Basty bet

Өңірде өндіріс өркендеп, өнімділік көлемі артады

Облыста мыңға жуық инвесторлар мен кәсіпкерлердің басын қосқан «Zhambyl Investment and Economic Forum – 2023» инвестициялық форумы аймақта екі күнге созылды. Жалпы форум өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, туризм және цифрландыру бағыттары бойынша ұйымдастырылды. Төрт бағыт бойынша өткен шараға Қырғыз, Қытай, Түрік, Корей және басқа да шетел инвесторлары мен қонақтар қатысты.
Форумның өнеркәсіп саласы бойынша Қордай, Шу және Байзақ аудандарында бірқатар жобаларға қол қойылып, өндіріс ошақтары ашылды. Атап айтсақ, шетелдік делегация Қордай ауданы Қарасу ауылындағы «Korcem» ЖШС-ның іргетасы енді қаланып жатқан цемент зауытының құрылысымен танысты. Ол зауыттың жылдық қуаты 1,5 миллион тоннаны құрайды. Цемент өндіру желісі құрылысының ресми ашылуына облыс әкімі Нұржан Нұржігітов қатысып, облыстың мүмкіндігін инвесторларға жан-жақты таныстырды.
«International Cement Investment Management» компаниясының қаржы директоры Вей Пинг жалпы құны 2220 миллион АҚШ долларын құрайтын зауыт іске қосылғанда жергілікті тұрғындарға 500-ден астам жұмыс орны ашылып, жылына қазынаға 112 миллион АҚШ доллары көлемінде кіріс әкелетінін айтты. Сонымен қатар «Korcem» ЖШС-ның директоры Станислав Щербаков жаңа зауыттың алдағы жоспарларын жеткізіп, әріптестік қолдау білдірген жергілікті атқарушы билікке алғысын жеткізді.
Сондай-ақ форум тоғыз жолдың торабы – Шу ауданында да өз жалғасын тапты. Форум қонақтары аудандағы «Тараз Химиялық Паркі» арнайы экономикалық аймағында бас қосып, мұндағы инвестициялық жобаларды дамыту бойынша кеңес өткізді.
Мұнда шетелдік инвесторларға Тараз химиялық паркі арнайы экономикалық аймағының мол мүмкіндіктері жан-жақты таныстырылды.
Бұдан кейін, өнеркәсіп саласында Байзақ ауданында гофрленген картон және тастан жасалатын дайын қағаз қаптама өндірісі іске қосылды. Бұл жоба «KazStoneBox» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің гофрленген картон өндіру зауыты халықаралық экономикалық және инвестициялық форумы аясында ашылып отыр.
Соңғы нұсқадағы автоматтандырылған қондырғылармен жабдықталған кәсіпорын жаңа үлгідегі озық технологияларды пайдаланатын инновациялық, энергия сыйымдылығы жоғары өндіріс орны болмақ.
Жалпы құны 1,7 миллиард теңгені құрайтын жобаның жылдық қуаты 12 мың тонна. Онда 50 тұрақты жұмыс орны ашылмақ. Серіктестік басшысы Берік Үмітқалиевтің айтуынша, минералды шикізаттан жасалған қаптама шығаратын бұл кәсіпорын посткеңестік елдерде баламасы жоқ, шикізат ретінде минералды кальций карбонатын пайдаланатын бірегей өндіріс орны болып табылады.
Форумның келесі саласы ауыл шаруашылығына арналды. Осы іс-шара аясында аймақтағы іргелі кәсіпорындардың жұмысы таныстырылды. Оған облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек пен Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің вице-министрі Әбілхайыр Тамабек қатысты. Форумда ауыл шаруашылығы құрылымы бойынша бірнеше нысанның жұмысы көрсетілді. Атап айтсақ, Қордай ауданындағы «GreenwiII» ЖШС-ның жылыжай кешені, Меркі ауданындағы «Мыхан Орда» ЖШС жаңбырлатып суару технологиясы, «Жеміс-жидек» серіктестігінің құлпынай алқабы мен «Ар-Ас» шаруа қожалығының «Тау қымыз» өнімін шығаратын цехтың жұмыстарымен танысты.
Бұдан кейін Байзақ ауданындағы «Алель-Агро» акционерлік қоғамының құрама жем зауыты да таныстырылып, ашылу салтанаты өтті. «Алель-Агро» акционерлік қоғамының құс фабрикасында жалпы құны 4,4 миллиард теңгені құрайтын құрамажем шығару зауытының жылдық қуаты 96 мың тоннаны құрайды.
