Mádenıet

«Көздерінде от ойнар, сөздерінде жалын бар…»

«Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы…» демекші, қазіргі таңда көптеген жас ақындар өз мәнерімен өлең әлеміне қанат қағуда. Солардың бірі ретінде күреңбелдік ақын қыз Әсел Кемелбектің де есімін атауға болады. Ол қазіргі таңда осы ауылдағы №10 Күреңбел орта мектебінің 11 сыныбында оқиды.
Әселдің сынып жетекшісі Гүлмира Әуезованың айтуынша, Әсел – оқуда озат, өз ісіне тиянақты. Сондай-ақ, ол мектептегі бірде-бір іс-шара Әселдің қатысуынсыз өтпейтінін де айтып өтті. Белсенді қыз бүгінде өз сыныбының топ басшысы. Сонымен қатар облыстық, аудандық байқауларда жеткен жетістіктері де аз емес. Әсел тек оқуда ғана алғыр емес, сонымен өзге де салалардан хабардар. Оның жан-жақтылығын қолөнерге бейімділігінен, домбыраға әуестігінен де байқауға болатындай. Ал ақындық қасиеті өз алдына бөлек әңгіме.
– Менің бала кездегі арманым – ұстаз болу. Алайда ата-анам: «Қызым, ұстаздық жол – ауыр жол. Басқа мамандық таңдарсың»,- деп ұстаздық жолды таңдауымды құптамайтындығын білдірді. Ойлана келе өзімнің жан-жүрегім сөз өнеріне жақын болғандықтан мектепті тәмамдаған соң журналист мамандығын таңдауды жөн көріп отырмын. Осыған орай таңдау пәнін қазақ әдебиетіне ауыстырдым. Себебі, маған қоғаммен белсене араласып, халықпен етене жақын жұмыс жасаған ұнайды. Кейде көпті көрген нағашы атам Өмірбек атадан Күреңбел ауылының тарихы жайында сұрап, ауызша әңгіме, деректерді жазып алып отырамын.
Бойымда ақындық қасиетімнің бар екендігін 4 сынып оқып жүргенде байқадым. Бірақ, өзімді ақынмын деп айта алмаймын, шабыт келген кезде қағаз қаламымды дайындап түсіріп алғанды жөн көремін. Кейде ойда-жоқта шабыт келіп қағаз-қалам таппай, әттеген-ай дейтін тұстарым да жетерлік. Шабыт деген ол көбінде түн ортасы ауғанда, ел ұйқыға жатып, дала маужырап, тым-тырыс күйге енген сәтте келеді.
«Өлең деген тумайды жайшылықта, Өлең деген тулайды қайшылықта» деп мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаев жырлағандай, мені осыдан біраз жыл бұрын елімізді дүр сілкінткен оқиға, өз сәбиін қоқыс жәшігіне тастап кеткен безбүйрек, көкек ананың іс-әрекеті қатты қынжылтып, өзегімді өртеді. Осынау толқынысты сәтте «Сәби монологы» деп аталатын өлеңімді жаздым, – дей келе Әсел, қанша жерден қиындық көрсе де, айналасындағы адамдарға жылу сыйлап, үнемі көңілді жүргенді ұнататынын да жеткізді.
Осы орайда:
«Ақынмын деп қалай мен айта аламын,
Халқымның өзі айтқанын қайталадым.
Күпі киген қазақтың қара өлеңін
Шекпен жауып, өзіне қайтарамын…» – деген Мұқағали ақынның өлеңге деген адал көзқарасы еріксіз ойға оралады.
Иә, шынымен де «Жақсылар жақсымын деп айта алмайды» демекші, ақын қыз Әсел Кемелбекпен әңгімелескен аз ғана уақыт ішінде жас ақынның көздерінен жалынды байқадым. Болашаққа деген нық сенімді көзқараста екенін білдім.
«Адамның жақсы болуы тегінде емес, тәрбиесінде, ақылында, өнер білімінде. Адамға үш алуан адамнан мінез жұғады: ата-анадан, ұстазынан, құрбысынан. Әсіресе, кімді жақсы көрсе, содан көп жұғады» деп хакім Абай Құнанбайұлы өсиет етіп жазып қалдырғандай, Әселдің бойындағы жақсы қасиеттердің барлығы ең бірінші ата-анасынан дарып, мектепте тәлім беретін ұстаздарынан жұққаны даусыз.

Мақпал СҮЙІНБАЙ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Пікір үстеу

Close