Basty bet
Келешектегі кемел білімді игерудегі тың бастамалар иірімі
Жаңа оқу жылының алдында білім саласындағы өзекті мәселелерді талқылап, парасат пен кемел білімнің көкжиегін айқындайтын білім қызметкерлерінің дәстүрлі тамыз мәслихаты қарсаңында аудан педагогтары мен оқушыларына, ата-аналарға аудандық газет бетінде сөз арнауды жөн санап отырмын. Бүгінгі күннің өзекті мәселесі баршамызға білім берудің аса маңызды бағдарлары жөнінде жан-жақты пікір алмасуға, келешекте атқарылар мақсат-міндеттерді белсене саралап, бағамдауға мүмкіндік береді. Мұндай ашық үнқатысу алаңы – ауданның білім беру жүйесін сапалы деңгейге көтерудің, әрі бәсекеге қабілеттілікті қалыптастырудың бірден-бір маңызды шарты. Баршамыз үшін танымы мол тәрбиешінің, үлгі тұтатын ұстаздың орны қашанда бөлек.
Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей, «Білім жүйесінің жаны да, жүрегі де, тірегі де – ұстаз». Аудан ұстаздары, Сіздер берген сапалы білім – жарқын болашақтың кепілі. Адамдықтың мейірбандылық, қайырымдылық, тәрбие секілді ізгі қасиеттерін, даланың дарқандылық, кеңпейілділік, бабамыздың отансүйгіштік, өз тамырын, мәдениетін және рухын қастерлеу қасиеттерін шәкірттің жүрегіне дән қылып егетін де ұстаз. Біздің бұрынғы өткен игі жақсыларымыз: «Өмір теңіз болса, мұғалім оның маржаны», «Дүние дәрия болса, мұғалім оның қармағы» деп бекер айтпаған.
Мемлекеттің қарқынды дамуы ұстаздардың білімі мен білігіне тікелей байланысты. Мұғалімнің сапалы білімінің астарында саналы ұрпақ, білікті маман, ұлтжанды азамат, белсенді қоғам, қайырымды халық, берекелі Ел жатыр. Сіздер мемлекеттің білімі мен тәрбиесінің бесігін тербетіп отырған қадірлі қауымсыздар! Білімнен бөлек, ақпаратпен алысқан мына қоғамға ұстаздың тәрбиесі ауадай қажет. Өзгенің баласын өз баласындай тәрбиелеп отырған құрметті ұстаздар қауымы, Сіздерге Алғыстан басқа айтарымыз жоқ.
Алаштың ардақты азаматы Әлихан Бөкейхановтың: «Ұлтқа қызмет білімнен емес, әуелі мінезден» деген мінсіз сөзі бар. Ұрпақтың мінезін қалыптастыруда бізге бүгінде дарынды ұстаздар керек. Дарынды ұстаз – қасиеті мен білімінің арқасында шәкірттерінің жүрегін жаулаған, заманауи ілімді меңгерген кәсіби маман. Қасиеттің астарында біліммен қоса сабыр, төзім, шыдам, үлкен мейірім мен рух жатыр. Ұрпаққа білім беру, әрине, маңызды, дегенмен оның тәрбиесіне де көп көңіл бөлу қажет. Өкінішке орай, қазіргі таңда ұрпақтың мінезі ұсақталып барады. Сол себепті, бізге бүгінде ірі мінезді ұрпақ қажет, құрметті ұстаздар!
Жапон Премьерінің: «Жапонияны бәсекеге қабілетті ел қылу үшін, біз мұғалімге императордың абыройын, Елшінің иммунитетін, бизнесменнің айлығын бердік», – деген пікірі біздерге үлкен ой салды. Осы орайда, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың мұғалім мәртебесін еліміздегі басым бағыттардың бірі ретінде атап өтуінің өзі ұстазға деген құрметтің белгісі. Осы мақсатта ҚР Үкіметіне мұғалімнің жалақысын төрт жылдың ішінде екі есеге арттыруға тапсырма берілді. Мемлекет басшысының ұстаз беделін арттырудағы тапсырмасы аясында аудандық білім бөлімі келесі жылдары қосымша шараларды іске асыратын болады.
