Mádenıet

Досанқұл мен Сейсептің айтысы

Бұл айтыс шамамен 1920 жылдың қоңыр күзінде болған көрінеді. Айтыстың үзік-үзік нұсқаларын біз Сейсеп әжеміздің аузынан марқұм ақын Бауыржан Үсенов екеуміз кішкене қалта блокнотқа жазып алған болатынбыз. Ол блокнот белгісіз жағдайда жоғалып кейін оны қайта тауып алдым. Жазулары өшіңкіреп, шет-шеті жұлмаланып, жыртылып қалған екен. Оның өшкен, көмескі жерлерін шамалап қалпына келтірдім, айтыстың Сейсеп әжеміз айтқан нұсқасы төмендегіше:

Досанқұл:
«Дегенде сұлу шынар, сұлу шынар,
Жігіті біздің елдің қызға құмар.
Көп назары бізге ауды беу, замандас,
Жақсы өлең айтайық көңілге ұнар.
Қара өлеңді ұқсатып айта алмасақ,
Отырған жұрт мысқылдап бізді сынар.

Сейсеп:
Сылдыр мосы дегенде, сылдыр мосы
Өлең айтсам басылар көңіл қошы.
Айтысуға өзім де құмар едім,
Іздегенге, сұраған деген осы.

Саламын қоржыныма тарыны ақтап,
Жарасып айтысайық әдеп сақтап.
Көптің де тілегені осы емес пе?
Думанды қыздырайық екі жақтап.

Досанқұл:
Отырмын өз жайымды жырлайын деп,
Сенің де аужайыңды тыңдайын деп.
Жеті атадан белгілі батырлығым,
Сыйқымнан біз тараған Құлбайымбет.

Сейсеп:
Жігітті мас қылады күшті қымыз,
Өрелі өлең сөздің ұшқыры біз.
Жағасын Билікөлдің жайлап жатқан,
Шымырдың ішіндегі Құттығымыз.

Дегенде Қаратауым, Қаратауым,
Берікқара желі бар қара дауыл.
Мың шатқалдың бірінің қуысында,
«Белбұлақ» аталады біздің ауыл.

Досанқұл:
Жемтігін қуып ұстар қырғи дағы,
Жат жерде ашылады қыздың бағы.
Жотадағы Кеңесте қайдан жүрсің?
Замандас, Құттық болсаң ылдидағы.

Сейсеп:
Астың дәмін келтірген тұз-әулие,
Екі елді жарастырған қыз-әулие.
Қыз бен қойдың бармайтын жері жоқ қой,
Тағдыр айдап әкелген біз әулие.

Долан топшы ағаштың берігі едім,
Біреудің күштеп қосқан серігі едім.
Қыдырып, ел аралап жүргенім жоқ,
Ылдидан ықтиярсыз келіп едім.
(Бұл Байболқызы Сейсептің малға жығып, ықтияр сызалып келген күйеуі түйнектен қайтыс болып, Қаңтарбай деген жездесінің үйін паналап жүрген кезі екен.)

Досанқұл:
Шеберлер тон бояйды қынаменен,
Жастық шақта шабытты туады өлең.
Тілегі қабыл болып жеңген жанның,
Серттесіп айтысайық уәдеменен!

Сейсеп:
Айтыста сәйгүліктей аршындаймын,
Алғыр шағы қыранның баршындаймын.
Жігіттік берік болсаң уәдеңе,
Сертімнен мен де берген тартынбаймын!…
Шешелеріміздің айтуынша жорабозада кеш құрым басталған айтыс шолпан жұлдызы туып, таң ата Досанқұлдың жеңісімен аяқталған көрінеді.

Сейсеп:
Құдай берсе ендігі тілегімді,
Ұстадым «тәуекел»-деп білегіңді.
Шырға сап түсірдіңіз торыңызға,
Жая бер жолымызға кілеміңді.
Айтыстың шарты бойынша Сейсеп сөзден мүдіріп Досанқұлға тұрмысқа шығады.

Дәулетжан БАЙДАЛИЕВ,
ардагер-ұстаз

Таңдаулы материалдар

Close