Mádenıet

ӨНЕРГЕ ӘРКІМНІҢ-АҚ БАР ТАЛАСЫ…

Кеше Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасының Жуалы ауданының білім бөлімінің ұйымдастыруымен 8-11 сыныптың шығармашыл оқушылары арасындағы VII республикалық «Ақберен» өнер байқауының аудандық іріктеу кезеңі өтті.

Байқаудың мақсаты – жас ұрпақтың бойында отаншылдық рухты сіңіру, тілді, әдебиетті жете меңгеру, ақындық, сөз өнерінің қадір-қасиетін түсіну, жастардың дарындылығын айқындау және қолдау, балалардың бойындағы шығармашылық қабілеттерін одан әрі қарай дамытуға жол ашу.
Байқау аудандық, облыстық және республикалық үш кезеңнен тұрады. Аудандық іріктеу сайысы Нұрлыкент ауылындағы №5 М.Ломоносов атындағы орта мектепте өтті. Мектеп ұжымы байқауға тыңғылықты дайындық жасаған. Акт залға кіреберісте ұлттық қолөнер бұйымдарынан көрме жасалған. Түрлі түсті шарлар ілініп, сахна төріне киіз үйдің макеті қойылған.
Шараны Жуалы ауданының білім бөлімінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің әдіскері Бақыткүл Полатова ашты. Ол өз сөзінде қатысушыларға байқаудың мақсатын түсіндіріп, шарттарын таныстыра келе, оқушыларға сәттілік тіледі.
Балалардың өнерін қазылар алқасы, яғни қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімдері Сайрагүл Нұрғалиева, Әлия Кебекбаева, Фарида Смағамбетова бағалады.
Байқау алты номинация бойынша өтті. Шарада санитариялық талаптар сақталды. Мұнда аудан мектептерінен келген шығармашыл жастар жиналды.
Бірінші көркемсөз оқу номинациясында 13 бала өнерлерін ортаға салды. Байқауға келген кейбір қатысушылар ұлттық киім киіп, қыздар шолпы тағып, өзгелерден ерекшеленді. Олар Абай Құнанбаев, Мұқағали Мақатаев, Ыбырай Алтынсарин, Қасым Аманжолов, Күләш Ахметова сынды ақындардың шығармаларынан түрлі тақырыптағы өлеңдерді мәнерлеп оқыды. Өнер байқауының келесі бағыты «Ұлттық аспапта өнер көрсету» деп аталып, онда жеті үміткер домбырамен «Көңіл толқыны», «Сал күрең», «Ата толғауы», «Балбырауын», «Нәр ағашы», «Ерке сылқым» сынды күйлерді күмбірлете тартты.
Шешендік өнерді насихаттайтын «Шешендік, білгірлік сайысына» екі оқушы қатысып, қазылар алқасының тарапынан берілген сұрақтарға жауап берді. Ал, сайыстың «Ақындар мүшәйрасы» бағытында төрт оқушы тіркеліп, өз арнауларын оқыды. Жас ақындар ұлы ақын Абайға, Батыр Бауыржан Момышұлына, ақиық ақын Мұқағали Мақатаевқа, туған жерлеріне арнаған және тағы да басқа тақырыптарда жазылған өлеңдерін көпшілікке тарту етті.
Байқаудың ең қызықты кезеңі «Ақындар айтысы» бағыты болды. Бұл бағыт бойынша бір ғана оқушы, яғни №5 М.Ломоносов атындағы орта мектептің оқушысы Санжар Даярбек өтінім берген екен. Сондықтан Санжар ортаға шығып, өнерін көрсетті. Ол өзінің тапқырлығын, ойының ұшқырлығын танытып, айтыстағы қатарласы, байқауға қатысушы Мыңбұлақ орта мектебінің оқушысы Еркеназ Қонысбайды орамды сөзімен қыз бен жігіт айтысына шақырды. Оның ұсынысын қабыл алған Еркеназ қайсарлық танытып, сахна төріне көтерілді. Екеуі айтыстың әдемі үлгісін көрсетіп, өздерінің жан-жақты екендерін танытты.
Ал, «Эссе жазу» бағытында оқушылардың шығармалары онлайн қабылданды. Оған 22 оқушы өз шығармасын жолдаған екен.
Байқау нәтижесінде жүзден жүйрік талантты оқушылар анықталып, аудандық іріктеуден облыстық байқауға жолдама алды. Сайыстың «Көркемсөз оқу бағыты» бойынша Бас жүлдені №27 Диқан орта мектебінің оқушысы Айсұлу Нұрмахан жеңіп алса, «Ұлттық аспапта өнер көрсету» кезеңінің жүлделі І орны №5 М.Ломоносов атындағы орта мектептің оқушысы Серік Яқыпбаевқа бұйырды. «Шешендік, білгірлік сайысының» жүлдегері №14 Б.Майлин атындағы орта мектептің оқушысы Аңсар Нұржанұлы атанса, «Ақындар мүшәйрасы» кезеңінде қатарластарынан №16 С.Сейфуллин атындағы орта мектептің оқушысы Жанель Тұрдалы озып шықты. «Ақындар айтысы» кезеңінде №5 М.Ломоносов атындағы орта мектептің өнерлі оқушысы Санжар Даярбек үздіктердің бірі болса, «Эссе жазу» кезеңінде №14 Б.Майлин атындағы орта мектептің оқушысы Аружан Жарылқасын жеңімпаз атанды. Аталған жеңімпаз оқушылар облыстық өнер байқауында ауданымыздың намысын қорғайтын болады.
P.S. «Ел іші – өнер кеніші» демекші, ел арасында небір талантты, өнерлі жандар баршылық. Олардың бірін білсек, бірін біле бермейміз.
Бүгінгі байқауда ата-бабамыздан ұрпақтан-ұрпаққа жеткен төл өнерімізді бойына сіңірген жастар көп болды. Әсіресе, киелі қара домбыраны қолына алып, күмбірлетіп күй шерткен, дәстүрлі әнді шырқаған жастарға риза болдық.
Ұлттық құндылықтарымыз ұлықталған мұндай шаралар көбірек өткізілсе, сонда біздің бай мұрамыз, салт-дәстүріміз бен құндылықтарымыз ешқашан ұмытылмайды. Бұлай деуімнің себебі, мен байқау барысында өнерге жаны жақын, жалындаған жастардың аз емес екеніне куә болдық. Қазылар алқасы өз шешімін шығарғанша, балалар бірінен соң бірі сахнаға шығып, өнерлерін көрсетті. Ағаларының артынан еріп келе жатқан жастар, байқау шарттарына сай емес деп жүлделі орындардан көріне алмаған №1 мектеп-гимназияның үш оқушысы да еш қалыспай, сүйріктей саусақтарымен домбыра құлағында ойнады. Ал, сөз өнерін меңгеріп, қара сөздің құдіретін түсінген оқушылардың көркемсөз оқуы көрерменге патриоттық рух сыйлады. Бұл шараға қатысқан әрбір азамат аз ғана уақыт ішінде өздеріне үлкен рухани азық алды деп ойлаймын.

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close