларды аулауды, уақытша ұстауды және жансыздандыруды ұйымдастыру; Облыстардың жергілікті атқарушы органдары құрған мемлекеттік ветеринариялық ұйымдарды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қызметтік үй-жайлармен қамтамасыз ету; Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарының құзыретіне жатқызылады,- делінген.
Ауданда мал санының 30-40 пайызын Билікөл ауылдық округі құрайтын болғандықтан, ветеринариялық станция 2019 жылы Билікөл ауылдық округіне биотермиялық шұңқырды соғуға құжаты әзірленіп, өтінім жасалынған. Алайда осы күнге дейін құжаттар қаралмаған, жауабы берілген жоқ, қаражаттың болмауына байланысты жылда кейінге қалдырылып келеді. Ауданнан қаңғыбас иттерді уақытша ұстайтын орынның жері анықталған, құжаттары әзірленбеуде. Осы жұмыстар алдағы уақытта шешімін тауып жатса, мамандардың жұмысы бұрынғысынан да жеңілдей түскен болар еді.
– Әңгімеңізге рахмет.
Сұхбаттасқан
Марат ҚҰЛИБАЕВ,
“Жаңа өмір”