Mádenıet
Ақкесененің біз білмейтін сырлары
Әртүрлі аумалы-төкпелі кезеңдерді басынан өткізген қайран бабаларымыздың ұрпағының өсіп-өнуіне, өзін ұрпағының жолында құрбан етуге дайын екендігін сонау өткен өмірдегі сан қилы өткен тарихымыздан білеміз ғой. Ел үшін, жер үшін, өз ұрпағы үшін жанын қиған қайран қазақтың асыл ұлдарының, яғни бабаларымыздың рухы тәуелсіздік алып, өркен жайған әрбір адамзаттың жүрегінде, қанында мәңгі қалары сөзсіз. Өйткені біз жасампаз халықпыз, бабалар аманатын ұмытпайтын киелі рухты елміз, бізден кейінгі ұрпақтарымыз да ата салтын сақтап, рухани даму жолында өскелең халық болып жасай береміз.
Өмірдің заңымен өсіп, ата дәстүрмен есейіп, өз отбасыңнан ұзатылып келін болып басқа отбасына келіп, табалдырық аттаған соң қыз баласы басқа әлемге аяқ басқаны ғой. Дана халық: «Қыз жат жұрттық»,- деп қыз баласына үлкен сенім артқан, яғни сен енді басқа шаңырақтың мүшесісің, міндетің де, жан дүниең де, өз мүддең де басқа әлем.
Сен үшін мүлде басқа өмір басталады. Өмірдің осы үлкен сынынан ақылмен, сеніммен, абыроймен өтсең, әрбір қыз бала туралы халық даналығы, мына ғибратты сөзді орындасаң:
«Бала келін, Ана келін, Дана келін!» болсаң сенің қателеспегенің, әулеттің сүйікті, аяулы келіні болғаның. Бұл қатал өмірдің сыны. Мен де осы жолдан өтіп аяулы ата-енемнің қолында бес жыл тұрдым.
Жатқан жері жайлы болсын, атамның мені жалғыз ұлына келін етіп түсіру үшін өзі барып көріп, ата-анаммен келісіп, құда түсіп, қолдан алып, өзім оқытып аламын деген уәдесінде тұрды. Келін етіп түсіріп, оқытты, жұмысқа орналастырды, немерелеріне қарады. Біз үй салдық, жағдайымызды бір сүрлеуге салған соң, өзі тірі кездерінде бізді жеке өмір сүруімізге кеңес берді. Біз қарсы болмай, алғашқы немересімен қалған ата-енемізге қарайласып тұрдық. Сонау Талас ауданының шеткі ауылында 14 жыл тұрып, атам өмірден өткен соң, ауылдағы үйімізге қайта оралдық. Ол жақтағы өткен әрбір күнімізге шексіз ризамыз.
Біз өз бетімізше елмен, жермен таныстық. Қызметіміздің ойлы-қырлы қызықтарын бастан өткіздік. Елге қадірлі болдық. Ұрпақ өсірдік, жалпы ақылды ата-енеміздің, «осылардың болашағы қалай болар екен» деген күдіктерін қуанышқа айналдырдық. Ел қатарына үлкен әулет болып оралдық. Аллаға сансыз шүкіршілік етемін.
Облысымыздың шалғай ауданы болғандықтан тұрған ауылымыз ол кезде қаймағы бұзылмаған салт-дәстүрді берік ұстайтын киелі жер екен. Жаңадан көшіп барған бізді туған-туыстары сияқты, кең пейілмен қарсы алды, сыйлады. Ең кереметі, жүрек жылулығы, тазалығы біздің жанымыздан орын алып, біз де сондай қасиетті орын алды. Әлі күнге дейін балаларымызбен түгелдей бас қосқанда сол бір аяулы да қасиетті Талас ауылын сағына еске аламыз.
