Mádenıet

«Жуалы аруы» анықталды

Өткен аптада аудандық «Достық» мәдениет үйінде «Жуалы аруы-2024» байқауының жеңімпазы анықталды. Аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен аудандық Жастар ресурстық орталығы бірлесіп ұйымдастырған байқауға 11 ару қатысты.
Нәзіктік пен сұлулықтың символы саналатын қыздар арасында өткен байқау биыл ерекше форматта ұйымдастырылған. Байқауды ұйымдастырушылар сұлулардың сахнаға шығуына аса мән берген. Сайысқа жаңа леп енгізген олар қатысушыларды алғашқыда бірдей қазақтың ұлттық киімімен шығарып, байқаудың мәнін мен маңызын аша түсті. Сахнаға мың бұрала шыққан сұлулар өздерін еркін ұстап, сахнаның мәдениетін сақтауды да үйренген. Байқаудың ең басты талабы да осы, сахна мәдениеті.

Байқауда алғашқы сөз аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ғазиза Тоқсабаеваға және Жамбыл облысы әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Жомарт Зұлпыхарға беріліп, олар байқаудың мақсаты мен маңызына тоқталып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Байқауда арулардың өнерін аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ғазиза Тоқсабаева, Жамбыл облысы әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Жомарт Зұлпыхар, аудандық білім бөлімінің әдіскері Шолпан Исмаилова, аудандық «Жаңа өмір» қоғамдық саяси-газетінің тілшісі Айгүл Аманқұл және аудандық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығының әдіскері Аида Қошаева бағалады.
Ата-бабадан мұра болып қалған әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерін, қазақ қызына тән инабаттылық, ізеттілік, тапқырлық сынды қасиеттерді дәріптеу мақсатында өткен сайыс төрт кезеңнен тұрды. Бірінші «Өзім туралы» таныстыру кезеңінде арулар өздерін әртүрлі бағытта таныстырды. Бірі сахналық қойылым қойса, бірі өзін әнмен, бірі қара өлеңмен таныстырды. Бұл кезеңде Аяулым Байжан және Еңлікгүл Әбілқасым, Нұрдана Қыдырбай, Ақторғын Өмірбай өзінің биязылығымен, даусының мәнерімен, сахналық қойылыммен қарсыластарынан ерекшеленді.
Ал, байқаудың екінші кезеңі «Ең әдемі киім – ұлтыңның киімі» деп аталып, арулар ұлттық киім үлгісін көрсетті. Қазақ қызының бейнесін аша түсетін ұлттық киім үлгісін арулар әдемі көрсете білгенімен, ұлттық киімді байқауға сай таңдамаған. Сонымен қатар, ұлттық киімді киген қос бұрымды, сыңғырлаған шашбаулы қыздар санаулы болды. Арулардың көбісі, ұлттық киімді шаштарын жайып киіп, қателік жіберді. Оны қазылар алқасы да ескеріп, байқау соңында қазақ қызы ешқашан шашын жаймағанын түсіндіріп өтті.
Үшінші «Сұрақ-жауап» тапқырлық кезеңінде қыздар қазақ халқының салт-дәстүріне, әдет-ғұрпына байланысты сұрақтарға жауап берді. Бұл кезеңде қатысушылар кейбір қарапайым сұрақтарға жауап бере алмай сүрініп жатты. Ал, кейбір қатысушылар сұрақтарға жан-жақты жауап беріп, тапқырлықтарын танытты.
Сайыстың төртінші кезеңінде арулар кешкі көйлек үлгісін көрсетті. Бұл кезеңде арулар сымбатына сай кешкі көйлек киген. Десе де тым ашық үлгідегі көйлектер қазақ аруларына тән емес екенін ұмытпағанымыз жөн. Жалпы, байқауға қатысушыларға ата-анасы мен жетекшілері дұрыс бағыт-бағдар берсе, арулар да қателік жібермес еді.
Сайыс қорытындысында Б.Момышұлы ауылының аруы «Жуалы аруы-2024» байқауының жеңімпазы атанды. Жүзден жүйрік атанған ару Аяулым Байжанға арнайы қолөнер шеберлері жасаған тәж кигізілді. Ал, байқаудың І орны Көлбастау ауылының аруы Ақторғын Өмірбайға, ІІ орын Ынтымақ ауылының аруы Еңлікгүл Әбілқасымға, ІІІ орын Ақтөбе ауылының аруы Аяулым Шырымханға бұйырды. Өзге де байқауға қатысушы қыздар түрлі аталым бойынша марапатталды. Байқау жеңімпаздары мен қатысушыларына сыйлықтар мен Дипломдар тапсырылды.

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close