Basty bet
Тұрмыстық улы газдан сақтаныңыз!
немесе жеке тұрғын үй секторларында сақтық шаралары күшейтілуі қажет
Қазіргі уақытта тұрмыстық газ күнделікті өмірде кеңінен қолданылады. Оны магистральды құбыр арқылы тұрғын үйге тартып, үй ішіндегі газ плиталарында және суды жылыту үшін газ колонкаларында қолдануға болады. Тұрмыстық мақсатта қолданылатын газдың екі түрі болуы мүмкін: баллондағы сұйытылған газ және қалалық магистральдық газ. Тұрмыстық газдың түсі де, иісі де жоқ, бірақ оның ағып кетуін анықтау үшін оған ерекше иісі бар арнайы заттар қосылады.
Газ аспаптарымен қауіпсіз жұмыс істеу қағидаларына тоқталатын болсақ, газдың ағуы адамның улануына және бөлменің жарылуына әкеліп соғуы мүмкін. Бұған жол бермеу үшін тұрмыстық газды пайдалану кезінде қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтаудың қажеттілігі аса маңызды.
Ал бұл мәселе туралы әңгіме қозғамас бұрын біз өз өңіріміздегі тұрғындардың табиғи газбен қамтылуы туралы айтуды да жөн санап отырмыз. Қазіргі таңда соңғы есеп бойынша ауданда барлығы 49 елдімекен болса, соның 40-тан астамы магистральды табиғи газ құбырына қосылған. Демек, қазір таулы өңірдің басым бөлігі көгілдір отынмен қамтамасыз етілген деген сөз. Ал соңғы үш-төрт жылдың бедерінде ауданға қарасты Күреңбел, Жетітөбе, Боралдай және Қошқарата ауылдық округтеріне қарасты елдімекендердің барлығына дерлік магистральды газ құбыры тартылды. Қазір Қошқарата ауылдық округінің Қызтоған және Ақтасты ауылдарына кварталішілік газ тарту жұмыстары жүргізілуде.
Ауызсу, табиғи газ – бұлардың қай-қайсысы болсын, ауыл тұрғындарының басты игіліктерінің бірі екені дау тудырмайды. Су мен газдың қолжетімділігі тұрғындардың күнделікті тұрмысын жеңілдетуге үлкен көмек. Ал қауіп-қатердің аяқ астында екенін ескерсек, аталған тұрмыстық игіліктерді пайдалануда тұрғындар қауіпсіздік шараларын барынша сақтағаны абзал. Ал оны сақтамаған жағдайда адамның өміріне төнетін қауіп те орасан зор болмақшы. Соның ішінде, газды тұрмыста қауіпсіз пайдалану – адам өмірі үшін аса маңызды. Алайда, көгілдір отынды пайдаланушылардың барлығы дерлік техникалық қауіпсіздік шараларын сақтай бермейді. Мұндай салғырттықтың соңы қайғылы жағдаймен аяқталуы әбден мүмкін. Соған қарамастан тұрғындар көп ретте өздерінің жеке басының қауіпсіздігі үшін қауіпсіздік ережелерін сақтай бермейді.
Мәселен, ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми статистикалық мәліметтеріне сүйенсек, 2022 жылы елімізде жыл басынан бері 9 647 өрт тіркеліп, онда 249 адам қаза тапты, 212-сі әртүрлі дәрежедегі күйіктер мен уланулар алды.
«2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өрттердің 2,2%-ға, қаза тапқандар саны 18,6%- ға, жарақаттанғандар саны 40,8%-ға шамалы төмендеуі байқалды. Тұрғын үй секторында 6 мыңға жуық өрт болды, бұл олардың жалпы санының 61%-ын құрайды. Өрт кезінде қаза тапқандар саны Алматы, Астана қалаларында, Қостанай және Ақмола облыстарында артты»,- дейді ТЖМ өкілдері. Мамандардың мәліметінше, қаза тапқандардың жалпы санының 107-сі немесе 43%-ы мас күйінде болған. 60% жағдайда өрттен жұмыссыздар мен зейнеткерлер, яғни жұмыс немесе оқу орны бойынша өрт қауіпсіздігі талаптарын оқыту жүйесіне тартылмаған адамдар қаза табады.