Сонда оқушыларды табиғатқа саяхат жасатуға қалың құмның арасына «Беларус» тракторымен сексеуілді, жантақты, жыңғылды даланың, ауылдан жырақ жерге апаратынбыз. Сонда «Көккесененің» тек бұзылып үйілген орнын көрдік. Одан әріректе құмды даланың ортасында аппақ болып көрінетін «Ақкесене» қорғанына балаларды аралатып мәре-сәре болушы едік. Жанына баруға мені бір белгісіз күш жібермей тек жанынан қарап таң қалатын едім. Өйткені, кесене алыстан мұнартып биік болып көрінгенімен, жақындағанда кішірейіп, екі қабатты үйдің биіктігіндей ғана болатын, биік мұнарасы мүжілген, іші айналма сияқты жолы бар балалар төбесіне шығатын. Айналасы үлкен ор қазылған сияқты қоршалған, әрине өте мүжілген белгілері ғана бар. Мұнараның айналасында мола сияқты өте көп төбешіктері бар, қорқынышты еді. Балалар асыр салып жүгіріп жүргенде мені «мына жерде қандай адамдар жатыр екен, мына кесенені қалай салды екен» деген ойлар қамап алатын. Балаларға бір кірпішті әкеліңдерші деп алдырып байқасам, бір адам зорға көтеретіндей үлкен еді. Түсі ақшыл сары болатын, кірпіштің бетінде бес саусақтың ізі бар, өте ірі қаншама жыл, ғасыр өтсе де қалпында тұрған, алып адамдардың саусақ іздері мені таң қалдырды. Аузыңа салсаң дәмсіз, бірақ жағымды. Балалар құрт құсатып жеп жүреді. Көпке дейін есімнен «Ақкесене» шықпай қойды. Сонда ауылдағы бір қариядан мына әңгімені естіген едім.
Қазір тарихи ескерткіштерді зерттеу халқымыздың көне тарихын білу жұмыстары жан-жақты қолға алынып жатқаны менің де жанымды тебірентеді. Зерттелмеген тарихымыздың құпия, ғажайыптары көп еме пе? Мына әңгімені бір жағынан осы оймен де жаздым.
Ұқсайды ақ сәлделі ғұламаға…
Әңгіменің басталуы.
Аласапыран заманда да пенделер арасындағы, бақталастық, көреалмаушылық, жауыздық қасиеттер де өршіп тұрған ғой. Бұл әңгімеде сол бір кезеңде қалмақтардың қазақ даласының көптеген жерін жаулап алуы, жеңуі, жеңіліс табуы кезіндегі, көрші елдердегі де жағымды, жағымсыз көзқарастардың өршуі кезіндегі уақиға болса керек. Бір шеті Ташкент шаһарынан басталған, бір шеті Талас өңірі, сонау Созақ даласы аралығында болған халық аузында жүрген жайттардың бірі болса керек бұл әңгіме. Ұлық Абдулла қазақ батыры Маутайдың қауіпті жер Талас өзенінің бойындағы құмды ен далаға жіберілгенін біліп, батырға деген өшпенділігін аярлықпен пайдаланған.
Сапардан қайтқан батырды Қаратау сілемінің бойындағы «Балықшы» деген жерде күтіп алып Үнді жерінен алдырған күшті жылан уын үзеңгіге жағып, аңғал батырды өлтіріп, өшін алған. Осы бір батырдың ізін өшірген сұмдығы туралы бір ғана әңгіме болмақ.
Ташкент шаһарынан Белербегінің қарамағындағы Ұлы жұз дуанынан шыққан батыр Маутайға мөр басылған хат табыс етіліп, Талас бойындағы қалмақ қорғаны «Ақкесенедегі» қалмақ әскерінің қолбасшысы Дадан Серенге қолма-қол табыс етілуін, содан жауап күтетінін білген ұлық Абдулла ұрымтал сәтті тағатсыздана күтті.