Ардақты ұстаздар, Сіздерді санаулы күндерден кейін басталатын жаңа оқу жылымен шын жүректен құттықтай отырып, қоғамның алға дамуы көзі ашық, көкірегі ояу, білімді азаматтардың көптігінде екенін айта отырып, мемлекетіміздің дамуындағы құрал мен қоғамның бар тетігі Сіздердің қолдарыңызда екендігін баса айтқым келеді. Білімді ұрпақтың көп болуы, мұғалімдердің маңдай тері мен еңбегінде жатыр.
Сіздерге марапатты сөздерді білім бөлімінің тарапынан жаудыра отырып, биылғы жаңа оқу жылының басты жаңалықтары мен негізгі ерекшеліктерімен осы газет форматындағы диалогта бөліскім келеді. Негізгі ерекшеліктер мен жаңалықтар:
1. Мұғалімдердің жалақысы 4 жылдың ішінде екі есеге өсіріледі. Бұл базалық лауазымдық қызметақымен (БДО) есептелінбейді. Нақты алып отырған айлық мөлшерімен есептелінеді, яғни 140 мың теңге 270 мың теңге көлемінде өсетін болады. Мұнда еңбек өтілі мен аттестациялық дәрежесі барынша қаралған.
2. Ауыл және қала мектептерінің білім берудегі айырмашылығын, мемлекеттік білім беру стандартын, білім сапасын, оқу бағдарламасын меңгерудегі ерекшеліктерін, әлеуеттік мүмкіндіктерін тең қылу. Білім беру ауыл мен қалаға бөлінбей шекарасыз шекте болады.
3. Ұлттық бірыңғай тестілеу электрондық пішімге көшіріледі. 2020 жылғы аудан түлектері 11 жыл бойы алған білімін электронды нұсқамен компьютерде тапсыратын болады. Сонымен бірге ҰБТ пішімі, талабы өзгереді.
4. Студенттер өзге жоғары оқу орнына ауысқан жағдайда мемлекеттік білім беру гранты сақталады. Мәселен, Тараз мемлекеттік университетінде оқып жүрген студент Алматыдағы мемлекеттік ұлттық университетіне ауысып оқи алады. Мемлекеттік білім гранты студентпен бірге ілесіп жүреді.
5. Мектеп оқушылары оқулықтарды өздерімен бірге алып жүруге міндетті емес. Оқулықтарды мектепке қалдырып кетуге немесе оқулықтардың электронды нұсқасын алып пайдалануына құқылы. Осы мақсатта білім мекемелерінің сынып кабинеттерінде оқушылардың құлыптанатын қойма камералары қарастырылатын болады.
6. Оқушылар мен мұғалімдерге жекелеген Жұмыс дәптерін арнау міндетті емес. Жай дәптердің өзі жеткілікті. Бұл оқушыларға барынша шағармашылық бағыттағы жұмысты игеруге, пәндердің кіріктірілуіне еркіндік беріледі.
7. Балабақшаға бөбектерді қабылдау екі жастан басталады. Бұрын балалар балабақшаға үш жастан бастап қабылданатын.
8. Ұстаздарға жұмыс күні бес күндік болып белгіленеді. Сенбі және жексенбі күндері пән мұғалімдерінің тынығуы мен шығармашылықпен жұмыс істеуіне бағытталып отыр.
9. Оқушылардың білім сапасын бағалауда смайликтермен белгілеп, түрлі криптограммалық белгілермен бағалаудан бас тартылатын болады.
10. Білім мекемелерін қаржыландыру оқушылардың жан басына шаққандағы қағидатпен қолға алынады. Бұл дегеніміз ұстаздардың жалақысы, мектеп әкімшілігінің мөлшерлік айлығы, мектептің коммуналдық шығыны (газ, жарық, су, әжетхана, инфрақұрылым), оқушылардың оқулық-хрестоматиясы, қосымша қызметтегі мамандар (еден жуушы, мектеп қарауылы, аула сыпырушы, электрик т.т.) жалақылары мектептегі оқушыларға бөлінген республикалық бюжеттен қаржыландырылады. Бүгінгі күні ҚР Үкіметі бір балаға бір жылға 480 мың теңге мөлшеріндегі қаражатты белгілеп отыр.
