Mádenıet

Қалам қуатын танытқан

Жұлдызы биік Жуалы ауданының тағылымға толы 90 жылдық тарихында «Жаңа өмір» газетінің алар орны зор деп білемін. Баспасөздің басты ұстанатын бағыты – Мемлекет басшысының саясатын кеңінен насихаттап, ел ішіндегі ынтымақ пен бірлікті ұйыту, халыққа дер кезінде нақты және шынайы ақпарат беру дейтін болсақ, ауданның байырғы басылымы осынау сенім үдесінен шығып келеді. Оған ең алдымен жуалылықтар куә. 85 жылдық тарихы бар аудандық газет осы күнге дейін аудандағы жақсы хабарлардың, жағымды жаңалықтардың жаршысы болып отыр. Басылымда көрнекі де көркем мақалалар, ақпараттық хабарлар, туған жерден түлеп ұшқан танымал тұлғалардың кесек бейнелері көркем тілмен, кестелі оймен сомдалып отырады. Ол ең алдымен қалам ұстаған журналистер мен тілшілердің жемісті еңбегінің нәтижесі. Мен аудандық «Жаңа өмір» газетінде қызмет атқарғанымды бүгінде мақтаныш сезіммен еске аламын. Аудандық газеттің қара шаңырағы саналатын басылымның редакциясына сонау 1958 жылы корректор болып қабылдандым. Одан соң әдеби қызметкер, хаттар бөлімінің меңгерушісі болып еңбек етіп, редактордың орынбасары болып қызмет атқардым. Алғашқы жылдары газеттің редакторы Сергей Носиков дейтін азамат болатын. Ол кейінгі жылдары аудандық партия комитетіне жауапты жұмысқа ауысуына байланысты оның орнына ел ішіне айтыскерлігімен танылған ақын Әбдіғапар Айтоқұлы тағайындалды. Ол кісімен де біраз жылдар қоян-қолтық жұмыс істедік. Әбдіғапар Айтоқұлы газеттің ел арасындағы беделін көтере білді және білікті кадрларды дайындады.
Сонау алпысыншы жылдары газет бір ғана бет болып шығушы еді. Елдегі жағдайдың түзелуімен газет жұмысына да жаңа леп келді. Басылым қазақ және орыс тілдерінде екі бет болып шыға бастады. «Елу жылда ел жаңа» деп бекер айтылмаса керек. Қарап отырсам, ол жылдардағы газет пен қазіргі газеттің келбетін салыстыруға келмейді. Газет сөздері онда қолмен теріліп, қолмен қойылатын. Станоктағы әріптер қолмен құрастырылатын. Газет шығатын күні түннің ортасында дейін жұмыста отыратынбыз. Жұмыстың қиындығы жетіп-артылушы еді. Сонда да мойымай жұмыс істейтінбіз. Ал қазір технологияның барынша қарыштап дамыған заманы. Жаңа заманның ағысымен аудандық газетке де мүлдем жаңа леп келгендей. Бәрі жаңаша. Техника да қолжетімді. Қазіргі қоғамда жаңаша ойлайтын жас журналистердің буыны қалыптасып келеді. Аудандық газетте жұмыс істеу де біршама жеңілдеді. «Сөз түзелді, Тыңдаушы сен де түзел!». Дана Абайдың осылай өсиет қалдырғанын бәріміз білеміз. Сөз де түзелді, ел де түзелді. Тек қана елдің берекесін, қазіргі тәуелсіз Қазақстанның қол жеткен жетістіктерін, халықтың айрандай ұйыған ынтымағын дәріптеу – қолына қалам ұстаған журналистер қауымының басты міндеті болып қала бермек.
Аудандық газет – халық пен билік арасындағы алтын көпір. Қала берді халықтың күнделікті өмірінің айнасы. «Жаңа өмір» газетінің қасиетті қара шаңырағында Жуалы жерінен қанат қаққан талай танымал ақын-жазушылар, бүгінде алыс-жақынға белгілі қаламы жүйрік журналистер жемісті еңбек еткені белгілі. Олар қалам қуатын танытып, басылымның да беделін көтерді. «Жыл келгендей жаңалық сезінеміз» демекші, соңғы екі жылдың көлемінде аудандық газеттің мазмұны мүлдем жаңаша бағытқа бет бұрды. Ауданның байырғы азаматы ретінде газеттің қазіргі жаңа дизайны да көңілімнен шығып отыр.
Жұлдызы биік Жуалы ауданымен бірге жасасып, оның қарт шежіресіне айналған «Жаңа өмір» газетіне биылғы жылы – 85 жыл толып отыр. Бұл уақыт аз ба, көп пе, оны таразы уақыттың өзі бағамдай жатар. Ең бастысы – қалам қуаты арқылы елдің ырысын еселеп, жағымды жаңалықтардың жаршысы болып жүрген қаламгерлердің еңбегің адал. Жас қаламгерлердің жазары көп болсын деген аталық тілегімді білдіргім келеді.
Мырзай НҰРАБАЕВ,
ардагер журналист.
Қайрат ауылы

Таңдаулы материалдар

Close