Ақ найзаның ұшына, білегінің күшіне сенетін, талай сұрапыл шайқастарға қатысып, әккі болған ат белін тартып мінген жаужүрек Маутай батыр қасына жолсерік те ілестірмей жолға жалғыз шықты. Алыс жолға шыдас беретін қазақы қарабайыр жылқыдан екі атты таңдап алды. Біреуін мініп, біреуін жетекке алып, көз ұшындағы сағымданып бұлдырап көрінген Қазығұрт тауына ұзақ қарап тұрып, одан әрі созылып қарашоқылданып көзге көрінетін Қаратау сілемдеріне көз тігіп, күншығысқа қарай бет түзеді. Бұл күз мезгілінің қара суығы бетке ұрған мезгіл қараша айының ортасы еді. Жапырағынан айырылып сидиған ағаштар қарашаның суық желі тербеген сайын сыбызғыға қосылған әнші дыбысындай әрқилы дауыс шығарып, мазаны алғандай. Ал елсіз қу медиен далада белгісіз жануарлардың қылаң етіп жүгіріп, жасырына қалғаны, аспанды торлаған түйдек-түйдек бұлттардың жөңкіле көшкені болмаса, басқа ештеңе жоқ. Ойлы-қырлы, кейде жазық болып келетін даланың табиғаты да әртүрлі. Күннің суыта бастағаны біліне бастамасымен-ақ, қыламықтаған қар ұшқындары да біліне бастады.
Ат жетектеген жолаушының алдынан әр бұтаққа бір қонған тынымсыз алақанат сауысқаннан басқа еш тірі нәрсе көзге шалынбады. Тынымсыз тоқтамай жүрген Маутай батырдың Ташкенттен шыққанына да біраз уақыт болды. Шоғырланған киіз үйлерді артқа тастап, біреулерден түстеніп, ал біреулерден қонақасы жеп, ақ найзасын белдеуге сүйеп қойып, шірене төрге шығып отыратын, ырғалып-жырғалып жүретін «айхай» шақтарының артта қалғанына Маутай батырдың көзі жете бастады. Бұл сапардың аса қауіпті боларын, не өлім, не өмір арпалысып итжығыс боларын ойлағанда жан-жағынан сезіктенгендей алабұртқан көңілі мазасыз ойларға жетелейді. Солай алаңдап келе жатқанда құлақтарын қайшылап, елеңдеген аттардың қимылы да батырға бір келеңсіз жағдайдың боларын сездіргендей. Денесі түршіккендей болды. Межелі жерге жетіп, аттың белін босатып, бір-екі күн тынығып алып, жолға шықпақшы болғанымен құр көңілдегі ойнақшыған қиял болып, бірте бірте елден жырақ кетіп, бадал қамысты, ұзын-ұзын қарағай ағаштарының ішіне еніп, тау беткейін көруден көз жазып қалды. Кейбір жерлерде ұры-қарының жалғыз аяқ шиырлап тастаған сүрлеуі болмаса адам аяғы баспаған белгісіз жерге кез келгендей ме қалай? Қырсыққанда азынаған қарашаның суығы мен жаңбыры өңменінен өтіп қалтырап, дірілдеп батырдың жаудан қайтпас жүрегі, табиғаттың дүлей күшіне бағынуына тура келді. «Батыр аңғал болады»,- деген сөз расқа айналғандай осы хатты неге ғана алдым екен деген ой өзегін өртеп, өкіндірсе, бір жағынан қайтпас қайсарлығы ұстап, өзі қиялданып, намыс отына шарпылды. Абдулла ұлықтың жауабын әкеліп мұқатпақшы.
Найзасын нығыздай ұстаған күйі ой үстінде келе жатты. Қыламықтана жауған қар тау-тасты ала-құла реңге енгізіп, күн батуға екі-үш құлаш қалғанда, жотадан дауысын бөліп-бөліп ұлыған қасқыр дауысы естілді. Оған үн қосқандай әр жерден ұлыған дауыстар көбейіп, тау іші жаңғырықты. Батырдың астындағы аты осқырынып баяу жүріске басып, кібіртіктей бастады.