Тағы бір айта кетерлігі, биылғы жылыту маусымы өткен жылдың 1 қазанынан басталды. Тиісінше, осы уақыттан бастап еліміздің тұрғын үй секторларында 835 өрт болған. Айта кетейік, тұрғын үй секторларында топтық өлім мен жарақат алу фактілері де тіркелген. Бұл – әрине жақсылық хабар емес. Десе де, аталған мәселе туралы ел тұрғындарына ескертілгеніне қарамастан, өкінішке орай, өңірлерде адам өміріне орасан зор қауіп-қатер төндіретін мұндай оқыс оқиғалар жиілемесе, азаймай отыр.
Ал тұрмыстық улы газдан улану, сонымен бірге, жеке тұрғын үй секторларында қауіпсіздік және сақтық шараларын сақтау жұмыстары қай деңгейде жүргізілуде? Егер бұл жұмыстар тиісті мекемлердің тарапынан жүргізілсе, одан қандай нәтиже бар? Ендігі кезекте Жуалы ауданының Төтенше жағдайлар бөлімінің жауапты мамандарының бізге берген мәліметтерін сөйлетіп көрсек…
ТЖБ-ның мәліметінше, 2022 жылы ауданға қарасты елдімекендердегі жеке тұрғын үй секторларында тұрмыстық улы газдан уланудың төрт оқиғасы тіркеліп, одан барлығы алты адам зардап шеккен екен. Оның біреуі жас бала. Ал улы газдан зардап шеккендердің басым бөлігі ауруханаларда жатып емделіп шықса, өкінішке орай, Шақпақ ауылдық округінде болған улы газдан уланудан бір азамат қайтыс болды. Бұл оқиға Шақпақата ауылында былтыр қараша айының соңғы күндерінде орын алған. Әлбетте, бұл оқиғадан басқа азаматтар да сабақ алып, тиісінше, тұрғын үй секторларында газды пайдалануда сақтық шараларын сақтаса игі.
-Ағымдағы жылы жылыту маусымы басталардың алдында жергілікті атқарушы орган және волонтерларды тарта отырып әлеуметтік осал, көпбалалы және мүмкіндігі шектеулі 568 отбасына, оның ішінде, 4 135 адам өрт қауіпсіздігі және улы газдан уланудың алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстарымен 100% қамтылды.
Жүргізілген алдын алу жұмыстарының қорытындысы бойынша және жергілікті атқарушы органдардың берген мәліметтеріне сәйкес, әлеуметтік осал, көпбалалы және мүмкіндігі шектеулі отбасыларды қолдауға бағытталған «Әлеуметтік тапсырыс» түрінде жылыту жүйелерін және электр желілері жүйелерін талапқа сәйкестендіру, сондай-ақ, өрт дабыл қондырғыларын және улы газ датчиктерін орнатуға мұқтаж 106 отбасына улы газ датчиктерін кезең-кезеңімен орнатып беру туралы аудан әкіміне 05.09.2022 жылы 21-14-22-470 шығыс хатымен ұсыныс жолданды.
Үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу кезінде тұрғын үйлерде және әлеуметтік инфрақұрылым объектілерінде орнатылған жылу өндіргіш аппараттарды пайдаланудың нормалары бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. 2022 жылдың 12 айы аралығында жергілікті бұқаралақ ақпарат құралдары арқылы тұрмыстық улы газдан уланудың алдын алу туралы жергілікті баспасөзде мақала, басым дауысты радиоторабы арқылы 3 260 мәрте және «Инстаграм» әлеуметтік желісінің парақшасында 50 материал шығарылды. Төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлерімен барлығы 6 білім беру мекемесінде 9 335 оқушыға 50 интерактивті сабақ жүргізілді.
Сондай ақ, әр аптаның сенбі күндері аудандық электр желілері, газ шаруашылығы қызметкерлерімен бірлесе отырып аудан аумағындағы елдімекендердегі жеке тұрғын үй секторларында жалпы тұрмыстағы өрт қауіпсіздігі тақырыптарында үгіт-насихат жұмыстарына арналған сенбіліктер жүргізіліп отыр. Онда 14 609-тан астам үй араланып, 38 878 тұрғынға арнайы жадынамалар таратылды,- дейді аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің аға инженері, азаматтық қорғау майоры Балқыбек Жұманов.
