Mádenıet
Тағылымды экскурсия
Еліміздің тұңғыш Президенті-Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «Халқымыз үшін киелі мекен, құтты қоныс саналатын қасиетті жерлері болады. Ал, оның астарында болашақ бағдарыңды айқындап, ұлт болып ұйысудың ұлы мұраты жатыр» -деп атап көрсеткен болатын.
Тарихы тереңнен тамыр тартатын Жуалы өңірінің де халқы кие тұтатын қасиетті, нысандары баршылық. Сол тарихи жерлерді таныстырып насихаттау мақсатында аудандық тарихи-өлкетану музейінің қызметкерлері №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияның өлкетанушы оқушыларына экскурсия ұйымдастырды.
Бауыржан Момышұлы ауылынан Көлтоған ауылы бағытында ұйымдастырылған экскурсия кезінде өлкетанушы оқушылар Жұрымбай ауылының батысындағы IV-VI темір ғасырына жататын Қорғантөбе, Жетітөбе, Кәріқорған тарихи нысандарының тылсым тарихымен танысты.
Сонымен қатар оқушылар Датқа сазындағы Батырбек датқа Рысбекұлының кесенесінде болды. 1795-1885 жылдар аралығында өмір сүрген Қоқан хандығына қарсы халық мүддесін қорғаған тарихи тұлғаның салдырған медресесінің орнымен танысты.
Музейдің ғылыми қызметкері Дәулетжан Байдалиев оқушыларға еңбегі ел-жұртына мақтаныш, ерлігі сүйініш, есімі ел азаматы ретінде халық санасында сақталған тарихи тұлға Батырбек датқа туралы кеңінен әңгіме өрбітті. Ол Оңтүстік өңірдегі Байзақ, Шоқай, Сапақ сынды беделді ел басқарған тұлғалармен бірге заман ағымын жақсы сезіне білген Батырбек датқа туралы оның тағылымы, имандылығы жайлы деректі мәліметтер келтірді.
Экскурсия оқушылардың туған өлкеміздің тарихи ескерткіштері мен қасиетті нысандарын танып-білуге деген зор қызығушылығын арттырды. Мұндай өлкетану сабағы алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.
Дина Қырғызбаева,
№19 Д.Қонаев атындағы
мектеп-гимназиясы
директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары