Mádenıet

Жуалылық жастар жүлдегерлер қатарында

Жақында Талас ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» ел Тәуелсіздігіне 30 жыл толуына орай «Салт дәстүрім – таусылмайтын байлығым!» атты облыстық ұлттық ойын түрлерінен жарыс ұйымдастырды.
Шараның мақсаты – жастар арасында салт-дәстүрді насихаттау, өскелең ұрпаққа үлгі көрсету, аға буынның жастарға деген сенімін арттыру, жастардың ата-дәстүрді құрметтеуге шақырып, олардың бойында патриоттық сезімді ояту.
Жарыс барлық санитариялық талаптарды сақтай отырып Қаратау қаласындағы орталық саябақта өткізілді. Сайысқа Талас, Сарысу, Жуалы аудандарынан алты қоманда қатысты. Жарыс алты кезеңнен тұрды. Сайыс «Ата салтым – байлығым» кезеңінен бастау алып, онда қатысушылар қазақ халқының салт-дәстүрін насихаттау мақсатында сахналық қойылым қойды. Бұл кезеңде жуалылық жастар «Беташар» рәсімін көрсетті.
Ал, «Халық әнін орындау» деп аталатын ІІ кезеңде жанды дауыста ұлттық аспабымыз домбыраның сүйемелдеуімен орындаған «Күміс құмған-ай» халық әні көпшіліктің көңілінен шықты.
Одан кейін қазақтың ұлттық ойындарынан жекелей сайыста «Бес табан» асық атудан Алмас Жолдасов Бас жүлдені иеленді. Білекті де жүректі жігіттердің ат үстінде сыналатын ойыны «Аударыспақта» Қуаныш Зиятхан ІІІ орынды қанжығасына байлады.
Командадағы ер азаматтардың белсенділігі сыналатын «Арқан тарту» сайысында жерлестеріміз жүлделі ІІІ орыннан көрінді.
Ұлттық ойындарды дәріптеу және жастар арасында кеңінен насихаттау мақсатында өткізілген жарыста «Ләңгі тебу» мен «Теңге ілу» ойындары да тартысқа толы болды.
Жарыс нәтижиесінде командалық жалпы есепте І орынды Талас ауданы Қызыләуіт ауылдық округі иеленсе, ІІ орынды Жуалы ауданы жеңіп алды. Ал жүлделі ІІІ орынды Сарысу ауданы мен Талас ауданының Есейхан ауылы өзара бөлісті.

Аудандық жастар
ресурстық орталығы

Таңдаулы материалдар

Close