Mádenıet
Ана мен әже өнегесі – сарқылмас тәрбиенің көзі
Заман өзгерді ме, адам өзгерді ме, ол жағы белгісіз. Кейінгі кездері кейбір қоғамдық құндылықтар құлдырап, жас ұрпақтың тәрбиесінде де бірқатар олқылықтар орын алу үстінде. Бұл өз кезегінде қоғамның қатыгезденуіне және жас ұрпақтың болашақ өміріне де кері әсерін тигізіп отырғаны жасырын емес. Сондықтан, мынадай жедел қарқынмен «жаһанданып» жатқан ақпарат тасқынының ғасырында жас ұрпақты тәлімді-тәрбиелі етіп сақтап қалу, олардың бойына ата-бабадан желісі үзілмей келе жатқан дәстүрлі халықтық тәрбиенің нәрін сіңіру – кезек күттірмейтін маңызды мәселеге айналып отыр. Бұл бағытта қоғам болып қаншама жұмыс атқарылып жатқанымен, істің нәтижесі де көңіл көншітпей отыр…
Тәлім-тәрбиені алыстан іздеудің немесе бұл мәселеде ешбір «жаңалық» ашудың қажеті жоқ. Тек бабалар дәстүрін жаңа заманның талабына лайықтасақ жеткілікті. Бұл тұрғыда 2019 жылы ел өңірлерінде аудандық ардагерлер кеңестерінің жанынан «Аналар алқасы» қоғамдық құрылымы құрылған болатын. Мұндай қоғамдық құрылым біздің ауданда да жұмыс жасау үстінде.
Қоғамдық құрылымның мақсаты – отбасы институтын нығайту, ата-аналармен балалардың қарым-қатынасын жақсартуға ықпал ету, балалар арасындағы, әсіресе, қыздар мен әйелдер арасындағы құқық бұзушылықты төмендету мәселелері бойынша мақсаттар мен міндеттерді жүзеге асыруға атсалысу болып табылады.
Құрылымды құрудағы негізгі міндет те белгілі. Ол – отбасы дәстүрлері мен құндылықтарын насихаттау мен дамыту, сол арқылы отбасы мәртебесін көтеру және бала тәрбиесіндегі үздік тәжірибелерді тарту, отбасындағы рухани-адамгершілік тұрғыда тәрбие берудің барысына, балалардың ата-аналарымен немесе ата-аналардың балаларымен арақатынасына байланысты проблемалық мәселелерді зерделеу, оның ішінде, қыз тәрбиесі, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық мәселелеріне атсалысу.
Иә, ұрпақ тәрбиесін нығайту тұрғысынан келгенде, аудандық Аналар алқасы жемісті жұмыс жасап жатыр деуге болады. Олай болатыны, өңірге қарасты барлық ауылдық округте ашылған қоғамдық құрылым мүшелері ауыл-аймақтарда, оның ішінде, білім беру мекемелерінде оқушылармен және ұстаздармен кездесіп, жас ұрпаққа тәрбие жұмыстарын тұрақты жүргізу үстінде. Бұл бағытта ұйымдастырылып жатқан іс-шаралар отбасы институтын нығайтып, жас ұрпақтың тәрбиесіне де оң әсер етеді деген үміт бар.
15 мамыр – Халықаралық отбасы күні мерекесіне орай аудандық «Достық» мәдениет үйінің кіші залында ұрпақтар сабақтастығын дамыту мақсатында «Адамзаттың асылы – Ана!» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Аудандық Аналар алқасына қарасты Б.Момышұлы ауылдық Аналар алқасы және аудандық «Жастар ресурстық орталығы» мекемесі бірлесіп өткізген шараның ұрпақ тәрбиесінде маңызы зор. Еркін форматта өрбіген дөңгелек үстелге Аналар алқасының белсенді мүшелері және отбасында көп бала тәрбиелеп, қыз ұзатып, келін түсірген ұлағатты да өнегелі әжелер мен орта буынды енелер және жас келіндер шақырылды.
Ұрпақ тәрбиесіне арналған басқосуды Б.Момышұлы ауылдық Аналар алқасының төрағасы, ардагер ұстаз, аяулы ана Жаңаш Серғазина ашып, жүргізіп отырды. Ол ең алдымен жиналғандарға «Ана» туралы ұғымды жан-жақты түсіндіріп, жалпы тіршілік пен қоғамға мықты тірек болып жүрген Аналар және қыз-келіншектер қауымының, оның ішінде, әжелер институтының қоғамдағы және отбасы-ошақ қасындағы рөлін кеңінен түсіндіріп берді. Дөңгелек үстел ары қарай салт-дәстүр мен ырым-тыйымдарға қатысты сұрақ-жауаптармен өрбіп, осыған байланысты жиналғандар тұщымды ой-пікірлерін ортаға салды.
Жиын қонақтарының арасынан аудандық Аналар алқасының төрағасы, еңбек ардагері Күлбақыт Айтқұлова, мәдениет саласының ардагері, кітапхана ісінің үздігі Б.Момышұлы ауылдық Аналар алқасының белсенді мүшелері Бақыткүл Қанаева және ардагер ұстаз Маружан апай өздерінің өмірлік тәжірибелерінен қызықты әңгіме өрбітіп, қатысушыларға сұрақтар қойып, тақырыпты аша түсті деуге болады.
Бала тәрбиесі – қоғамның барлық мүшесіне қатысты мәселе. Ел боламын десең, ең алдымен бесігіңді түзеудің қажеттігін де алдыңғы толқын ағалар, ұлттың жанашырлары өсиет етіп, оны кейінгі жас ұрпаққа аманаттатап кетті емес пе?! Сондықтан да жас ұрпақтың тәрбиесіне келгенде, бүкіл қоғам мүшесінің жанашырлығы ауадай қажет-ақ.
Дөңгелек үстелге қатысқандардың арасынан Қайрат ауылынан келген ақ жаулықты, ұлағатты әже – Ұлмекен Жұманова, Шақпақата ауылынан Құралай Жуасбаева және Қызыларық ауылынан ұлағатты ана Майя апай тұщымды пікірлерін ортаға салып, жалпы ұлтты тәрбиелеу ісінде және жас ұрпаққа тағылымды тәлім-тәрбие беруде көпті көрген аналар мен әжелер өнегесінің рөлі зор екенін баса айтып, қыз бен келін тәрбиесіндегі тәжірибелерімен бөлісті.
Бір сағатқа жуық уақытқа созылған әсерлі кездесуді Б.Момышұлы ауылдық Аналар алқасының төрағасы Жаңаш Серғазина қорыта келе, ұрпақ тәрбиесінің – ұлт болашағына әсер ететін үлкен рөлге ие екенін айтып, жиналғандарға аналар мен әжелер институтының жұмысын бірлесіп жандандыруға ниетті екенін жеткізді.
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»