Basty bet

Аймақтық БАҚ-тардың әлеуеті арта түседі

Аудандық «Жаңа өмір-Новая жизнь» газетінің бағдарламаны насихаттаудағы үлесі аталып өтті

Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің «Баласағұн» музейінде Жамбыл облыстық «Рухани жаңғыру» жобалық офисінің қызметкерлері мен аймақтық БАҚ өкілдеріне арналған екі күндік оқыту семинары өтті. Семинардың ашылу салтанатында сөз сөйлеген облыс әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Дауыл Бейсенқұлов «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өңірде жергілікті мемлекеттік атқарушы органдар, мүдделі ұйымдар мен БАҚ-тар алдында бірлесіп атқаратын аса ауқымды істердің тұрғанын, бағдарлама іске асырыла бастаған аралықта мұндай ауқымды іс-шараның тұңғыш ұйымдастырылып отырғанын атап көрсете отырып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Әрі қарай сөз тізгінін алған облыстық «Рухани жаңғыру» жобалық офисінің басшысы Серікбол Берікқожа бағдарламаның басым бағыттары мен арнайы жобалары туралы баяндама жасады. Оның айтуына қарағанда, облыстық «Рухани жаңғыру» жобалық офисі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалаларынан туындайтын мақсаттар мен міндеттерді 13 арнайы жобаға топтастырып, іске асыруда. Бұған жергілікті атқару органдарымен қатар бейінді министрліктер, ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері, республикалық және өңірлік деңгейдегі БАҚ-тар тартылған.
– Жобалық офис іске асыратын алғашқы арнайы жоба «Қазақ тілін латын графикасына кезең-кезеңмен көшіру» деп аталады. Оның мақсаты – латын графикасы негізінде қазақ тілін пайдалануға кезең-кезеңімен көшуді қамтамасыз ету болса, міндеттері латын графикасына көшу процесін ұйымдастыру-әдістемелік қамтамасыз ету, кириллицадан латын әліпбиіне қайта кодтау бағдарламасының жалпыға қолжетімділігін және жаппай енгізілуін қамтамасыз ету, білім беру ұйымдары арасында қазақ әліпбиінің латын графикасына кезең-кезеңімен сынақтан өткізу, қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру аясында филологтардың біліктілігін арттыру болып табылады, – деді баяндамашы.
Келесі «Жаңа гуманитариялық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» арнайы жобасы үздік әлемдік үлгілер бойынша студенттердің мемлекеттік тілде білім алуына жағдай жасау мақсатын көздесе, әлеуметтік-гуманитариялық саладағы 100 жетекші оқулықты қазақ тіліне аудару, аударылған оқулықтарды рецензиялау жөніндегі сараптау комиссиясын ұйымдастыру, терминологияны жетілдіру, мемлекеттік тілдегі терминдердің көлемін ұлғайту, сондай-ақ олардың танымалдығын арттыру, білім беру ұйымдарын, кітапханаларды жоба аясында шығарылған оқулықтармен қамтамасыз ету міндеттері іске асырылуы тиіс.
«Туған жер» арнайы жобасының мақсаты – қазақстандықтарды шынайы патриотизм сезімін тәрбиелеу, мақсаттары білім беру, экология және абаттандыру саласында өлкетану жұмыстарын ұйымдастыру, өңір тарихын зерделеу, жергілікті ауқымдағы мәдени-тарихи ескерткіштер мен мәдени объектілерді қалпына келтіру болып табылады. «Қазақстанның киелі жерлері географиясы» және «Қазақстанның 100 жаңа есімі» арнайы жобалары тарихи және мәдени ескерткіштерді, қасиетті орындарды сақтау, қалпына келтіру, насихаттау, қазіргі Қазақстанды бейнелейтін табысты адамдардың өмірі және еңбек жолдарын, олардың түрлі қызмет саласындағы жетістіктерін паш ете отырып, басқаларға үлгі ету мақсаттарын діттейді.
Арнайы жобалардың ішіндегі «Ұлы даланың ежелгі өнер және технологиялар музейі», «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы», «Тарихтың кино өнері мен телевизиядағы көрінісі» атты арнайы жобалар Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласын іске асыру мақсатында енгізілген.
Аталған арнайы жобаларды іске асыруға аймақтық БАҚ-тарды тартудағы мақсат – ұлт тарихы мен мәдениетін жан-жақты насихаттаумен қатар, замандар қатпарынан жеткен бабалар мұрасын сақтау, оны жұртшылыққа жеткізу, жас ұрпақтың бойына мақтаныш сезімін ұялату болып табылады, – деді Серікбол Берікқожа.
Баяндамадан кейін семинарға қатысушылар екі секцияға бөлінді. Бірінші секцияға облыстық «Рухани жаңғыру» жобалық офисі жобаларды дамыту бөлімінің басшысы Бақытжан Құтжан, екінші секцияға жобалық офистің қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы Айдын Олжабаев модераторлық етті. Секциялар жұмысы барысында республикалық және аймақтық БАҚ-тарда Елбасының «Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалаларының іске асырылуын ақпараттық сүйемелдеу бағытында Жуалы аудандық «Жаңа өмір-Новая жизнь» газетінің рөлі мен маңызы кеңінен атап көрсетілді. Басылым жыл басынан бері аталған тақырыптарда түрлі сипаттағы 176 мақала жариялап, облыс аудандары арасында Тараз қаласынан кейінгі екінші орынды иеленген.
Оқыту семинарының екінші күні қатысушылар облыстың «Киелі жерлер географиясына» енген «Көне Тараз» мәдени-тарихи кешеніне, Қарахан, Айша бибі, Бабаджа хатун кесенелеріне, «Төрткөл» кешеніне, сондай-ақ Тараз қаласындағы «Жеңіс» саябағына топсаяхатқа шығып, олардың тарихы мен сәулетіне, безендірілу стиліне қанықты.
Семинар барысында садақ тарту, ләңгі тебу, арқан тартысы секілді ұлттық ойындардан сайыстар ұйымдастырылып, жеңімпаз қатысушылар мен командаларға шараның ұйымдастырушысы – облыстық «Рухани жаңғыру» жобалық офисінің тарапынан Алғысхаттар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.

Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close