Mádenıet

Кітапхана болашағы – жастарда

Аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің ұйымдастыруымен «Достық» мәдениет үйінде Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» бағдарламасы және «Жастар жылы» аясында «Жыл маманы-2019» байқауы өтті.

Байқаудың мақсаты – заманауи жетістіктерге лайықты әдіс-тәсілдерімен кітапхана ісін дамытуға қабілетті жас кітапханашыларды тану, олардың қызмет көрсетудегі ұйымдастыру біліктілігі мен кәсіби деңгейін анықтау, кітапхана ісін дамытуда жас кітапханашылардың жаңашылдық бастамасына қолдау көрсету.
Шараны аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің қызметкері Ұлан Әбірбекұлы мен Бәйтерек ауылдық кітапханасының кітапханашысы Айман Алтайбекова жүргізді.
Сайысты аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Сауытбек Махамбетов ашты.
– «Бұл ән бұрынғыдан өзгерек» демекші, бүгінгі байқау бұрынғыдан ерекше болып отыр. Себебі, бүгінгі дүбірлі сайысқа жас мамандар қатысып, өзара бақ сынаспақшы. Байқау өте орынды ұйымдастырылуда. Жастарды тек ақпараттық технологияға ғана емес, кітапханаға тарту мақсатында жұмыс жасау керек. Ауылдық кітапханаларда цифрлық ақпараттық орталықтар ашылып, кітапханашылар тұрғындарға қызмет көрсетуде. Мұның өзі кітапханашы үшін үлкен жетістік. Әр келушіге қызмет көрсете отырып, бір кітапты таныстырып, оны оқуға шақырады. Яғни, адамның жан дүниесін рухани дамытуда өлшеусіз еңбек етудесіздер. Алдағы уақытта да дәл осы қалыппен жұмыс жасай беретіндеріңізге сенім білдіремін, – деп Сауытбек Махамбетов қатысушыларға сәттілік тіледі.
Шараға қатысушылар біркелкі киім үлгісімен «Кітапхана әнұраны» әнін орындап ортаға шықты.
Байқау алты кезеңнен тұрды. Бірінші кезең «Кітапханашы – мәртебелі мамандық» деп аталып, қатысушылар өзін және жұмыс орнын слайд, бейнебаян, ән, поэзия, проза түрінде таныстырды. Таныстыру бөлімінде Нұрлыкент ауылдық кітапханасының кітапханашысы Айнұр Бегалиева мен кітапханашылар Лаура Сейітпуллаева, Ғалия Қуанышбекова ерекше көзге түсті. Ал, «Білікті маман – ел тірегі» деп аталатын кезеңде жастардың білім деңгейі, кәсіптік біліктілігі, ой-өрісін тексеру мақсатында сұрақ-жауап ұйымдастырылды. Мұнда сайыскерлер бір-бірінен оза шығып, сұраққа тұшымды жауаптарын берді. «Кәсіп ұраны» атты үшінші бөлімде кітапханашылар «Мен не үшін өз мамандығымды сүйемін?» деген үй тапсырмасында ұран құрастырып, көрерменге паш етті. Сонымен қатар, қазылар алқасына «Таныс болайық!» бөлімінің үй тапсырмасы бойынша қатысушылардың сауалнамалық жауаптары ұсынылып, бағаланды.
«Ақылдылық кітапханашыға жарасады» демекші, байқаудың бесінші кезеңінде мамандар ширату-интеллектуалды ой-өрістік блиц турнирдің сұрақтарына жауап берді. Яғни, мәдениет, әдебиет, өнер, ғылым, салт-дәстүр аясында берілген бірнеше сұраққа жылдам жауап беру керек. Қатысушының шығармашылық қабілетін арттыру, өнерге бейімдеу мақсатында «Өнерлінің өрісі кең» кезеңіне кезек беріліп, кітапханалар өнерлерін ортаға салды. Бұл кезеңде Нұрлыкент ауылдық кітапханасының кітапханашысы Айнұр Бегалиева ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың «Аққулар ұйықтағанда» поэмасынан көрініс қойып, көпке ой салды. Байқаудың «Ас – адамның арқауы» деген бөлімінде жас мамандар түрлі ұлттың тағамдарын жасап, қазылар алқасына ұсынды.
Осымен шара өз мәресіне жетіп, қазылар алқасы байқаудың жеңімпазын анықтады. Нәтижесінде, әдіскер Фариза Смаилова – «Көрермен көз айымы», Нұрлыкент ауылдық кітапханасының кітапханашысы Айнұр Бегалиева – «Шығармашыл кітапханашы», Тәттібай Дүйсебайұлы ауылдық кітапханасының кітапханашысы Сандуғаш Дербісәлиева – «Мен өз жұмысымды сүйемін», Қарасаз ауылдық кітапханасының кітапханашысы Ақкөгершін Темірбаева – «Парасатты кітапханашы» номинацияларын иеленді. Ал, байқаудың жүлделі ІІІ орны және «Зерделі кітапханашы» номинациясы жас маман Мира Торбаеваға бұйырса, ІІ орын және «Өнерлі кітапханашы» аталымы Ғалия Қуанышбековаға берілді.
«Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шығады» дегенге сүйенер болсақ, байқауда қатарластарынан алға озып шыққан кітапханашылар Лаура Сейітпуллаева мен Ақбөпе Ембердиева сайыстың Бас жүлдегерлері атанды. Ал, облыстық «Жыл маманы» байқауына Лаура Өтегенқызы жолдама алып, ауданның намысын қорғайтын болады.
Байқауды аудан әкімдігінің мәдениет және тілді дамыту бөлімінің басшысы Сауытбек Әнуарбекұлы қорытындылап, қатысушыларға арнайы Дипломдар мен бағалы сыйлықтар табыстады.

Айгүл Қалымханқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close