Basty bet

Мені елге танытқан кәсібіме деген адалдығым!

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына арналған Жолдауы бізді, әсіресе жеке кәсібін ашып, ауыл азаматтарын жұмыспен қамтып отырған жастарды жігерлендіріп отыр. Жалпы, өзім тұратын Шақпақата ауылы аудандағы үлкен елді мекеннің бірі. Мұндағы жұрттың негізгі күн көрісі егіншілік пен мал шаруашылығы. Өзім сияқты кәсіпке бет бұрып, еңбек етіп, табыс тауып жүрген жастар ауылда аз емес.
Еңбек мені есейтіп, елге танытты. Еңбектің арқасында жағдайымды түзеп, отбасымды асырап отырмын. Қайырымды істерден де тыс қалып жатқан жоқпын. Ауылдың игілігі үшін атқарылып жатқан шаруаларға қолдау, демеушілік көрсетіп жүрмін.
Осыдан төрт-бес жыл бұрын үйдің жанынан ағаш тілу және темір дәнекерлеу цехтарын аштым. Бүгінде цехта он адам жұмыс істейді. Алдыңғы жылы кәсібімді кеңейтіп, шеге шығару цехын да ашқан болатынмын.
Бастапқыда жұмысымыз жақсы жүрді. Сол сәтте цехта тәулігіне 70 және 150 миллиметр мөлшермен 3 тоннаға дейін шеге өндірдік. Бірақ ол цехтың жұмысы қазір уақытша тоқтап тұр. Бұл жұмысты одан әрі жүргізуге шикізат тапшылығы себеп болды. Алда оны қайта жандандыру жоспарымда бар.
Бүгінгі таңда облысымыздың орталығы Тараз қаласы мен аудандарында шеге шығаратын цехтың жоқтығын ескерсек, менің бұл бастамам сол кезде тың кәсіпке түрен салғанмен бірдей болды. Байқасақ, өңірімізге шеге өзге облыстардан, тіпті, шет елдерден әкелінеді екен. Менің бұл кәсіп түрін ашудағы мақсатым – өзімізден шығып жатқан темір-терсекті өңдеп, отандық өнімді дамыту болатын.
Шақпақата ауылын бұрын Алматы-Ташкент тас жолы қақ жарып өтіп жатқан тұста жол бойынан сауда нүктелері, жанар-жағармай бекеттері мен басқа да халыққа қызмет көрсету орталықтары ашылып, арлы-бері ағылған көліктер мен жолаушыларға өз қызметін ұсынатын. Бұл өз кезегінде ауылдың да әл-ауқатын арттырғаны белгілі. Алайда «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» көлік дәлізі салынып, пайдалануға берілген тұста ауыл кәсіпкерлері абдырап қалғаны рас. Өйткені бұрынғысынша ауыл ішімен арлы-берлі ағылып жататын көлік ағыны сап тыйылған. Енді, міне, ол тығырықтан өзінше жол тапқан ауыл кәсіпкерлері жаңаша жұмыс істеуде. Қуанарлығы сол, олардың қатарында жастар жағы көп.
Қазір өзге цехтарда жұмыс қызу жүргізілуде. Ағаш тілу цехында құрылысқа қажетті ағаштар тілініп, тақтайлар әзірленуде. Ал дәнекерлеушілер темірден шарбақтар мен ошақтар, басқа да заттар жасап шығаруда. Былтыр темір ұсталары жер жыртатын соқа құрастырды. Оны ауылдың диқандары бізден алып пайдалануда. Ертеңгі күнге деген сеніміміз мол. Басты мақсатымыз – кәсібімді кеңейтіп, жұмысшы санын арттыру.
Кәсіпкерлердің жұмыс істеуіне түрлі кедергілер мен тескерулердің бары рас. Бұл мәселе де Жолдауда орынды көтерілген. Бұл ең алдымен ауылда тұратын еңбек адамдарына, кәсібін жаңа ашқан кәсіпкерлерге зор мүмкіндік береді.
Алға қойып отырған мақсатымыз көп. Мақсатыма жету үшін жұмыс істеймін. Мемлекеттің қолдауын сезіне отырып, жұмыс атқарып, ауыл, аудан тұрғындарының сұранысын қанағаттандырсам деген ойым бар. Ендігі жерде өндіріс көлемін арттырып, жұмысшы санын арттыруды көздеп отырмын.

Еламан ПЕРНЕШОВ,
жеке кәсіпкер.
Шақпақата ауылы

Таңдаулы материалдар

Close