Mádenıet

Ана – өмір бастауы

Ана – тіршіліктің гүлі, отбасының берекесі, бүкіл адамзаттың тәрбиешісі. «Алып анадан туады» дейді дана халқымыз. Дүниеде анасыз адам жоқ. Қаламы жүйрік жазушы да, данышпан ғалым да, ел бастаған көсем де, сөз бастаған шешен де Анадан туып, көкірегінен нәр алып өскен. Ана – барлық өмірдің бастауы. Ол өз сәбиін мәпелеп өсіреді, жақсы болуын қалайды. Адам бойындағы барлық асыл қасиеттер күннің нұрынан, ананың ақ сүтінен дариды. Ана – ұлы адам, қасиетті жан. «Ана бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді» деген. Расымен, Анасыз өмірді, әлемді елестету мүмкін емес. Әрбір жұмыр басты пенде бұл өмірге келгені үшін Анасына қарыздар. Сондықтан ұрпақты жарық дүниеге әкелген Ананың алдында бәріміз бас иеміз.
Халық арасында ананы қадірлеу, ананың орны туралы даналық сөздер көп. Мұхаммед пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінде де ең алдымен Ананы құрметтеу парыз екені айтылады: «Әуелі анаңа, тағы да анаңа, содан соң әкеңе жақсылық жаса» делінген. Кімде кім ата-анасының разылығын алған болса, соның өмірі ұзартылады, Жұмақтың кілті – ананың табанының астында.
Осы орайда барша Аналарға тағзым жасау және отбасылық құндылықтарды ардақтау мақсатында Қошқарата ауылдық мәдениет үйі мамандарының ұйымдастыруымен «Ана – өмірдің гүлі!» тақырыбында тағылымды кездесу өтті. Аталған кездесуге білім беру саласының ардагері, ауылдық округтің Аналар алқасының төрағасы Жеміскүл Тәжібаева қонақ ретінда шақырылып, онымен қоса, кешті ауылдағы №9 Абай атындағы орта мектептің 9 және10 сынып оқушылары тамашалап, тағылымды шара өте әсерлі өтті.
Кеш барысында Жеміскүл Орынқожақызы балғын балалық шағымен қатар, студенттік кезеңдеріндегі қызықты оқиғаларымен бөлісіп, оқушыларға ұлттық және отбасылық құндылықтарды сақтау, ауыл-аймақтың береке-бірлігін арттыру жөнінде кеңінен әңгімеледі. Ақындық өнерін да ортаға салып, оқушыларға өзі шығарған өлеңдерін оқып берді. Оқушылар кеш қонағына сұрақ қойып, Жеміскүл апаймен бірге «Атамекен» әнін шырқады.

Назерке ТӨЛЕПБЕРГЕНОВА,
Қошқарата ауылдық мәдениет үйінің үйірме жетекшісі

Таңдаулы материалдар

Close