Mádenıet
Домбырашылар Бас жүлдемен оралды
Өткен жексенбі күні Шымкент қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясының ғимаратында “Жұлдыздар шоғыры” халықаралық шығармашылық өнер байқауы өтті.
Қазақстанның және алыс-жақын шетелдердің балалар мен жасөспірімдері арасында әртүрлі жанрдағы және стильдегі орындаушылары, ансамбльдері мен бишілері арасында шығармашылық білім мен тәжірибе алмасу платформасы ретінде тұрақты түрде байқаулар өткізіп келе жатқан “Бала шабыт” халықаралық конкурс жобасы” ұйымдастырған кезекті байқауға қатысушылар 24 нөмір бойынша өнер көрсетті. Аталған байқауға №1 Балалар өнер мектебінің шәкірттері де қатысып, өнер көрсетіп, жүлдемен оралды.
Домбыра сыныбының мұғалімі Гүлмира Пертаеваның жетекшілігіндегі “Нұр шуақ” домбырашылар ансамблі Ж.Еңсеповтың “Әке толғауы” күйін орындаса, жеке орындауда шәкірті Аружан Байбосын А.Райымбергеновтың “Секіртпе” күйін тартты.
Домбырашылар ансамблінің құрамында 5-7 сынып оқушылары, яғни №1 Шерхан Мұртаза атындағы мектеп-гимназиядан Мұхан Жания, Серік Алдияр, Мекемтас Асылжан, №19 Дінмұхамед Қонаев атындағы мектеп-гимназиядан Аружан Байбосын, №13 А.Байтұрсынов атындағы орта мектептен Балнұр Мерейқызы өнер көрсетті.
Жуалылық өнерпаздар орындаған екі күй де қазылар алқасы тарапынан жоғары бағаланып, екі нөмір де Бас жүлдені жеңіп алды. Өнерпаздар арнайы Диплом, медаль және кубокпен марапатталды.
Балалардың өнерге деген қызығушылығын арттырып, күш-жігер, зор серпіліс берген байқаудан жас өнерпаздар осылайша қуанышпен оралды.
Өнерсүйер жастардың әрдайым биіктен көріне берулеріне тілектеспіз!
Перизат Шымыртайқызы,
“Жаңа өмір