Mádenıet

Өлшемі биік өнер байқауындағы – Жеңіс

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында наурыз айының соңында Алматы қаласында Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің бастамасымен бабадан балаға мирас болып келе жатқан ұлттық қазыналарымызды дәріптеуге, жастарды отбасылық құндылықтарды құрметтеуге үндеген «Киелі бесік» республикалық байқау өтті.
Бұл байқауда Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық академиясы, Құрманғазы атындағы ұлттық консерваториясы, М.Әуезов атындағы университеті сынды тамырын тереңге жайған өнер шаңырақтарымен қоса біздің аудан өнерпаздары бақ сынасты.
Байқауда «Жуалы» және «Мыңбұлақ» театрларының өнерпаздары ақын Нұржан Әліштің «Бесік жыры» шығармасын сахналап, ІІ дәрежелі дипломмен марапатталып, лауреат атағын иеленді.
Театр қойылымының ақпараттық насихатталуы, бұрын зерттелмеген тың идеяны көрсету, декорация, сахналық киім және актерлік шеберлік сынды бағыттарды жоғарғы деңгейде көрсеткен Ербол Бекжанов, Ерболат Қаттебеков, Ержан Сүлейменқұлов пен бесік жырын нақышына келтіріп орындаған Мадина Сванбаева өз өнерлерімен көрерменнің қошеметіне бөленді. Мәдениет қайраткерлері, ақын, жазушылар мен танымал өнер жұлдыздарынан құралған қазылар алқасы Жуалы ауданының өнерпаздарының үлкен өнер ордаларынан жоғары өнер көрсеткендеріне тәнті болып, табыс тіледі.
Жалпы өткен 2018 жылдың қорытындысы бойынша облыстағы халықтық театрлардың бас жібін ұстаған «Жуалы», «Мыңбұлақ» театрлары жемісті еңбектері үшін Алғыс хат пен дыбыс күшейткіш жиынтығымен марапатталды.
Театр жастарына шығармашылық шабыт, жемісті жеңістер тілейміз.

Нәзипа Тұранқызы,
аудандық халық шығармашылығы және
мәдени демалыс орталығы
директорының орынбасары

Таңдаулы материалдар

Close