Mádenıet

Көрерменге ізгілік нәрін сыйлаған өнер ұжымы

Мәдениет – ұлт өмірінің айнасы, ғасырлар бойы үзілмей келе жатқан халықтың рухани келбеті, мейірімі мен парасат-пайымы. Сондықтан мәдениет – біздің елде ғана емес, әлемдегі барлық мемлекеттер дамуының маңызды басымдықтарының қатарына кіреді.
Дана халқымыз “Өнер – ұлттың жаны” деп бекер айтпаған. Халқымыздың бай мұрасы мен руханиятының дамуына үлес қосып, көрерменге ізгілік нәрін сыйлап жүрген аудандық мәдениет бөлімінің қызметкерлері еңбегінің ауданның қоғамдық өмірінде алар орны ерекше.

Аудандық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығына бір аудандық мәдениет үйі, тоғыз ауылдық мәдениет үйі және 12 ауылдық клуб қарайды. Мәдени нысандарда барлығы 183 қызметкер жұмыс атқарады.
Мәдениет үйінің қызметкерлері ауданда өтіп жатқан атаулы күндер мен мерейтойлардың сапалы ұйымдастырылуына өз үлестерін қосып келеді. Еңбекқор, талантты мамандар түрлі облыстық, республикалық байқауларға да қатысып, жүлдемен оралып, жуалылықтардың мақтанышына айналуда.
Мәдениет нысандарының материалдық-техникалық базасы да жылдан-жылға нығайып келеді. Мәселен, соңғы жылдардағы мәліметтерге сүйенсек, аудандық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығының директоры Салтанат Біләнқызының айтуынша, 2023 жылы Қоңыртөбе ауылдық клубына сыртқы безендіру жұмыстары жасалса, 2024 жылы Жаңаталап, Қошқарата және Қызыларық ауылдарындағы мәдени нысандарға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілмек.
-Аталған үш ауылдағы мәдени нысанның сахналық киімдері, орындықтары мен музыкалық аппараттары жаңартылатын болады.
Биыл аудандық мәдениет үйіне 13,6 млн теңгеге LED экран алынды. Сонымен бірге 9,8 млн теңгеге сахналық киімдері жаңартылды.
Өткен жылы Жуалы ауданының 95 жылдығына орай әртістерге ұлттық сахналық киімдер тігілді.
Одан бөлек, мәдени нысандарға ішінара жиһаздар, жалюзилер, стендтер, компьютерлер алынуда.
2023-2024 жылдары мәдениет үйінің қызметкерлері көптеген байқауларға қатысып, жүлделі орындарды иеленіп әрі тәжірибе жинап қайтты. Енді биыл облыстық “Рухани жаңғыру” байқауынан республикалық байқауға жолдама алған қызметкеріміз режиссер Ербол Бекжанов Қостанай қаласында өтетін байқауда өнер көрсететін болады.
Мәдениет саласында талантты, ізденімпаз жастар көп. Мәселен, Ербол Бекжанов, Ерболат Қаттебеков, Назерке Ахмет, Қуаныш Сүйінбай, Салтанат Жолболдиева, ауылдардан Бауыржан Асубай, Руслан Өтегенов, Сәния Нұрымбетова сынды, тағы да басқа қызметкерлердің еңбегін ерекше атап өтуге болады.
Ауылдық мәдениет үйлерінің ішінде Шыңбұлақ, Нұрлыкент, Қарасаз, Қошқарата және Талапты ауылдарындағы мәдениет нысандарының қызметкерлері биыл өздеріне бекітілген ауқымды іс-шараларды жоғары деңгейде ұйымдастыра білді.
Ауылдық мәдениет үйлері мен клубтарының қызметкерлерін бір-бірімен тәжірибе алмастыру, жұмыс сапасын көтеру мақсатында семинарлар ұйымдастырылып, жұмыстарына зерделеу жұмыстары жүргізіліп тұрады.
Аудандық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығы қызметкерлерінің алда тұрған жоспарлары өте көп. Мысалы, ақын, мәдениет қайраткері Мырзахан Ахметовтың, генерал Диханбек Сатылғановтың 70 жас мерейтойлары, сонымен бірге Еңбек Ері Аягүл Миразованың 75 жасы, марқұм, жазушы, журналист Мақұлбек Рысдәулеттің және “Даңқ” орденінің толық иегері Тайыр Тастандиевтың мерейтойлары. Сондай-ақ, атаулы күндер мен мерекелік іс-шараларды сапалы ұйымдастыру басты назарымызда,- дейді аудандық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығының директоры Салтанат Біләнқызы.
Мәдениет – күрделі сала. Себебі, мәдениетті адамды оқыған кітабы, тыңдаған әні, көрген киносы, өмір сүрген ортасы тәрбиелейді. Яғни, мәдениеттің сапалы өнімін әзірлеу, дұрыс құндылықтарды қалыптастыру өте маңызды. Бұл тұрғыда аудандық мәдениет бөлімінің мамандарына да артылған жауапкершілік жүгі ауыр. Сондықтан мәдениет саласының мамандарына мәдени саясаттың әрбір бағытын сәтті іске асыруларына тілектеспіз!

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close