-Ойпырма-ау, тағдырдың талқысына түсіп, мынау қаптаған қасқырға, шынымен-ақ жем болам ба?, – деп аттарын қамшылап, ағаш бұталарының арасындағы сүрлеуден өте бергенде, желкесін күжірейте жерге тұқыршып алған көкжал қасқыр алдын кес-кестеп сумаң етіп өте шықты. Бұл күннің қызғылт шапағы тау қуысына жасырынғандай болып батып бара жатқан сәті еді.
Ұлыған қасқырлар бірте-бірте жақындап, жолаушының жан-жағын орап алғандай болды. Тіпті, жерді тырналап топырақ шашып, жылы-жұмсақ қансоқтаға бір кенелсек дегендей сілекейлері шұбырып, тілдерін салақтатып жүргізбеуге айналды.
Айналада ел жоқ, жым-жырт құлаққа ұрған танадай тым-тырыс. Маутай батыр мына жыртқыштардан қалай құтылудың жолын ойлап, ойы сан саққа жүгіріп қатты алаңдады. Қорыта келіп, қасқырлардан құтылудың жалғыз жолы бір атты құрбан ету қажет екенін мойындады. Аттың басындағы жүгенін сыпырып алып, шу жануар жолың болсын деп, сауырынан қамшымен тартып жіберген-ді.
Ал жолсерік болып келе жатқан ат оқыранып шаба жөнелді де, шынымен-ақ мені мына қорқауларға тастап кеттің бе дегендей осқырынып кісінеп, айналшықтап, біраз жер қалмай ілескені сол еді, бір бүйірден арылдаған топ қасқырлар алдына сап қуып, құйрықтан тартып қоя бергенде омақасы құлаған атты бас салған жыртқыштар таласа-тармаса жануардың жанталасып жей бастады.
Бұл кезде аспандағы шарайнадай ай жарқыраған бар сәулесін жолаушыға түсіргендей бейне бір қатарласып келе жатқандай. Ай жарығына шағылысқан малдың ізі секілді шұбырындыны көргенде қуанған Маутай батыр жақын маңда ел болса табар дегендей, астындағы атынан түсіп, тартпасын қатты тартып, жүгенін сыпырып беліне қыстырды да атын босатып жіберді. Өзі үлкен қараағашқа шығып, таңның атуын күтті. Ат босанған соң малдың иісін сезгендей жерге басын салбыратып, Маутай батыр шыққан қараағашты иіскеп, біраз тұрды да оқыранып, құйрығын тік шаншып алып, бет алған жағына сатырлатып шаба жөнелді.
Айнала тып-тыныш болғанына біраз уақыт өтсе де, әр жерден тіміскеленген қос нүкте жарықтар біресе қосылып, біресе бір-бірінен алыстап, аққан жұлдыздай дуылдап, арс етіп, ауаны қапқан ұлыған дауыстар жақындай берді.
Қасқыр ағаш түбіне шоқиып отырып, ызаға булыққандай ұлып-ұлып алып, ағаш түбін қазуға кірісті. Жан-жақтан қасқырлар тобыры көбейіп, ағашты айнала қоршап, қыңсылап, өздерімен өздері әлек. Таң атуға дейін біраз уақыт өтер. Ал мыналар мына әрекеттерін тоқтатпаса, ағаш құлап, өлім күтіп тұрғанын, қорқауларға жем боларын білді. Амал жоқ, оның үстіне қозғалыссыз отырған соң гуілдеген жел де батырдың денесін тоңазытып барады.
Алыстан гуілдеген желдің сарынымен ұласып ұлығандай дауыс естілді. Бұл дауысқа жалғыз тайыншадай көкжалдан басқа қасқырлардың құлақтары елеңдеп, жан-жаққа жылыстай бастады.Таң құланиектеніп атып келе жатыр. Жалғыз қалған көкжал жанталасып, қар аралас тоң топырақты тырмалап шашып бір нәрсеге алаңдағандай баяулап, құлақ түргендей болды.
О, ғажап, үлкен төмпешік тастың үстінде, құлағы салпиған қызыл мойнақ үлкен төбет шоқиып отыр екен, ол бір-екі ұлып көкжал қасқырға жақындап, екі алдыңғы аяғына басын қойып, арбасқандай көзін көкжалдан алмай қатты да қалды. Ит не істесе көкжал қасқыр да солай әрекет етті.
