Mádenıet

«Домбыра үйренуге жастардың қызығушылығы жоғары»

Төл тарихымыздың төлтума болмысын өзіміз ғана біліп қоймай, оның ешкімнің тарихынан кем еместігін, өзгелерге де танытарлық тарихқа деген дұрыс ұстанымымыз болу керек.
Жас ұрпақты жетістікке жетелейтін мақаланың «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы» атты бесінші бөлімінде: «Сонымен бірге қазақтың қобыз, домбыра, сыбызғы, сазсырнай және басқа да дәстүрлі музыкалық аспаптарымен орындауға арналған маңызды туындылар топтамасын «Ұлы даланың көне сарындары» жинағын басып шығару қажет» деп жазылған. Яғни, ұлттық музыкамыз заманауи цифрлық форматқа бейімделмек.
Қанша әуенді тыңдасақ та, дәл халқымыздың домбыра, қобызындай әсер бермейді.
Домбыра мен қобыз ең алғаш пайда болған аспап.
Бұрын ел арасында небір әнші, жыршылар, күйшілер өмір сүрген. Олар ел аралап, домбырамен тойларда ән салып, халықтың көңіл-күйін көтерген. Жаугершілік заманда да домбырадан төгілген күй адамға рух беріп, елдің еңсесін көтерген екен.
Домбыра аспабы бір сөзбен айтқанда, қазақ халқымен бірге жаралған деп айтуға болады. Қазіргідей ғылым мен техника дамыған заманда домбыра ұлттық болмысты бейнелейтін символ, ұлттық музыка өнерінің жаршысы болмақ.
Домбыраның дауысы майда, қоңыр, құлаққа жағымды. Сырт көзге көріне бермейтін, мәні зор домбырадан қалыптасқан тәрбие үлгісі адамның ой ұшқырлығын шыңдауға, ата-бабадан кәсіп болған дәстүрлі дамуға, өнер арқылы білімге терең бойлауға мүмкіндік тудырады.
Осы орайда ұлттық музыка өнерін жоғары дәрежеде дәріптеп, насихаттап жүрген жандардың жөні бөлек.
Аудан орталығындағы №1 Балалар өнер мектебінде домбыра сыныбында 58 оқушы домбыра үйренуде. Оларға Жасұлан Маханов, Қарлығаш Қуанышева, Зухра Әбішева сынды ұстаздар сабақ береді.
Бүгінгі жас ұрпақтың домбыра үйренуге деген қызығушылығын білу мақсатында киелі өнер шаңырағына барып, Зухра Әбішева мен шәкірті «Дарабоз» ІІ республикалық өнер мен білім байқауының жеңімпазы Ержан Әминовпен кездестік.
Зухра Әбішева Тараз қаласындағы мәдени-ағарту училищесінде домбыра сыныбы бойынша, Шымкент қаласындағы Қазақ педагогикалық халықтар достығы университетінде домбыра сыныбында білім алады. Еңбек жолын Қайрат ауылындағы Құрманғазы атындағы музыка мектебінде бастаған ұстаз бүгінде талай жас талантқа домбыра тартумен қатар өнер-білімге баулып, қанаттандыруда.
-Жастардың домбыра үйренуге деген қызығушылығы өте жақсы. Сағатымыздан артық, яғни дайындық курстарында да балалар жүреді.
Әр бала әртүрлі. Бірінің есте сақтау қабілеті жақсы, бірі шығармадан көрі күйді ұнатады. Енді бірі еңбекқор, бірі жалқаулау бірақ қабілеті жоғары. Алайда ерекше талантты шәкірттерім көп. Олар биылғы оқу жылының өзінде «Дарабоз», «Балауса жұлдыздары» республикалық байқауы мен «Жас толқын» халықаралық байқауларында жүлделі орындарды иеленді. Атап айтсам, Ержан Әминов, Бауыржан Ахмедов, Абай Құнанбай, Ахан Замбаев, тағы да басқалар.
Домбыра үйірмесіне 6 сыныптан бастап қатыстым. Өнердің қай түрі болсын адамды қызықтырмай, сұлулыққа тәрбиелемей қоймайды. Өнер адамды тек жақсылыққа тәрбиелейді. Сондықтан баланы жастайынан өзінің қызыққан аспабына үйрету керек. Бізде ауданда барлығы тегін. Көп ауылда өнер мектебі жоқ. Қалада өнер үйрену үшін әжептәуір қаржы төленеді. Сондықтан, бардың қадірін білу керек.
Ұлттық өнермен сусындаған бала патриот, ұлтжанды, сезімтал болады. Домбыра құдіретті, қасиетті аспап. Кейде жаным жабырқаған сәтте қолыма домбыра алып, күмбірлетіп күй тартсам бойымдағы барлық ауырлықтан арылып, рақаттанамын.
Шәкірттеріме домбыраның басқа аспаптардан ерекшелігі, домбыраны таңдай білу, өнердің адамның болашағына тигізер пайдасы жайлы үнемі айтып отырамын.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласы дер кезінде жазылған. Ұлттық өнеріміз, мәдениетіміз, тарихымызды жете түсініп, танып-білмей, онымен мақтана алатындай сезімге жетпейінше, яғни санамыз жаңғырмайынша шынайы биіктікке жете алмаймыз. Рухы биік халық болу үшін тарихымызды, ұлттық құндылықтарымызды құрметтей білуіміз қажет,- дейді Зухра Айтбекқызы.
Шәкірті Ержан Әминов №19 Дінмұхамед Қонаев атындағы мектеп-гимназияның 7 сыныбында оқиды екен. Ал, өнер мектебінің домбыра сыныбына қатысқанына екінші жыл болыпты.
-Маған домбыраның дауысы, күй тартқан ұнайды. Үйде ата-анам домбыра тартпайды. Ал, мен болашақта домбырашы болғым келеді,- дейді Ержан.

Перизат Шымыртайқызы.
Суретті түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close