Mádenıet
Ер жігіттің сәні – қолындағы қамшысы
Қамшы – ат жабдықтарының бірі, ажырамас бөлігі. Қазақша атқа міну мәдениеті сонау ерте заманнан бері қалыптасқан.
Алғашында атты мінген адам жылқыны әртүрлі шыбықпен, ағашпен жүргізген. Кейіннен өздеріне ыңғайлы ат жабдығы қамшыны жасап шығарады.
Қазақ халқының өмірінде, салт-дәстүрінде қамшының алар орны да ерекше болып орнықты. Бұл сайып келгенде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласындағы айтылған атқа міну мәдениетімен сәйкес келеді.
«Ақ бүрлен, қызыл бүрлен, қалың бүрлен,
Бүрленді аралайды жөнін білген.
Қамшыны екі бүктеп қолға ұстап,
Қызығы бұл дүниенің ойнап-күлген», – деп бозбала, жас жігіттердің екі бүктеп қамшы ұстап, қызды ауылды қырындап, жастықтың шаттық күлкіге тоймаған кезін Кенен Әзірбаев осылайша суреттейді. Сонымен қатар,«жігіттің бесқасқа жүгені болса, алты өрім қамшысы болса сәні келеді» дегендей, кез келген бозбала, жігіт ағасы ер-тұрманмен бірге әдемі қамшы ұстағанды ұнатады.
Ақбастау ауылының тұрғыны Нұртас Сырғабай қамшы жасауды кәсіпке айналдырған. Жақында аудандық дельфилік ойындарда ол «Сәндік қолданбалы өнер» номинациясы бойынша ІІ орынды жеңіп алып, облысқа жолдама алған болатын. Ол жарысқа өзі жасаған қолөнер туындысы – қамшыны алып келіп, сынға түсті.
Нұртас Бақтиярұлы аталған ауылда 2001 жылы дүниеге келген. Осындағы №14 Б.Майлин атындағы орта мектепте 9 сыныпқа дейін оқиды. Ал, қазіргі таңда №16 Жуалы колледжінің электрик мамандығында білім алуда, яғни 2 курс білімгері.
-Әр ер бала жылқыны қолға үйретуді білуі керек деп ойлаймын, – дейді Нұртас. – Себебі, бұл – біздің ата-бабаларымыздан келе жатқан мәдениеттің бірі. Тек атқа ғана мініп қоймай, оның жабдықтарын білген де дұрыс. Осы мақсатта қамшыны16 жасымнан бастап жасауды үйрендім.
Көрші Бақыт ата ертоқым, қамшы жасайды. Атаның өнерін қасында жүріп бақылап, оның шеберлігіне қызығушылығым арта бастады. Оның құрылымын, өрімдерін, қайысты кесуін бір аптада меңгеріп алдым. Кейіннен өз бетімше жасай бастадым. Көбінесе көкпарға, бәйгеге арналған және сәндік қамшылар жасауды үйреніп, көпшілікке ұсынып жүрмін. Бұлардың жасалуында және құрылымында айырмашылықтар бар. Мәселен, көкпар қамшы ауыр болса, бәйге қамшы жеңіл болуы керек. Ал, сәндік қамшылар үйдің төріне ілінетіндіктен ерекше жұмысты талап етеді. Алдымен жұмысты бастамас бұрын қамшыға керек тобылғы, қайыс, шеге және бауларын тағы да басқа заттарын дайындап аламын. Қамшының өрімін сегіз және алты өрімді етіп жасаймын.
«Ер қанаты – ат» демекші, ержігіт аттың құлағында ойнап, ұлттық ойындардың ұмыт болмауында өз үлестерін қосатыны белгілі. Осы орайда, Нұртас та атқа мініп, көкпар ойнап, ат спортымен шұғылданады. Сонымен қатар, жүген, тартпа, құйысқан жасайды. Алдағы уақытта аттың керек әбзелдерінің бірі ертоқымды жасауды үйренуді көздеп отырған жайы бар. Жас шебердің арманының бірі ауданымызда ат жабдықтарына арналған дүкен ашу. Сондай-ақ, ауыл тұрғындарының сұранысына ие заттарды жасаудың қыр-сырын үйрену.
Жас шебер ата-бабамыздан қалған атқа міну мәдениетіне сүбелі үлесін қосатын болса, сонау заманнан бері келе жатқан тарихымыз ешқашан ұмытылмақ емес. Ауыл жастарының ішінде қолынан іс келетін жастар бары көңіл қуантады. Ендеше, ұлттық құндылықтарымыз бен мәдениетіміз мұндай шеберлер барда ешқашан ұмыт болмайды.
Айгүл Қалымханқызы,
«Жаңа өмір»