Mádenıet

«Пай, пай, шіркін, қазақтың келіндері-ай!»

келіндер сынына «АЛМАМИКС» компаниясы демеушілік көрсетті

Ұлттық салт-дәстүрлерді дәріптеу, қазақ келіндерінің ибалы да инабатты болуына, үлкендерге сый-құрмет көрсете білуге, оларды құрметтеуге және бағалай білуге тәрбиелеу мақсатында Нұрлыкент ауылдық мәдениет үйінде «АЛМАМИКС» компаниясының демеушілігімен «Пай, пай, шіркін, қазақтың келіндері-ай!» атты аудандық келіндер байқауы өтті. Байқауға Қызыларық ауылынан Салтанат Каренова, Шыңбұлақ ауылынан Балжан Сәрсеқұлова, Теріс ауылынан Мейрамгүл Жанғабылова, Нұрлыкент ауылынан екі үміткер – Маржан Жайлаубай және Айгерім Бейсенбай қатысты. Байқау барысында келіндер төрт кезең бойынша сынға түсті.
Келіндердің өнерін аудандық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығының мәдени ұйымдастырушылары Толқын Қыстаубаева, Гүлнар Қашкеева және режиссердің көмекшісі Талғат Батыров бағалады.
«Келіні жақсы үйдің – керегесі алтыннан» деген сөзді халқымыз текке айтпаған. Байқауға тыңғылықты дайындықпен келген келіндер да өз өнерлерін жоғары деңгейде көрсетіп, әрбір кезеңнен сүрінбей өтті. Тартысты өткен байқаудың нәтижесінде, жүлделі үшінші орын Қызыларық ауылынан сынға түскен өнегелі келін Салтанат Каренова мен Теріс ауылының ибалы келіні Мейрамгүл Жанғабыловаға бұйырды. Екінші орынды Нұрлыкент ауылының инабатты келіні Айгерім Бейсенбай иеленсе, бірінші орынға Маржан Жайлаубай лайық деп танылды. Ал келіндер сынының Бас жүлдесін Жетітөбе ауылдық округіне қарасты Шыңбұлақ ауылынан қатысқан Балжан Сәрсеқұлова жеңіп алды.
Байқауда халқымыздың ұлттық құндылықтары мен ата-бабаның салт-дәстүрін кеңінен дәріптеген ибалы да өнерлі келіндерге байқаудың демеушісі Алматы қаласында орналасқан «АЛМАМИКС» компаниясының Алғысхаттарын және бағалы сыйлықтарын аталған компанияның өкілі салтанатты жағдайда табыстап, алғыс білдірді.
Байқаудың өтуіне демеуші болған «АЛМАМИКС» компаниясына, сонымен қатар, компания басшылары ағайынды азаматтар – Алмат, Ринат және Нұрхат Раханұлына шынайы алғыс білдіреміз!
Хадиша Жақыпқызы,
Нұрлыкент ауылдық мәдениет үйінің үйірме жетекшісі

Таңдаулы материалдар

Close