Mádenıet
Шуақ шашқан шаңырақ
Отан – әрбір шаңырақтан басталады. Әр шаңырақтың берекесін, ынтымағын ойлаған жан жарын, балаларын сүйіспеншілікке бөлейді. Сыйластық пен шынайы сүйіспеншілік адамдарды біріне-бірін жақын тартып, бауыр басуына ұласады. Отан деген ұлы ұғым осындай құндылықтардан бастау алса керек. Отанның киелі шаңырағын іргесі берік отбасылар ұстап тұрады. Қоғамға үлгілі, отбасында саналы ұрпақ өрбітіп, қоғам өміріне белсене араласып жүрген жанұялардың мәртебесі қашанда асқақ екені белгілі.
Жақында Қарасаз ауылдық округіне жасаған іссапарымыздың барысында Қарасаз ауылының тыныс-тіршілігімен етене таныстық. Осы орайда ауыл тұрғындарының ішінде көпке үлгілі, жаны жомарт жандардың отбасыларымен де тілдесуге мүмкіндік туды. Біздің мақаламызға арқау болып отырған – Санат Кебекбаев және Қарлығаш Үсіпованың мерейлі отбасы.
Үлгілі отбасының отағасы мен отанасы түйдей құрдас. Ортасына сыйлы Санат Сартбайұлы Қарасаз ауылының тумасы. Бұл жанұя шаруашылықпен қатар жеке кәсіпкерлікті қолға алып отыр. «Ер қанаты – ат» дегендей, ол төрт түліктің бірі жылқы баптап, онымен ұлттық ойынымыз көкпар шабуды ұнатады. Оның жылқының бабын жақсы білетіні соншалық ауылдастарының жылқысы ауырып қалса, олар Санат ағаны күн демей, түн демей шақыртып, ауырған малды көрсетіп, емдетіп алады.
Ал, отанасы Қарлығаш Амангелдіқызы көршілес Түлкібас ауданы Дауан ауылының қызы. Ол мектепті жақсы үлгеріммен тәмамдап, арман қуып бұрынғы Целиноград қаласындағы С.Сейфуллин атындағы педагогикалық институтқа (қазіргі Нұр-Сұлтан қаласы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті) оқуға түседі. Осы оқу орнынан ол қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығын алып шығады. Еңбек жолын Түлкібас ауданындағы Абай атындағы орта мектепте мұғалім болып бастайды. Отбасын құрғаннан кейін Қарасаз ауылындағы Пушкин атындағы орта мектепке ауысып, қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейді. Қазіргі таңда отбасылық кәсіппен айналысып, ауылдың дәл орталығында «Мөлдір» супермаркетін ашып, халыққа қызмет көрсетуде.
-Біздің таныстығымыз туыстарымыздың арқасында өрбіді. Мен мектепте жұмыс істейтінмін, – дейді Қарлығаш Амангелдіқызы. – Сәкең мені сабақ беріп жатқан жерімнен көріп «болды, осы қызбен танысып, үйленемін» депті. Ал, мен болсам, оларды мектепке спорттық жарыстарға келген жастар деп ойлағанмын. Содан бір-бірімізді үш рет көрдік. Үшінші кездесуде мені алып қашты. Ол кезде ұят деген бірінші орында тұрады ғой. Бір босағаны аттаған қыз, үйіне қайтып келмейді. Артынан еретін сөзі жаман. Міне, содан бері екеуміздің отау құрғанымызға 21 жыл болыпты. Шүкір, қазіргі таңда үбірлі-шүбірлі, жан-жағымызға, туыстарға сыйлы жандармыз.
Өзім анадан ерте айырылғанмын. Бірақ, анам көзі тірісінде еңбекке баулып, үйдің бар шаруасын үйреткен болатын. Анамның жоқтығын осындағы екінші анам білдірмеді. Анамды қатты жақсы көрдім. Отбасы құрғаннан кейін де ата-енеммен бірге тұрдық. Енемнен өмірлік құндылықтардың барлығын үйрендім. Өзі сабырлы, байсалды кісі болғандықтан көп сөйлей бермейтін. Бірақ, өмірлік әңгімелер мен оқиғаларды көп айтатын. Жас кезімде «мұның бәрі маған не керегі бар» деп түсінбеппін. Ал, қазір олардың бекерге айтылмағанын ұғындым. Себебі, анамның айтқан кеңестері өмірде кездеседі екен, – дейді өз сөзінде.
Адамды бақытқа бөлейтін бала екені баршамызға белгілі. Білімді, саналы ұрпақ өсіріп, тәрбиелеу – әр отбасының міндеті мен парызы. Осы ретте, бұл отбасында бір ұл, төрт қыз тәрбиеленіп отырған жайы бар. Жанұяда балаларды имандылыққа, шыншылдыққа, адалдыққа баулуда. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуді, мұқтаж жандарға көмек қолын созуды, жаман әдеттен аулақ болуды саналы түрде үйретуде.
Сонымен қатар, ұл-қыздарына жақсы білім беріп, өздері таңдаған мамандық иесі атандыруды да ұмытпаған. Мәселен, тұла бойы тұңғыштары Толқын Нұр-Сұлтан қаласындағы анасы білім алған Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 4 курс білімгері. Ал, отбасының тірегі, көз қуанышы, ұлдары Дәурен аталған қалада Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ аграрлық-техникалық университетінде энергетика факультетінде білімін шыңдауда. Үйдің еркелері Шырайлым мен Қарақат Пушкин атындағы орта мектептің оқушылары. Жанұяның кенжесі Айсана төрт жаста.
Үлгілі отбасы – қоғамның тірегі. Олар айналасындағыларға үлгі көрсетіп, қоғам өміріне бей-жай қараған емес. Адал кәсібінен нәсібін айырып отырған жанұя да ауылдық округтегі қандайда бір қайырымды іс-шаралардан қалыс қалмайды.
«Отбасында адам бойындағы қасиеттер жарқырай көрініп, қалыптасады. Отанға деген ыстық сезім – жақындарына, туған-туыстарына деген сүйіспеншіліктен басталады», – деп Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасында атап көрсеткендей, отбасы іргесінің берік болуы үшін әрбір жанұяда өзара сыйластық, ауызбіршілік, ерлі-зайыптылардың арасында терең түсінушілік болуы қажет. Ендеше, осынау халықтық қағиданы мықтап ұстанған отбасылардың қатары арамызда көбейіп, олардан саналы ұрпақ өрби берсін демекшіміз.
Айгүл Қалымханқызы,
«Жаңа өмір»
Р.S. Қарлығаш әпкемен әңгімелесу барысында оның өз ата-енесін сыйлайтыны, құрметтейтіні әр сөзінен, айқын аңғарылып тұрды. Бұл менің көңіліме қуаныш ұялатты. Себебі, одан екінші анасының, яғни енесінің есімін сұрағанымда «Мен әлі күнге дейін анамның есімін айта алмаймын. Қызым, сен айтып жіберші» дегені осы ойыма тамызық болды. Қазіргі қоғамда атасы мен енесінің атын ұялмай айта беретін келіндер де баршылық. Қазақ халқының салт-дәстүрінде ата-енесінің, тіптен қайын ағалары, қайын інілері мен қайын сіңлілерінің атын тура айтуға болмайтын үрдіс бар екенін білеміз. Осы қазағымның қаймағы бұзылмаған, дәстүрі ұмыт болмаған салтын кейіпкерімнің бойынан көріп, «барша келіндер үлгі алатын нәрсе екен» деп түйдім. Мұндай ұяңдық әрбір қазақ шаңырағындағы келіндердің бойынан табылса игі…