Mádenıet
Сенің сөзің – елдің сөзі сүзіп өтер сүйектен!
(Жуалы аудандық «Жаңа өмір» газетінің 85 жылдық мерейтойына арнау)
Көк аспаны куә болған талай нәубет, сұмдыққа,
Топырағы тақ та болған, тәж де болған мұңлыққа.
Жуалының жұлдызындай жарқырай бер, «Жаңа өмір»,
Күннен ыстық, айдан биік шырақ жағып шындыққа!
Қасиетті халқын ешбір қасіретке қимаған,
Жарқылдай бер, «Жаңа өмір», жалынына күй ғалам,
маңдайынан сүй далам,
85 жыл серті сесті ел қолынан түспеген,
Семсеріндей Бәукеңдердің еш қынапқа сыймаған!
Төрі еткен – мөрі қалған түркілердің тұғырын,
Ана сүті һәм ақиқат айдынындай тұнығым.
Қаза берсең Баркуабтай тарихың бар бағалы,
Жаза берсем Шер ағамдай тағдырлы еді ғұмырың.
Алатау мен Қаратаудың жотасынан бақ теріп,
«Жаңа өмір» дәуірлерге жаңғыра бер дат болып.
Ақиқаттың арнасына Арыс құсап құйылдың,
Теріс құсап қарсы жүздің жалғандыққа жалт беріп!
Шежіреңде шеберлер де шапқан екен құлындай,
Арқар құсап тапқан екен өз билігін жығылмай.
Сенің сөзің – елдің сөзі сүзіп өтер сүйектен,
Шындықпен-ақ ұйқасатын Үсеновтың жырындай.
Әрбір санын сайын дала күтеді әлі сағынып,
«Жаңа өмірдің» жанары – ел, рухы – сенім, жаны – үміт.
Тірі болса осы тойға бір батасын берер ма ед (і),
Дуалы ауыз Асан қайғы ортамыздан табылып.
Маржан, меруерт мақалалар үзіп жазған түз гүлін,
Аманатқа айналдырған ақиқаттың тұздығын.
Мінезі бар туған жердің табиғаты секілді,
Көк пен жердей ажырамасын Берік қолдан тізгінің!
Уақыт сенің оқырманың, бақытыңды ел жырласа,
Бақыт сенің қаламгерің, уақыт қолын бұлғаса.
Жуалымен жүзден асып жалындай бер, «Жаңа өмір»,
Мәртебелі Мыңбұлақпен мәуелей бер, мың жаса!
Нұржан ҚАДІРӘЛІ,
«Арай» газеті «Мәдениет» бөлімінің редакторы,
жас ақын