Батыр қынаптағы қылышын суырып ағаш бұтағынан ұстап төменге сақтықпен түсіп қасқыр жақтан келіп, қылышын көтере бергенде, көз ілеспес жылдамдықпен ит қасқырды шықшыттан алған күйі, мойнын қайырып, демін алдырмай екі, үш аунатқанда қасқырдың көзі, шарасынан шығып, құйрығын бұлғаңдатып, қырылдап, жантәсілім етті.
Жұмысын тындырған қызыл мойнақ ит алдыңғы аяқтарымен кезек-кезек қар шашып, аспанға қарап ұлыды да барлығы бітті дегендей масаттанып, құйрығын бұлғаңдатып, еркелегендей сүрлеу жолға түсіп алға бөкеңдей жөнелді.
Жолаушы батыр да етегін беліне қыстырып-ап артынан ілесті. Қарағай, самырсын ағаштарының ішімен жүріп, биік тау етегіне жеткенде, маңыраған қой, кісінеген жылқы жалпы малдың шуылымен аралас адамдардың дауысы да естіле бастады. Алла сақтап, адам сенгісіз жағдайды бастан өткізген батыр өз көзіне өзі сенбей көңілі алай-түлей болып, жеті-сегіз үйдің шаңырағы көрінген соң тіпті қуанып кетті.
Ұйқы көрмеген, шаршап жүдеген жол азабын тартқан бейтаныс жолаушыға ауыл адамдары алғашқыда таңырқа қарасып қалды. Осылай тосырқап тұрғандардың арасынан аппақ сақалды жасы ұлғайған қария алға шығып: – Ау, адам көрмегендей бұл не тұрыстарың. Қане, қарағым, үйге кір деп қарсы алып, шеткерірек тұрған үйге бастап жүрді. Жолаушы, өзіне келіп, төрге отырып, жан шақырған соң қария оны сөзге тарта бастады.
-Ал шырағым, шаршап, шалдығып келе жатқан түрің бар екен. Жағдайыңды айта отыр. Жүздің жүзін көргенше, бірдің атын біл дегендей,- деп суыртпақтап бейтаныс жолаушыдан жөн сұрады.
Ас-су ішіп өзіне келе бастаған Маутай батыр да қариясы бар ауылдың құрметіне риза болып, өз жағдайын баяндап берді.
Өзінің «Ақкесене» қорғанына бара жатқанын, қасқырлар тобына кездескенін, ғайыптан келіп құтқарып қалғанын төбеттің көкжал қасқырмен айқасып, жалпы жолдың өте ауыр болғанын әңгімелеп берді. Сөз арасында адамның адамға жасаған жауыздығына хайуан болса да иттен көрген жақсылығына ризалығын да жеткізді.
Салалы саусақтарымен аппақ сақалын сипап отырған ақсақал, ойлы көздерімен жолаушыға барлай қарап отырып, өз жағдайларын да айтты.
-Ия, бұл азғана ауыл қалмақтардың қысымынан қашып шығып, осы Тұра тауының етегін қоныс еткенімізге біраз уақыт болды. Адамның қасқырынан құтылып едік, енді хайуан қасқырдың да талай басынғанын көрдік. Осы қызыл мойнақ иттің сырттаны болып, ауылымызға береке кіргізіп отыр. Ауылға жақындамақ тұрмақ иттің бір екі ұлып дауыс бергенінен-ақ қасқырлар безе жөнеледі, зәре-құттары қалмай өз жөндерін табады. Сен айтып отырған үлкен көкжал қасқыр, қасқырдың сырттаны екен. Аңдысқандарына көп болып еді. Екеуі бірін бірі ала алмай жүруші еді.
