Mádenıet
Жуалылық шеберлердің жұмыстары тараз төрінде таныстырылды
Тараз қаласындағы «Көне Тараз – этномәдени кешені» Достық үйінде №1 Балалар өнер мектебінің «Ұлттық құндылықтар – ұлт қазынасы» атты облыстық көркем сурет және қолөнершілердің шығармашылығынан құралған көрмесі өтті. Биыл екінші рет ұйымдастырылып отырған көрменің мақсаты – ұлттық қолөнерді дамыту, оқушыларға қолдау көрсету, олардың жасаған бұйымдарын халық арасында кеңінен насихаттау, жас әрі дарынды қолөнер мен қылқалам шеберлерін анықтау және шығармашылық байланыстарды кеңейту.
Көрмені тамашалауға Мыңбұлақ орта мектебінің оқушылары, мектеп олимпиадаларын және мектептен тыс іс-шараларды өткізетін облыстық орталықтың оқушылары және суретшілер көптеп келді. Олар ұлттық өнерді асқан шеберлікпен жеткізген қылқалам шеберлері мен қолөнершілердің көздің жауын алатын туындыларын таңқала тамашалады. Әр туындының айтар ойын, оның мән-мағынасын ашуға тырысып, өзара ой бөлісті.
Облыстық көрменің шымылдығы «Кербез» би тобының «Өрнек» биімен және «Мұрагер» домбырашылар ансамблінің «Еркесылқым» күйімен түрілді.
Көрменің ашылуында алғашқы сөз Жуалы ауданы білім бөлімінің басшысы Бақыт Шертаеваға беріліп, ол өнер мектебінің жұмысына сәттілік пен шығармашылық табыс тіледі.
Ал, Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Мүбарак Жинақбаева өнерлі шәкірттерді тәрбиелеп жатқан ұжымға алғыс білдірді. Ұлттық құндылықтарды насихаттаудағы жұмысына табыс тіледі. Көрмені жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін өнер мектебінің ұжымын Алғысхатпен марапаттап, «Жамбыл облысының Қазақстан халқы Ассамблеясы» кітабын сыйлады.
Сонымен қатар, Тараз өңірлік университетінің профессоры, суретші, өнер қайраткері Мухамет-Умар Паншаев және мектеп олимпиадаларын және мектептен тыс іс-шараларды өткізетін облыстық орталықтың педагогы, «Шабыт» фестивалінің лауреаты, ҚР суретшісі Серіжан Сағындықов мұндай көрмелердің балаларға берері мол екенін жеткізді.
№1 Балалар өнер мектебінің директоры Қанат Мұратаев көрмені өткізуге қолдау білдірген жандарға алғысын жеткізді.
-Өнер – таусылмас қазына. Ұлттық құндылықтарымыз – ұлтымыздың қазынасы. Бұл құндылықты жаңғыртып, әрі қарай жалғастыру біздің басты мақсатымыз. Еліміздің ертеңі жастардың бойына ұлттық өнерді сіңіре білуіміз керек. Өнер мектебінде өнерлі, таланатты шәкірттер көп. Әрқайсысының бойында тұнып тұрған талант бар. Оны дамыту, бойындағы өнерін шыңдау – біздің басты мақсатымыз. Осындай көрмелер арқылы балаларды шабыттандырып, тәжірибе алмасу арқылы олардың көзқарасын жаңа бағытқа өзгертуге болады. Бала – болашағымыз. Сондықтан бастысы, балалардың өнерін көпшілікке таныстыру біздің негізгі жұмысымыздың бірі, – дей келе, Қанат Жарасұлы көрмеге қатысушыларды өнер мектебінің көркемсурет туындыларын және қолөнер бұйымдарын бірге тамашалауға шақырып, көпшілікті көрмемен таныстырды.
Көрмеге өнер мектебінің мұғалімдері мен оқушыларының әртүрлі жанрда және заманауи әдіс-тәсілдермен жасалған 130-ға жуық еңбегі қойылған. Яғни, көрмеге суреттер акрил, акварель, майлы бояулар, аппликациялар, батиктерде салынса, сәндік қолданбалы өнер бұйымдары ағаштан, былғарыдан, жүн, жіптерден, киізден, картоннан, моншақтар мен зергерлік бұйымдардан, тұрмыстық қалдықтардан жасалған. Сонымен қатар, заманауи стеймпанк жанрындағы туындылар да көрмеде өзіндік бір мән мағынаға ие болды. Әр туындыдан қаншама еңбек пен уақыттың жұмсалғаны аңғарылады.
Көрмеге талантты суретші Қанат Жарасұлының да үздік туындылары қойылған. Өзіндік қолтаңбасы бар өнер иесінің суреттерін көрермендер ерекше ықыласын тамашалады. Көрермендер «Дешті қыпшақ», «Ақсақ Құлан», «Қазақ қызы», «Қанды жорық», Бауыр» және «Қалыңдық» секілді туындыларға тәнті болды. Сонымен қатар, жас суретші Алимаш Серікбайдың «Теңіздегі кеме» туындысы және 11 жасар Розалина Ашурованың өзен жағасындағы көктемгі көрінісі көзге түсті.
Көрмеге қойылған сәндік қолданбалы өнер бұйымдары да қызықтырды. Өнер мектебінің қызметкерлері шәкірттерімен бірге жасаған қолөнер бұйымдарының жасалуын, мән-мағынасын кеңінен түсіндірді.
Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»