Mádenıet

Сегіз қырлы, бір сырлы…

Біздің бүгінгі кейіпкеріміз жас маман сегіз қырлы, бір сырлы Қуаныш Сүйінбай. Ол 1997 жылы Т.Дүйсебайұлы ауылында дүниеге келген. 2016-2020 жылдары М.Х Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін «Мәдени тынығу жұмысы» мамандығы бойынша тамамдаған.

2022 жылдың қыркүйек айынан бастап аудандық мәдениет үйінде «Жуалы» халық театрының режиссер ассистенті болып жұмыс істейді.
Жас маман Қуаныш Сүйінбай жұмысына жауапты, адамгершілігі мол, әріптестерінің ортасында сыйлы. Аудандық іс-шараларға белсене араласып, тұрғындарға нәтижелі кызмет көрсетуде. Сауатты да, ұқыпты жұмыс істеу, тапсырылған іске жауапкершілікпен қарау, уақтылы орындау оның жұмыс барысындағы ұстанымы. Жаңа технологияларды меңгерген, сабырлы, сыни пікірлерді жақсы қабылдай алатын, одан ой түйіп, түзелуге тырысатын жас маман болашақта өзінен көп үміт күттіреді.
Ол жұмысқа орналаса салысымен ауданға қарасты барлық ауылды аралап, жеке шығармашылығынан концерт қойды. Облыстық «Шерхан оқулары» байқауында ауданның намысын қорғап, жүлделі І орынды иеленді.
2023 жылы Қостанай қаласында өткен республикалық әзіл-сықақ театрларының арасында өткен байқауда директор және жендет образдарын абыроймен алып шықты.
Ауданда Абай күніне арналған қойылымда «Махаббат пен парасат» драмалық спектаклінде жас Абайдың рөлін сомдады. Мұқағали Мақатаев пен Бауыржан Момышұлының кездесу қойылымында Мұқағалидың образын сәтті алып шықты. Шерхан Мұртазаның 90 жылдығына орай қойылған «Ай мен Айша» спектаклінде молданың рөлін сомдады.
Жуалы ауданының 95 жылдығына орай ұйымдастырылған «Жерұйық мекен – Жуалым!» бейнебағдарламасын жүргізді. 2023 жылдың желтоқсан айында облыстық халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен өткен мемлекет және қоғам қайраткері – Темірбек Жүргеновтың 125 жылдығына орай «Театр – өмір айнасы» облыстық әзіл-сықақ фестивалінде, Е.Жолдасовтың «Шатыр астындағы екеу» комедиясында басты рөлді сомдап, «Ең үздік ер адам бейнесі» номинациясын иеленді.
Талас ауданында өткен Шона Смаханұлының туылғанына 100 жыл толуына орай ұйымдастырылған «Шоқ тілді Шона» атты облыстық әзіл-сықақ байқауында «Операция алдында» комедиялық көріністе басты рөлді сомдады.
Бүгінде Қуаныштың 1000-ға жуық қара өлеңі, 100-ден аса авторлық әндері бар соның ішінде «Жүректің емі», «Сен маған мәңгі шыдайсың ба?», «Есіңе ал», «Үлкен қыздар жыламайды», «Жауратасың», «Оян, Қазақ!» және тағы да басқа 10-нан аса әні қазақ жастарына танылды.
Жас маманның жұмысынан өзге де жетістіктері аз емес!

Салтанат МЕЙІРЖАНҚЫЗЫ,
көркем өнерпаздар және мәдени жұмыс бөлімінің меңгерушісі

Таңдаулы материалдар

Close