Халықаралық «ZHEIF-2023» форумы аясында облысымызға келген туристерге өңірдегі тарихи орындар таныстырылды. Әуелі «Тараз – шеберлер қаласы» атты көрмеге барған меймандар жамбылдық қолөнершілердің қолынан шыққан бұйымдарды тамашалады. Сондай-ақ шетелден және еліміздің өзге облыстарынан келген меймандар «Ақыртас» кешеніне барып, ондағы тарихи деректермен танысты. Сонымен қатар, форум аясындағы туризм күнінде Жамбыл ауданынан «Алмалы resort» этно-туристік кешені ашылды. «Фортис Констракшн» ЖШС Гродеково ауылдық округі аумағынан ашылған демалыс орталығына бүгінге дейін 700 миллион теңге инвестиция салған. Нысанға 10 километр электр желісі жүргізіліп, жобада көзделген ғимараттар мен құрылыстар бой көтерді. Ақпараттық тур бұдан кейін «Айша бибі», «Тектұрмас», «Қарахан» тарихи-мәдени орындары мен «Көне Тараз» археологиялық паркінде жалғасты.
Халықаралық форумның «Цифрландыру күні» «Көне Тараз» тарихи этно-мәдени кешенінде ұйымдастырылды. Оған қатысушылар цифрландыру аясында жүргізіліп жатқан жұмыстармен барынша танысуға мүмкіндік алды. Халықаралық форумның алғашқы күні «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінде ұйымдастырылған гала-концертпен қорытындыланып, көңілді кеш Тараз төрінде алғаш рет 3D мэплинг мультимедиалық шоу инсталляциясына ұласты.
«ZHEIF-2023» халықаралық экономикалық және инвестициялық форумының екінші күні «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауын тамашалаудан басталды. Жалпы көрмеге «Бір ауыл – бір өнім» атты жоба аясында 150 тауар өндіруші компанияның өнімдері қойылған. Көрмеге қатысушылар көрмеге қойылған өнімдерге жоғары баға берді.
Көрмеден кейін форумның пленарлық отырысы өтіп, облыстың мүмкіндіктері жан-жақты инвесторларға жеткізілді. Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов шетелдік инвесторларға инвестициялық жобаларды дайындап, ұсынуға дайын екенін жеткізді. Бұдан кейін инвестициялық компаниялармен екі жақты келісімдерге қол қойылды.
«ZHEIF-2023» форумы облыс көркемөнерпаздары дайындаған гала-концерттік бағдарламаға ұласты.
«ZHEIF-2023» халықаралық экономикалық және инвестициялық форумы шеңберінде ұйымдастырылған «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауының нәтижесі шығып, жеңімпаздар марапатталды. «Өндірістік мақсаттағы үздік тауар» номинациясы бойынша «Энерджи Тараз», «Аgro green Technology», «Tay-company» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері марапатталды.
Ал «Халыққа арналған үздік тауарлар» номинациясына «Тараз былғары аяқ киім» ЖШС, «Korkem-ai cosmetic» ЖК, «Сарысу» ЖК ие болды. Форумның «Ең үздік азық-түлік тауарлары» номинациясына «АулиеАта-Феникс» ЖШС, «Сарыбас» ЖК, «Пышка» ЖК лайық деп танылды. Сондай-ақ, «Made in JAMBYL» номинациясы бойынша «Talas Investment Company» ЖШС, «Ellin shoes» және «Ас көп» компаниялары жеңімпаз атанды.
Форумда мобильді және талшықты-оптикалық байланысын қамтамасыз ету бойынша Жол картасына қол қойылды. Оған облыс әкімі Нұржан Нұржігітов, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин және байланыс операторлары қатысты. Бұл бағытта жоспарлы жұмыстар 2027 жылдың соңына дейін жалғаспақ.
Бұдан кейін облыс әкімі Нұржан Нұржігітов бизнес қоғамдастық және инвесторлармен кездесті.
Кездесуде Иран Ислам Республикасының Алматы қаласындағы бас консулы, «Total Eren», «Monnet Group», «Taraz Gelatin», қытайлық «Wanlin Group Limited», «Qazaq Bio Product», өзбекстандық «Asia Taren», «Shagala Mining», «Trading Integration Holding», «MONTERRA QASAQSTAN» және «KazBioSorgo» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің өкілдерін жеке-жеке қабылдады.
Кездесу барысында кәсіпкерлер мен инвесторлардың облыс экономикасын арттыру мақсатында ұсынылған жобалар қолдау тауып, билік тарапынан ол жобалардың аймақта сәтті жүзеге асырылуына мүмкіндік жасалатындығы айтылды.
Сондай-ақ облыс әкімі Нұржан Нұржігітов бұқаралық ақпарат құралдарының қатысуымен баспасөз мәслихатын өткізіп, журналистер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріп, форумның өз дәрежесінде ұйымдастырылғанын атап өтті.
«ZHEIF-2023» форумы облыс көркемөнерпаздары дайындаған гала-концертке ұласты.
Марат ҚҰЛИБАЕВ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close