Basty bet

Әскери міндеттілердің жай-күйі зерделенеді

Жаһандағы геосаяси жағдай сәт сайын құбылып тұрған қазіргі кезде ел қорғанысының бекем болғаны дұрыс. Қазіргі таңда дүниенің түкпір-түкпіріндегі шиеленістер мен қақтығыстарға байланысты біздің еліміздің де әскерлері түрлі сын-қатерлерге дайын болуы қажет. Солардың қатарына аумақтық қорғаныс әскерлері де кіреді. Қарулы Күштердің құрамына кіретін осынау құрылымдардың жасақталып, жұмыс істей бастағанына бірнеше жылдың жүзі болды.

Анығында, аумақтық қорғаныс әскерлерінің міндеттері мен атқарып жүрген қызметі жайлы қоғамда нақты түсінік қалыптаса қойған жоқ. Тіпті бұқара мұндай құрылымдардың бар екенінен де толық хабардар емес. Алайда 2017 жылдың 13 маусымында қол қойылған Қазақстан Республикасының «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне қорғаныс және әскери қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» №69-VI Заңына сәйкес, аумақтық қорғаныс құрылымдарына ҚР ҚК аумақтық әскерлері мәртебесі берілді. Қорғаныс министрлігінің аумақтық әскерлерді басқару жөніндегі өкілеттіктері мен функциялары бекітілді.
Оқырманға түсінікті болу үшін қарапайым тілмен айтатын болсақ, аумақтық қорғаныс әскерлері жергілікті жерлердегі әскери міндеттілердің арасынан жасақталады. Олар негізінен стратегиялық маңызы бар объектілерді және коммуникацияларды қарсыластың әрекеттерінен, диверсиялық актілерден немесе терроризм актілерінен қорғау, сондай-ақ төтенше немесе соғыс жағдайы режимдері кезінде белгілі бір аумақтың қауіпсіздігі мен тұтастығын қамтамасыз етеді. Сөз басында айтқанымыздай, аумақтық әскердің арнайы әскер түрі ретінде жасақталғанына көп уақыт бола қойған жоқ. Бірақ, осы күнге дейін атқарған қызметі де аз емес. Бір сөзбен айтқанда, аумақтық қорғаныс әскерлері елде қандай да бір оқыс жағдай бола қалса, оқиға орнынан табылатын күштердің қатарына кіреді. 2020 жылы коронавирус пандемиясымен күрес кезінде әскери міндеттілердің арнайы жиыны өтіп, алғаш рет аумақтық әскерлер осындай шараларға тартылған болатын.
Осыған сәйкес, кеше аудан әкімі аппаратының мәжіліс залында арнайы жиын өтіп, оған ауданға қарасты ауылдық округтердің барлығынан бұрын Отан алдында әскери борышын өтеген әскери міндетті азаматтар, сонымен қатар, жиынға ауылдық округтердегі әскери-есеп столының мамандары және ауылдық округтердің әкімдері шақырылды.
Жиынды аудан әкімінің орынбасары Асхат Жабағы ашып, жүргізіп отырды. Алғысөз Жамбыл облысы әкімінің әскери қауіпсіздік және қорғаныс жөніндегі көмекшісі-облыс әкімі аппаратының жұмылдыру дайындығы және аумақтық қорғаныс бөлімінің басшысы Ермек Абдуллаевқа беріліп, ол өз кезегінде қатысушыларға аумақтық қорғаныс және аумақтық қорғаныс әскерлері туралы жалпы түсінік беріп, аталған құрылымға қатысты белгіленген заңнамалардан да ақпарат берді.
-Іс жүзінде аумақтық қорғаныс әскерлері ұлттық қауіпсіздікті сақтау жүйесінің ажырамас бөлігі. Қазақстан қазіргі заманғы қауіп-қатерлер мен сын-тегеуріндерге қарсы тұра алатындай аумақтық қорғаныстың пәрменді жүйесін ұйымдастыруға айрықша мән беріп келеді.