Кім білсін, Алла қолдап сен кездеспесең, қасқыр жақтан шығып көкжалдың көңілін сен аудармағанда қызыл мойнақты майып етер ме еді, бәрекелді шырағым, сен құтты қонақ болдың,- деп ризалығын білдіріп, іш тартты қария. Атың жылқыға келіп қосылды. Бұл аймақтан жалғыз жүру өте қауіпті екенін көрген шығарсың. Бұрынғының сөзі:
«Ғашық тапсаң, ақын боларсың,
Орманға кірсең, ағаш жонарсың.
Далада қалсаң, бейітке қонарсың,
Қартайсаң, қақсал томарсың,
Қарғыс алсаң, көктей соларсың»,- деген емес пе, бейіт бар жерде ел бар. Жас кезімде қол бастаған Бекайдар деген батыр едім, енді сексеннен асып селкілдеген шал болдым. Кім болса да сені жолы ұзақ, қауіпті жерге жұмсапты, тілімді алсаң кері қайт, екі-үш адам жолсерік беремін. Сені екі-үш күндік жерге шығарып салады. Жіберген адамның дұшпан екенін есіңе сақта. Ақкесене қалмақтардың қолында еді, қазақтар қайтарып алғанына төрт-бес айдың жүзі болды,- деп қария сөзін аяқтады.
Көпті көрген қарияның сөзі Маутай батырға ой салса да алған бетінен қайтпай «Ақкесенеге» жетуді шешті. Екі-үш күн қонақ болып күш жинап, ауылдан жақсы көңілмен аттанған батыр қорғанға қарай суыт жүріп кетті.
Ендігі әңгіме сол кездегі қазақ жұртының хал-ахуалы, тіршілік тауқыметі жайлы ел аузындағы естігенімді баяндауды жөн көрдім. Қазақ даласындағы өмір бірде бар, бірде жоқ болып, яғни тұрақсыз шарасыз өмірден әбден мезі болған үрейлі ел-жұрттың пәтуасыз күндерде өмір сүрген мазасыз кезеңдері еді. Ел-жұртынан айырылған қапыда қолға түсіп тұтқын болған шарасыз елдің басындағы ауыртпашылық өксікті үнді, зарлы өлеңдермен бархан-бархан құм арасындағы ұйытқыған құйынды желмен араласып, көкпеңбек болып, бадырайып тұрған қолдың күре тамырындай Талас өзеніне құйылып жатқандай болып елестейді.
Шапшыған құрық тимес асаулардай,
Жылжиды қыздың көші-жасауындай.
Ешкімге тәкаппарсып бас имейді,
Өзіңе қарсы шабар жасырынбай.
Ізіңді өшіреді жылан болып,
Өміріңді өлшейсің құмға жорып.
Адамдардың көздері неге тояр,
Қалады-ау бір уақытта құмға толып.
Сұп-сұр сарыала құм ыстық күнде аяқ басқан сайын сусып қадамыңды аштырмай, бір жұтым суға зар болып, ындыны құрып, талай азапты бастарынан кешіріп келе жатқан жоңғар әскерлері Талас өзенінің жиегіне жетіп естерін бір-ақ жинағандай болды. Қосындарын тігіп, жан шақырды. Тұтқындарды иірген қой сияқты қоршап алып, өз тілдерінде кеңесіп екі-үш күн тынықтырып алып оларды іріктеп, күш-қайраты барларын бөлектеп алып, ауру-сырқаулы, әлжуаздарын қылышпен, садақпен жусатып салды.
Қазақ тұтқындарына ешкі қылымен биенің сүтіне саз топырақты қосып әртүрлі тәсілмен өңдеп, арнаулы қалыппен кірпіш құйғызып «Ақкесене» қорғанын салдырған жоңғарлар екен. Ылғи да жан-жағына қырағы болып ешнәрсеге бөгет болмай, жұмыстарын аяқтап қорғанды өз пайдаларына, яғни барлау мақсатында іске қосты. Ал сол тұста шашыраған қазақ тайпалары ес жия алмай, қарсылық жасайтын шамада емес еді.
