Mádenıet

Сарайыңды ашатын, шөліңді басатын

Аманкүл әженің балдай қымызы

Ата-бабамыздан келе жатқан ұлттық сусынымыз қымыздың адам денсаулығына тигізер пайдасының орасан зор екендігі талай мәрте жазылып та, айтылып та келеді. Тіптен қазақ халқының бір ғасырлық тарихын басынан өткерген Жамбыл Жабаевтың өзі:
Үйірілген сары алтындай сары қымыз,
Ауруға-ем, сауға-қуат, дәрі қымыз,
Елімнің баяғыдан сүйген асы,
Шығаршы тағы нең бар, кәне, қымыз, -деп, жырлаған.
Қымызсыз қазақ дастарқанын елестету мүмкін емес. Бұл ғажайып сусын барлық салтанатты думандарда, әсіресе әз-Наурыз мерекесінде көпшілікке тарту етіледі.
Ал, осы қымызды күтіп-баптаудың қыр-сырын біреу білсе, біреу білмес. Осы ретте қымызымен талайды тамсандырған Т.Дүйсебайұлы ауылының тұрғыны Аманкүл әже қымыз баптаудың құпияларымен бөліскен еді.
– “Сауын саусаң бие сау, боз қырау түспей суалмас” деген аталы сөз бар. Биенің сүтінде береке болады.
Қымыздың бабы күбіні ыстау, пісу және сапыруға байланысты. Ал, пісуі жетпеген қымыздың суы бір бөлек, тұнбасы бір бөлек болып, бұзылып сапасын жояды. Алдымен аршадан жасалған күбіні ыстық сумен жуып, тазартып кепкенін күтеміз. Ыдыс құрғаған бойда қаймақпен майлап, киікоты шөбімен ыстаймыз. Әрі қарай жаңа сауылған саумал, артынша қор құйылады. (Қор – саумалға құйылатын ашытқы). Егер қымыздың дәмі бал татысын десеңіз мейізді аздап қосып, жиі-жиі пісуіміз керек. Содан 1-2 күн ішінде қымызымыз дайын болып қалады, – дейді бие сауып отырғанына қырық жылдан астам уақыт болған, сексеннің сеңгірін алқымдап қалған әже.
Сондай-ақ, сарайыңды ашып, шөліңді басатын ұлттық сусын қымыздың емдік қасиетін тілге тиек етті.
Бүгінде Аманкүл әже жолдасы Қалмахан ата екеуі бес ұл, үш қызды қанаттандырып, немере-шөберелерінің қызығын көріп отырған жайы бар. Ұл-қыздарының барлығы дерлік жоғарғы оқу орындарын бітірген. Ауылдағы көпке үлгілі отбасылардың бірі.
Осындай көнекөз, көпті көрген әжелердің арқасында ауылдың аты ұлттық сусынымызбен әйгіленіп тұрғандай-ақ.

Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
“Жаңа өмір”

Таңдаулы материалдар

Close