Соңғы жылдары әлем елдерінде орын алып жатқан оқиғалар мен әскери қақтығыстардың сипаты елдің тұтастығы мен егемендігін сақтау жалпыхалықтық сипатта болуы тиіс екенін көрсетіп отыр. Ал аумақтық қорғаныс жүйесін нығайту бұқара мен Қарулы Күштердің тізе қоса әрекет етуіне мүмкіндік беретін тиімді тетік. Осы ретте аумақтық қорғаныс әскерлері бес жылда бір рет әскери жиынға қатысуға міндетті. Мұның алдындағы облыстық әскери жиын Жамбыл ауданында өткізілсе, биылғы жиын сәуір айында Жуалы ауданының аумағында өтеді деп күтілуде.
Ал ендігі кезекте аумақтық әскерлердің жай әскерден айырмашылығы неде деген сұрақ туындауы мүмкін. Қарулы Күштердің қатарындағы әскерилер елдің қай аймағында қандай да бір оқыс жағдайлар кезінде сол жақтағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге жұмылдарылады. Ал, аумақтық қорғаныс әскерлерінің ерекшелігі сол, мысал ретінде айтар болсам, Жуалы ауданында жасақталған аумақтық әскерлер негізінен жергілікті жердегі стратегиялық нысандарды күзетіп, сонымен қатар, ел аумағында төтенше жағдай режимі енгізілген жағдайда оның зардаптарын жоюға, жергілікті аумақта тұратын халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, орын алған табиғи және техногендік апаттардың зардаптарын жоюға атсалысады.
Мысалы, алдыңғы жылдары елде коронавирустық инфекцияның таралуына байланысты төтенше жағдай кезінде ауданның шекараларына блок-бекеттер қойылды.
Ондағы кіріп-шығу кезіндегі тексерулерге, жалпы өңір қауіпсіздігін қамтамасыз етуге аумақтық әскерлер тартылды. Олар мұндай жағдайда тегін қызмет етпейді. Төтенше жағдайдың салдарын жоюға шақырылған әскери міндеттілерге мемлекет айлық жалақы төлеп, арнайы киім (форма) және тамақпен, жатын орынмен толықтай қамтамасыз етіледі. Аумақтың қорғаныс әскерлерінің ерекшелігі міне, осында жатыр. Сондықтан, әскери міндеттілер аумақтық қорғаныс әскерлерінің қатарына шақыруларға түсіністікпен қараулары қажет деп білемін. Мұның барлығы Қазақстан Республикасының тиісті заңнамаларымен реттелген,- деді Ермек Бекпенбетұлы.
Ары қарай жиын барысында Жуалы ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөлімі бастығының орынбасары, жұмылдыру дайындығы бөлімшесінің бастығы, майор Марлен Тоқсейіт сөз сөйлеп, ол өз кезегінде, әскери міндеттілерді аумақтық қорғаныс әскерлері қатарына шақыру кезіндегі міндетті талаптар туралы айтып, әскери міндеттілердің тарапынан қойылған бірқатар сұрақтарға жауап берді.
Жиынға әскери міндеттілердің шақырылуының да өзіндік себебі бар. Себебі, ағымдағы жылдың сәуір айында аудан аумағында өтетін облыстық әскери жиынға дайындығын тексеру және олардың отбасылық жай-күйін зерделеу мақсатында да бұл жиын арнайы ұйымдастырылып отыр. Жиыннан кейін облыстан келген жауапты мамандар әскери міндеттілермен жеке-жеке әңгіме өткізіп, олардың отбасылық жағдайына да зерделеулер жасады. Олардың тарапынан қойылған сұрақтар мен кейбір түсініспеушіліктерге заңнама аясында түсінікті жауаптар берілді.
Жиын соңында ауылдық округтердің әскери-есеп столының мамандарына ауылдардағы әскери міндеттілермен көктемде өтетін облыстық әскери жиынға қатысу туралы жеке сұхбат және түсіндірме жұмыстарын жүргізу, әскери жиынға шақыру тізімі бойынша жұмысты сапалы атқару, әскери міндеттілерді хабарландыру және қорғаныс істері жөніндегі бөлімге жеткізу мен жиынға қатысу жұмыстарын бекітілген кестеге сәйкес ұйымдастыру туралы нақты тапсырмалар берілді.

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close