Basty bet

Ерекше жандар еленген күн

Кеше аудан әкімі Жалғас Мұртаза аудандық мәдениет үйінде 13 қараша – Халықаралық зағиптар күніне орай аудандағы зағип жандарды қабылдады.

-БҰҰ-ның Бас Ассамблеясының шешімімен 1992 жылы 13 қараша Халықаралық зағиптар күні болып белгіленген,- деді аудан әкімі құттықтауында. – Бұл күн Францияның астанасы Парижде және Петербургте зағиптарға арналған бірнеше мектептің негізін қалаған, танымал француз тифлопедагогы Валентин Гаюидің дүниеге келуімен белгіленген.
Биыл “Қазақ соқырлар қоғамы” қоғамдық бірлестігіне 85 жыл толып отыр. Аталған бірлестіктің аудандық филиалында 55 адам тіркелген. Олардың 16-ы І топтағы мүгедектер санатына кірсе, 14-і ІІ топтағылар.
Мүгедек жандарға көмек көрсету – еліміздегі мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Биыл ауданда 10 адам шипажайлық-курорттық емделуге жолдама алса, 9 адам түрлі салада жұмыс істеуде, 8 адам мемлекет тарапынан мүгедектігіне байланысты түрлі көмектер алады.
Ауданда зағип жандардың өмір сүру сапасын жақсарту және ауданның қоғамдық, мәдени өміріне белсене қатыстыру, шығармашылық қабілеттерін арттыруға мүмкіндік беру, көзі көрмесе де асыл сөздің мәнін білетін жандарға осындай шараларды ұйымдастыру арқылы қуаныш сыйлау жұмыстары тұрақты жүргізіледі.
Сондай-ақ, аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің көзі көрмейтін және әлсіз көретін бөлімінде 14 оқырман тіркелген. Бөлім тарапынан дауыстап оқып беру, кездесулер өткізу сияқты зағип жандарға арналған біршама мәдени, қайырымдылық шаралары ұдайы өткізіледі.
Бүкіл қоғам болып мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдау – баршамыздың міндетіміз,- дей келіп Жалғас Әлижанұлы тағдырдың сынына мойымай, нұрлы кеудесінің күш-жігерімен еңбек етіп, өмірге деген құлшынысымен айналасына үлгі бола білген жандарға амандық, отбасыларына жақсылық, елімізге ынтымақ, бірлік тіледі.
Сонымен бірге мерекеге орай ықылас сыйын тапсырды.
Сөз кезегін алған “Қазақ соқырлар қоғамы” қоғамдық бірлестігінің аудандық филиалының төрағасы Айдар Қаңтарбаев ауданнан қоғамдық бірлестіктің филиалы ашылғалы зағип жандарға қайырымдылық жасаған барша жомарт жандарға, мерекеге орай арнайы қабылдап, көңіл бөлгені үшін аудан басшылығына және мәдени демалыс сыйлаған аудандық мәдениет үйі мен кітапхана қызметкерлеріне алғысын білдірді. Сондай-ақ, қоғамдық бірлестіктің атынан зағип жандарға сый-сияпаттар тапсырды.
Мәдениет үйінің өнерпаздары әуезді әнмен кездесудің ажарын аша түсті.

Перизат Шымыртайқызы,
“Жаңа өмір”

Таңдаулы материалдар

Close