Бұл Ақкесененің жұмбақ күйі елді қатты таңғалдырдыру мақсатында салынған алыстан көзге түседі екен. Негізінде бұл құрылыстың құпиясын оны соққан ұсталар өзбек ұлты Жүсіп Қадыр деген кісі жанына төрт ісмер кісілермен бірге құрылысты бастан-аяқ салып бітіреді. Сондықтан Бұқар әмірінің де құдіреті-құзыры жүрген дейді. Қалмақтар құрылысшыларға жұмысты бітіргенше көп қамқорлық жасап, тез бітуіне жағдай жасаған екен. Біткен соң, яғни құрылыс жұмысы аяқтала салысымен олардың бастарын алып, із-түзсіз жіберген. Осы Ақкесенеден үш-төрт шақырым жерге Көккесене деген қорған тұрғызылыпты. Осы қорғандарға қалмақ жауынгерлері, жан-жағынан сақтықпен осы жерге бекінгенге ұқсайды. Тарих куә, осында қаншама қазақ қаны төгілді десеңші?!
Ал, осы маңдағы қазақтар жоңғарға қарсы келе алмай, шашыраңқы қарсылық көрсетіп жатқанда Созақ даласында басы бірігіп, жинақталған қазақ жауынгерлері елі үшін жері үшін соғысқа дайындалып жатқан еді. Онда да алысты қарауылдайтын қорған болған екен. Сол арқылы екі жақ бірін-бірі аңдысқан, яғни бақылайды екен. Сондай күндердің бірінде келіншек тауынан созақ даласындағы қорғаннан жалп етіп ұшқан құс артынан шаң шыққандай болады, қалмақ күзетшілері иесіз қорғаннан қарақұс ұшты, демек қазақтардан қауіп жоқ деп алаңсыз жатады. Жауынгерлер хонтайшысы Дадан Серен кеудесін қағып, мақтанып: «Бекіре балықтың басы тасқа тимей, қайтпайды»,- деген. Қазақтардың бастары тасқа тиген шығар, енді бізге қарсы келмес»,- деп көңіл көтеріп, тамашалауға жауынгерлеріне рұқсат етіп, қамсыз сайран салып жата береді. Сол сәтті пайдаланған қазақ жауынгерлері қамсыз жатқан жоңғар қалмақтарына қырғын салды. «Ақкесене» мен «Көккесене» өз иесін тапқан қуанышты күндер келді. Пұшық ұлықтың Дадан Серенге хат жолдауы бұхарлық шеберлердің хабарын білу мақсатында, екінші жағы халық батыры Маутайдан құтылудың жымысқы амалы еді. «Батыр аңғал болады»,- деген мақалдың құрбаны бола жаздаған Маутай батырдың соншама жерден өз күшіне сеніп, жолға шығып, жеткен кезі осы жағдайға сәйкес келген екен.
Талас бойындағы қалмақ қорғанына келгенде қаңтар айының сақылдаған сары аязды күндерінің жуан ортасы еді. Аспанда жемтік іздеп, қалықтап ұшқан қарақұстың қанат суылы мен кейде шаңқ еткен дауысы ғана тыныштықты бұзғандай, табиғат тым-тырыс. Жан-жақта қалмақтардың жұртынан басқа сарғайып «Ақкесене» мұнарасы қалыпты, бұл қырғын соғыстың куәсіндей болып әсер етеді көрген көзге.
Мұнараның қабырғасына белгісіз біреу мына бір шумақ өлеңді қашап жазыпты. Елсіз далада тілдесер ешкім жоқ болса да, сауаты бар адам осыны оқып, көңіл аударатындай әсер қалдырады.
Мұнартады құм ішінде ақ мұнара,
Қанды шайқас болып еді бұл арада.
Шарт сынған қанға жерік қайқы қылыш,
Ұқсайды сөз сөйлемеген, ақсәлделі ғұламаға.
Міне, Ақкесененің біз білмеген сырлары осындай…
Төлебала СҮҢГІБАЕВА,
ардагер ұстаз.
Көлтоған ауылы