Mádenıet
Қара Домбыраны жанына серік еткен
Домбыра – қазақтың қасиетті аспабы, құнды байлығы, таптырмас қазынасы. Ұлы ақын Қадыр Мырза Әлінің «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деген сөзінің зор мәні бар. Мұндай тұжырымның астарында қазақтың осынау киелі аспабын құрметтемеген, домбыра үніне сүйсінбеген адамда қазақы қасиет жоқ деген ой жатыр. Қашанда қадір тұтып, төрге іліп, қастерлеген қазақтың қара домбырасын шақпақаталық жас өнерпаз Нұрдәулет Баймахамбет жанына серік етіп келеді.
Жас өнерпаз 2016 жылдан бастап Шақпақата ауылындағы балалар өнер мектебінде домбыра сыныбының мұғалімі болып жұмыс істеп, бүгінде жас маман ретінде қалыптасуда. Нұрдәулеттің өнер саласына келуіне анасы себепші болған. Үйдің сүт кенжесі, тоғызыншы перзентін анасы ауылдағы өнер мектебінің домбыра сыныбына береді. Өнер мектебіндегі білікті маман Әзиз Шәкірбаевтың жетекшілігіндегі үйірмеде бала Нұрдәулет бес жыл бойы домбыраның қыр-сырын үйреніп, күйдің құдіретімен сусындап өседі.
Ұлттық аспапқа деген қызығушылығы мамандық таңдауына да септігін тигізіп, ол Тараз қаласындағы Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжінен аспапта орындау және өнер эстрадасы мамандығын меңгеріп шығады. Жас маман колледждегі мұғалімі, білікті маман Ұлбала Серімбетованы үлгі тұтады. Мамандығына деген сүйіспеншілігін арттыруға, қазақтың ұлттық аспабын меңгеруге сіңірген еңбегі зор деп біледі.
Жас маманның алға қойған мақсаты айқын. Ол ауыл балаларын өнерге баулып, оқушылардың бойындағы өнерін шыңдап, түрлі байқауларға қатыстыруды көздейді. Сонымен қатар, балалардың ұлттық аспаптың қадір-қасиетін жіті ұғынуға күш салып, үлгілі шәкірт тәрбиелеу – басты арманы.
Өнер мектебіндегі аға буын өкілдері, білікті мамандар Әзиз Шәкірбаев, Қалмұхан Досанқұлов, Ержан Шаханов және Лаура Манатбайқызының жас маманға бағыт-бағдар беруінен Нұрдәулет балалармен жұмыс істеудің дұрыс жолдарын меңгеру үстінде. Қазіргі таңда домбыра сыныбында тоғыз балаға ұлттық аспапты үйрету негізгі оның жұмысының бірі. Ол өнерлі балалардың басын қосып, «Ақжелең» домбырашылар ансамблін де құрған.
-Батыр Бауыржан Момышұлы айтқандай, өнер – адамның рухани азығы, халықтың бүгіні мен келешегі, арманы мен қиялы, жалпы болмысы. Жас жеткіншектерді өнерге баулып, үлкен өмірге қанат қағуына өнер мектебінің қосар үлесі зор. Өйткені, менің өнерге келуіме ауылдағы балалар өнер мектебі себепші болды. Біріншіден, марқұм анама деген алғысым шексіз. Өнер де адамды тәрбиелейді. Әсіресе, ата-бабамыздан жеткен бай мұра күйдің берер тәрбиесі мол. Күйді жүрекпен сезініп орындағанда, тыңдаушының жүрегіне жеткізе аласың. Күй арқылы көп дүниені жеткізуге, ұғындыруға болады. Алғашқы мұғалімім Әзиз ағай да өнерімді әрі қарай дамытуыма себепші болды.
Балалар өнер мектебіне, әсіресе, домбыра үйірмесіне балаларын беремін деген ата-аналар көп. Балалардың қызығушылығы да жоғары. Домбыраға қызығып, күй тартуға ынталанған балалар саны күннен-күнге өсуде. Бұл, әрине, ұлттық аспапқа деген құрмет. Үйірмеге келген әрбір баламен бірінші кезекте, бақылау емтиханы өткізіледі. Балада құлшыныс пен ниет болса, нәтижеде шығады. Ең алғашқыда балаларға «Еркем-ай», «Біз өмірдің гүліміз» және «Жастар биі» күйлері үйретіледі. Яғни, сабақ жеңіл ойналатын күйлерден басталады. Одан кейін балалардың деңгейіне қарай сабақ күрделене береді. Қазіргі таңда, 5-ші сыныптағы балаларға «Адай», «Балбырауын», «Жұмыр-Қылыш», «Көроғлы», «Көңіл толқыны» күйлері үйретілуде.
Өнерде шекара болмайды, оны түсінуге тілдің де керегі жоқ. Қазір қазақты осы аспаппен әлемге танытып жүрген өнерпаздар аз емес. Күйшілікті домбыра тарту өнерінің шыңы дейміз. Сондықтан ұлттық өнерді дамыту, балаларға ұлттық аспапты үйрету, күй құдіретін түсінер жақсы шәкірт тәрбиелеу басты арманым, – дейді жас өнерпаз.
Жас маман домбыра сыныбындағы балаларды түрлі байқауларға қатыстырып, олардың жүлделі орындармен оралып жүргенін шәкірттерінің еңбегі деп біледі. Өнерлі балалар ұлттық аспапта күйді бар ынта-жігерімен ойнайтынын да жоғары бағалайды. Өзі де жас маман, өнерпаз ретінде байқауларға қатсып, жеңімпаздар қатарынан көрінуде. Байқауларға үздік шәкірттер тәрбиелеп, қатыстырғаны үшін Алғысхаттармен марапатталуда. Аудандық «Жас маман» байқауында да бақ сынап, жүлделі ІІІ орынға ие болған.
Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»