Жаңа оқу жылындағы негізгі іргетасты өзгерістің бірі – оқушылардың апталық жүктемелерін жеңілдететін жаңа Үлгі оқу жоспарының қабылдануы. Бұл өзгеріс Білім және ғылым министрлігінің тарапынан қанатқақты жоба есебінде республиканың біраз мектептерінде өткен оқу жылында жүргізілген болатын. Жүктеме орташа есеппен 4 және 4,5 сағатқа оқушылардың апталық жүктемесі есебінен қысқарады, міндетті сағаттар мен пәндер таңдау сағаттарына алмасады.
Бұл мектеп әкімшілігі мен мектеп ұжымынан шығармашылық жаңалық пен инновациялық қадамды талап етеді. Осы себепті республика деңгейінде басталған жаңа үлгі оқу жоспарына көшу аудандық білім бөлімінен үлкен қажыр мен қайрат жұмсауды қажет етеді. Жаңа үлгі оқу жоспарына көшу жаңа апталық жүктеме, жаңа мемлекеттік стандарт, міндетті пәндер сағатының қысқаруы, пәндердің жаңа үрдісте оқытылуы, көптеген авторлық бағдарламалар жазылып, бейіндік бағдарламалар қорғалып, педагогикалық ұжымда штат саны бірліктермен оңтайландырылады.
Білім мекемелеріндегі 2019-2020 жаңа оқу жылындағы оқу жұмыс жоспарының жасалып, жабдықталуы тікелей мектеп директорларының жауапкершілігімен жүргізілуі міндеттеледі. Сонымен бірге мектеп компонентіндегі 30 сағат, оқушы компонентіндегі 11 сағаттық жүктемелердің тақырыптық атауларының, мазмұндық құрылымдарының мемлекеттік білім стандартындағы бағдарламаларды қайталамауы, сабақ құрылымының дұрыс болуы, сабақ әзірлемелерінің жабдықталуы, нормативтік актілермен бірізділігінің болуы биылғы оқу жылында қатаң бақылауға алынып, тексерілетінін айтқым келеді.
Жаңа оқу жылындағы оқу жұмыс жоспары білім мекемелері тарапынан 2019 жылдың 3 қыркүйегіне дейін мектептерде жасалып, жабдықталып, оқушы компоненті мен мектеп компонентіндегі сағаттар білім бөлімімен келісіліп, мақұлдануы керек. Мұны айтып отырған себебім, өткен оқу жылындағы 22 білім мекемесін зерделеу кезіндегі кеткен кемшіліктерді қайталамау, олқылықтар орнын болдырмау.
Сонымен бірге биылғы оқу жылында жаңартылған білім беру мазмұнындағы үрдіске бастауыш, негізгі буын және орта білім беру сатыларының 9 және 10 сыныбы көшті. Тек 11 сынып қана ескі сабақ беру үрдісінде. Сол себепті мектеп әкімшілігі мен ұстаздарынан ата- ана сеніп тапсырған оқушылардың сапалы білім алып, кемел біліммен келешекке қол жеткізуіне үлкен жауапкершілікпен қарауды баса айтып тапсырамын.
Ауданымыздың әр жеткіншегінің өсіп-жетілуіне сіздердің қосар үлестеріңізді бір сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Расында да, жас ұрпақты тәрбиелеуде Сіздердің қолдарыңыздағы билік пен күш орасан зор. Ел ертеңi – бiлiмдi жастар десек, еліміздің болашағы сіздердің қолдарыңызда.
Қазіргі таңда уақыттың тапшы, әрбір сәттің аса қымбат екендігін сіздер жақсы түсінесіздер. Алда қарбалас жұмыс, алмағы мен салмағы зор, керегі мен берері мол оқу кезеңі таяп келеді. Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Біз қазіргі заманның жаңаша талаптары мен үрдістеріне әрқашан сай болуымыз керек» деп баршаңызға үлкен сенім артып отыр. Сондықтан, сарылып күткен оқушы жастардың қарымын қанаттандырып, жаңа жүйедегі тың өнімдермен жасақтауға ауданымыздың әрбір ұстазы мен әрбір білім ордасы қай жағынан алса да дайын деп сенемін.
Халқымыздың мәртебесін биікке көтеріп, мерейін тасытар дарынды шәкірттер тәрбиелеп, табыстан-табысқа жете беріңіздер!
Баршаңызға қажырлы қайрат пен береке тілеймін!
Мәжит Айжанов,
аудан әкімдігі білім бөлімінің басшысы