Аудандық газетте тұрмыстық улы газдан сақтану, жалпы газ жабдықтарын дұрыс пайдалану мен қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтау туралы материалдар аз жарияланып жатқан жоқ. Бұл туралы аудандық газ шаруашылығы мекемесінің мамандары газ пайдаланушыларға мынадай түсініктемелер мен ескертпелерді қаперде ұстауды ескертеді.
Көмірқышқыл газы түссіз, иіссіз ұлы зат, ауадан жеңіл болғандықтан, жай көтеріледі және адам өзінің уланып жатқанын байқамауы мүмкін. Тартуы нашар жылыту газ құралдарын пайдалануға тыйым салынады. Бөлме ішінде газдың иісі пайда болса, тез арада газ құралдарының шүмектерін жауып, терезелерді және желдеткіштерді қосып, бөлмені желдетіп, «104» телефонына қоңырау шалып, апаттық газ қызметін шақыру қажет.
Жылыту газ құралдарын қауіпсіз пайдалану мақсатында оларға дер кезінде техникалық қызмет жүргізілмеген болса, сондай-ақ түтін және желдеткіш каналдарының күйі тексерілмеген болса жарылыс, өрт, көмірқышқыл газымен улану секілді орны толмас қайғылы оқиғаға алып келуі мүмкін.
Тұрғын үйлерді табиғи газбен қамтамасыз ету жүйелерін техникалық пайдалану ережелеріне сәйкес, пәтердің, тұрғын жайлардың жалға алушы жекеменшік иелері қауіпсіздік шараларын қамтамасыз етуі тиіс.
Ең өкініштісі сол, біздің кейбір тұрғындар көбіне-көп осындай қарапайым қағидаларды сақтамай, бақытсыз оқиғаларға тап болып жатады. Бұл ретте уландырғыш газдың адам ағзасына өте баяу әсер ететінін, адам уланғанын сезген кезде, көбінде қимылдау, сөйлеу мүмкіндіктерінен айырылып қалатынын айтқымыз келеді. Тағы бір айта кетерлігі, жылыту маусымында тұрғындар ұйқышылдыққа беріліп, қауіпке аса назар аудармайды. Өкінішке орай, кейбір қаперсіз азаматтар осындай белгілерді елемей, ауыр улануды тосып отырады. Өкініштісі де сол, қауіпсіздік ережелерін сақтамаудың салдарынан өңірде жыл сайын ондаған жазатайым оқиғалар орын алып, оның кейбірі өліммен аяқталуда.
Жуалы газ шаруашылығы мекемесінің мамандары 2020-2023 жылдары аралығында ауданда көміртегі тотық газынан улану фактісі бойынша жеке тұрғын үй секторларында 26 оқиға тіркелгенін айтады. Соның ішінде, жылдың енді ғана басталғанына қарамастан өкінішке орай, өңірде бір улану оқиғасы тіркеліп, одан үш адам зардап шекті.
Мамандардың айтуынша, 1 текше метр газдың жанып кетуі үшін оған он есе көп ауа қажет. Сондықтан газ қондырғылары тұрған бөлменің дұрыс желдетілуі аса маңызды. Мұржалар әр үш ай сайын тазалануы керек. Сондай-ақ, тұрғындардың қауіпсіздік ережелерін сақтамастан өз бетінше әрекет етуі де газ жарылысына себеп болып жатады екен. Сондықтан ТЖ қызметінің мамандары қауіпсіздік шараларын тұрғындарға жеткізу, оны түсіндіру жұмыстарын жыл сайын күшейтіп келеді.
Ал газ жабдықтарының дұрыс жұмыс істеуіне үй иесінің өзі жауапты екенін естен шығармауымыз керек. Өз өміріміздің өз қолымызда екені сияқты, өз қауіпсіздігіміз де көп ретте өзімізге байланысты.
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»