Mádenıet
«Жігіттің сұлтаны» – ақтөбе ауылында
Жігітке жеті өнер де аз. Аудандық «Достық» мәдениет үйінде аудандағы мектеп оқушыларының арасында «Жігіт сұлтаны» байқауы өтті. Өнер додасына аудан мектептерінде өткізілген іріктеу сынынан сүрінбей өткен барлығы 16 үміткер қатысты.
Сайыстың ұйымдастырушысы аудандық «Жастар ресурстық орталығы» мекемесі ұлттық қазына, рухани байлық, салт-дәстүрді сақтап, одан әрі дамытатын жас жеткіншектердің өнерін дәріптеумен қатар, олардың ұлттық намысын жігерлендіріп, жаңа биіктерге талпындыру, халқымыздың әдет-ғұрыптарын, ұлттық ойындарын сүйетін, білім мен даналықты бойына жиған ұландарымыздың өнерін елге танытып, өзге ұл балаларға өнеге тұту мақсатын көздеген.
«Жастар жылы» аясында тұңғыш ұйымдастырылған бұл байқау көрермендерді бірден баурап алды. Олар қатысушыларды қошеметпен қарсы алды.
Жалпы сайыс төрт кезеңнен тұрды. «Мен атаның ұлымын» атты бірінші бөлімінде өнерлі өрендер өзін және туып-өскен өлкесінің ерекшеліктерін өлең шумақтарымен, әнмен, слайд және бейнеролик арқылы таныстырса, екінші «Сегіз қырлы, бір сырлы» кезеңінде өз өнерін көрсетті. «Гір тасын көтеру» деп аталатын үшінші айналымда 16 келі тартатын гір тасын көтеріп, білек күшін байқатты. Ақтық «Туған жер – тұғырым!» кезеңінде Жуалы ауданының тарихы мен бүгінгі тынысы туралы екі сұраққа жауап беріп, тапқырлығын танытты.
«Жігіттің сұлтаны» талантты да сымбатты және күшті, сегіз қырлы, бір сырлы жігіт болуы шарт. Үміткерлердің әрқайсысы байқаудың барлық кезеңдерінде осы талаптың үдесінен көріне білу үшін әр қырынан ерекшеленіп, жеңіске жету жолында бар күш-жігерін аянып қалмады.
Нәтижесінде, өзге өрендерден дараланып, барлық шартқа сай өнер көрсете білген, қазылар алқасының көңілінен шыққан Ақтөбе тірек мектебінің оқушысы Әбдірей Мұстафа бірінші орынды иеленіп, «Жігіт сұлтаны» атанды. Екінші орын №13 А.Байтұрсынов атындағы орта мектептің оқушысы Мұхамеджан Жамалбеков, ал үшінші орын №2 Мыңбұлақ орта мектебінің оқушысы Береке Жомартбекке бұйырды. «Талапты жігіт» аталымында Нұржігіт Орынбековтің, «Тапқыр жігіт» аталымында Жарас Қуанышбековтің, «Өнерлі жігіт» аталымында Бақберген Абылайдың, ал «Сері жігіт» аталымында Сыдық Абылайдың бағы жанды.
Байқау соңында жеңімпаздарға ұйымдастырушылар тағайындаған жүлдегер мен Алғысхаттар табыс етілді.
Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»