Basty bet
Батыр музейіндегі бұрыш – зағип жандар үшін!
Жамбыл облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасы және аудандық орталық кітапхананың көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар бөлімінің ұйымдастыруымен Бауыржан Момышұлы мемориалдық музейінде «Қолмен ұстап, жүрекпен сезін!» атты тифломузей жобасының зағип азаматтарға QR-код арқылы ұйымдастырылған арнайы бұрышы ашылды.
Бұрыш ашудағы негізгі мақсат – зағип және көзі көрмейтін жандардың қоғаммен байланысын күшейтіп, облыс көлеміндегі зағип оқырмандарды мәдени орталықтарға, жан-жақты мәдени дамыту, рухани іс-шараларға қатыстырып, өз-өзіне деген сенімділікті арттырып, сенімсіздігін жоюға көмектесу, сонымен қатар, облыстың тарихымен танысуға келген әрбір зағип музей қонағына, халқымыздың ұлттық тарихи-мәдени құндылықтарын және тарихын терең түсіндіру. Кітаптан оқыған, құлақпен естіген мағлұматты қолмен ұстап сезінуге, ой өрісін дамытуға жол ашу.
Шараға Жамбыл облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасы директорының орынбасары Зарина Дүкенбаева, «АMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы Марат Нарымбеков, Жамбыл облыстық қазақ соқырлар қоғамы қоғамдық бірлестігінің Жуалы аудандық филиалының өкілі Айдар Қаңтарбаев қатысты.
Алғашқы сөз «АMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы Марат Аманғалиұлы мен Жамбыл облыстық қазақ соқырлар қоғамы қоғамдық бірлестігінің Жуалы аудандық филиалының өкілі Айдар Ерғалиұлына беріліп, олар бұрыштың ашылуымен құттықтап, бұрыштың лентасын қиды.
Шараға аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің «Инватакси» қызметінің көмегімен мүмкіндігі шектеулі көз мүгедектігі бар азаматтар, көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар бөлімінің оқырмандары да қатысып, алғыстарын білдірді.
Мұражай қызметкерлері шараға қатысушыларға батыр Бауыржан Момышұлының жеке заттарын таныстырды.
Мөлдір Темірбаева,
аудандық орталық кітапхананың көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар бөлімінің кітапханашысы