Mádenıet

Қаламгер рухына құрмет

ардагер журналистер оқушылармен кездесіп, пікір алмасты

Қасиетті Әулиеата өңірі қай кезеңде де дарындар мен таланттардан кенде болмағаны белгілі. Ұлт руханиятына адал қызмет етіп, мәдениет пен әдебиетте, өнер мен спортта олжа салған ірі тұлғалар мен қайраткер азаматтар арамызда аз емес. Солардың бірегейі, журналист, аты Жамбыл өңірімен қатар, мұқым елге мәлім болған қайраткер азамат Баттал Жаңабайұлы болатын.

Қылышынан қан тамған кеңестік кезеңде облыстық газетті 20 жыл бойы басқарған қаламгердің қайраткерлігі туралы замандастары естеліктерін айтудан жалыққан емес. Қаламгерлердің бірнеше буынын тәрбиелеп, оларға ағалық жол көрсеткен атпал азаматтың бірі – Баттал Жаңабайұлы. Кезі келгенде айта кетейік, қаламгердің табандылығының арқасында қазір Шерхан Мұртазаның атымен аталатын баспасөз үйі журналистерге бұйырған. Оның бұдан өзге де ірі істері аз емес.
Егер көзі тірі болғанда Баттал Жаңабайұлы биыл мерейлі 95 жасқа толар еді. Былтыр өмірден өткен қайраткер азаматтың ұлт руханияты мен отандық баспасөз саласының және ұлттық журналистиканың дамуына сіңірген ерен еңбектерін сөзбен айтып тауысу мүмкін емес.
Жамбыл облысының Құрметті азаматы, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, қарымды қаламгер Баттал Жаңабайұлының 95 жылдығына орай Жуалы ауданының білім бөлімінің тапсырмасымен білім бөліміне қарасты – №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназия, №2 Мыңбұлақ орта мектебі, №29 М.Жұмабаев атындағы орта мектеп, Т.Тастандиев атындағы орта мектеп, т.б. орталық аймақта орналасқан бірқатар мектептердің ұйытқы болуымен кездесу өтті. «Қаламгер рухына құрмет» тақырыбында өткен дөңгелек үстелді өткізудегі мақсат – ерен еңбектің үлгісін көрсеткен қаламгер Баттал Жаңабайұлының өмір жолы мен еңбегін оқушылар арасында насихаттау және өскелең ұрпақты еңбексүйгіштікке баулу.
Кездесуге Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ардагер журналист, ауданның Құрметті азаматы Мейірбек Мәтен, ардагер ұстаз, өлкетану ісінің білгірі, «Үздік өлкетанушы» төсбелгісінің иегері Дәулетжан Байдалиев, Жуалы аудандық «Жаңа өмір-Новая жизнь» қоғамдық-саяси газеті Бас редакторының орынбасары, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Нұржан Дәрбісәлиев және аудандық білім бөлімінің әдіскері Жібек Башаева шақырылды.
Емен-жарқын әрі еркін форматта өрбіген дөңгелек үстел барысында алғашқы сөзді алған Мейірбек Мәтенұлы: «Журналистикаға өткен ғасырдың 70-ші жылдары қадам басқан біздің буын үшін Баттал Жаңабайұлы өңір журналистикасының ірі өкілі саналатын. Біз ол кісіні сырттай танысақ та, көсемсөзін және жазған рухани дүниелерімен облыстық газет арқылы етене таныс болдық. Баттал Жаңабайұлы біз үшін «Жамбыл облысы баспасөзінің атасы» еді. Қайраткер һәм қаламгер азамат өз кезегінде өңір журналистикасында еңбек еткен талай шәкірттің буынына тәлім-тәрбие берумен бірге, олардың қанатын қатайтып, облыстық газетте 20 жыл бойы Бас редактор болып жемісті еңбек етті.
Аға буын өкілдері жақсы білсе керек. Өткен ғасырдың 60-70-80-ші жылдары газет шығару жұмысы оңай болған жоқ. Қаржылық қиындық өз алдына, салада білікті кадрлар дайындау, оларға бағыт-бағдар көрсету де басшыдан үнемі ізденіспен қатар, қажырлы еңбекті де талап ететін. Баттал Жаңабайұлы Кеңестік кезең тұсындағы партиялық «қатал жүйеде» еңбек етсе де, өңір баспасөзінде халыққа рухани азық боларлық ұлттық құндылықтарды, халықтық салт-дәстүрлерді, т.б. маңызды да мазмұнды дүниелердің жариялануына ықпал еткен атпал азамат, қарымды қаламгер болатын. Ол кісінің асқақ азаматтық келбеті, кісілігі мен қайраткерлігі өз алдына. Облыс баспасөзіне, өңір журналистикасына қатысты ірі-ірі жиындар қаламгер Баттал Жаңабайұлының қатысуынсыз өтпейтін. Ол кісі өңір журналистикасы майданының ең алдыңғы шебінде жүріп, жергілікті қаламгерлердің мұң-мұқтажын жергілікті атқарушы билікке өзіне тән асқақ үнімен жеткізіп отыратын. Саналы ғұмырының барлығын дерлік ұлт руханияты мен өңір журналистикасының дамуына арнаған асыл ағамыздың жарқын бейнесі қасиетті Жамбыл жұртшылығының жадында ұзақ уақыт сақталатынына кәміл сенемін» деді ардагер журналист Мейірбек Мәтенұлы.
Келесі кезекте сөз алған ардагер ұстаз, аудандық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері, өлкетану ісінің білгірі Дәулетжан Байдалиев және журналист Нұржан Дербісәлиев Баттал Жаңабайұлының отандық журналистиканың дамуына сіңірген еңбектерін және жалпы журналист мамандығының қыр-сырын, сонымен қатар, мерзімді басылымдар мен кітаптардан ғана адамға рухани азық боларлық құнды дүниелерді оқуға болатынын оқушыларға қызықты етіп әңгімелеп берді.
Дөңгелек үстел барысында мектеп оқушылары Баттал Жаңабайұлына арнау өлеңдерін оқып, қара домбырадан күй төгілтті. Бір сөзбен айтқанда, кездесуге қатысқан оқушылар болашаққа бағыт-бағдар боларлықтай еңбек құндылықтарымен сусындап тарасты деуге болады. Ұлт руханиятына аянбай қызмет еткен айтулы қаламгер Б.Жаңабайұлының өнегелі өмірі жас ұрпаққа молынан үлгі.
Суреттерді түсірген Сәбит КҮЗЕМБАЕВ

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close