Mádenıet

Жан тазалығы театрдан басталады

Қоғамдағы ең қымбат құндылықтардың қатарына интеллект, ақыл-ой, білім мен өнер жататын болса, оны меңгеру үшін қазақ жастарына терең білім, рухани тазалық пен биік адамгершілік керек. Ал, театрдың осы қасиеттерді жастардың бойына сіңіруде қосар үлесі зор.

Ауданымызда 40 жылдан астам тарихы бар «Мыңбұлақ» және «Жуалы» халық театрлары жуалылықтардың рухани әлем деңгейінің дамуына үлкен үлес қосып келеді. Бүгінгі таңда бұл екі театрға жас болса да дарынды, талантты мамандар Ерболат Қаттебеков пен Ербол Бекжанов басшылық етуде.
«Мыңбұлақ» және «Жуалы» халық театрларының бүгінде жеткен жетістіктері ауыз толтырып айтарлықтай. Облыс көлемінде үлкен іс-шаралар өтетін болса, облыстық басқарма міндетті түрде жуалылық театрлардың ұжымына сенім артады. Мұның өзі жуалылық өнер ұжымы үшін үлкен жетістік.
Өткен жылы өнер ұжымдары аудан тұрғындарына бірнеше жаңа қойылымдар қойды. Түрлі облыстық фестивальдарға қатысты. Атап айтқанда, «Ана – үйдің сәулесі» сахналық қойылымы, «Қош келдің, мерейлі Наурыз!» театрландырылған көрінісін, «Ер есімі – ел тарихы» театрландырылған қойылымын, «Азат мұң» моноспектаклін, «Достық – біздің туымыз» театрландырылған қойылымын қойды.
Абай атындағы драма театрда халық театрлары арасында Шона Смахан атындағы «Күлеміз бе?» атты облыстық байқау болды. Байқауда театр ұжымы Шона Смаханның «Бесік жыры» қойылымын және Нұржан Әліштің «Жұлдыз ауруы» тамашасын қойды. Байқау нәтижесінде театр 16 ұжымның ішінен ІІ жүлделі орынды иеленді.
Облыста өткен Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында «Атадан – аманат, ұрпаққа – ұлағат» атты ұлттық дәстүрлер фестивалінің ашылуында өнер ұжымы театрландырылған қойылым қойды. Облыстық халық театрларының «Театр KZ» фестивалінің ашылу салтанатында Б.Беделханның «Тағдыр тақтасы» поэтикалық драмасын сахналады. Осы фестивальда «Мыңбұлақ» халықтық театрының режиссері Ербол Бекжанов «Адамның бір қызығы бала деген» композициясымен додаға түсіп, «Ең үздік монолог» номинациясын иеленді.
Облыстық кино орталығының ұйымдастыруымен өткен «Туған өлкем» бейнероликтер байқауында Ербол Бекжанов «Үздік сценарийші», «Үздік бейнеролик» номинациялары бойынша бас жүлдені жеңіп алды.
«Мыңбұлақ» және «Жуалы» халық театрлары өткен жылы жемісті еңбегі үшін Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсенәлі Бықыбаевтың Алғыс хатымен марапатталды.
Ал, үстіміздегі жылы Алматыда Қазақ қыздар мемлекеттік педагогикалық университетінде өтетін «Киелі бесік» республикалық музыка фестиваліне, Қазақстан мен Өзбекстанның мәдени бауырластығын жаңғыртып, бүгінгі байланыстарын нығайта түсу мақсатында Қазақстанның Өзбекстандағы мәдениет күндеріне дайындалуда. Өнер ұжымы аталған фестивальда «Киелі бесік» қойылымын, Өзбекстанда өтетін мәдениет күндерінде Сәкен Жүнісовтың «Сабалақ Абылай, хан Абылай» шығармасын қоюды жоспарлауда.
Сонымен бірге үстіміздегі жылы екі өнер ұжымы үш жылда бір рет қорғайтын халықтық атағын қорғауға дайындық үстінде.
«Жуалы» және «Мыңбұлақ» халық театрлары өткен жылдың маусым айында аудан оқушыларының жазғы демалысын пайдаланып, аудандық мәдениет үйінде «Актерлік өнер» сабақтарын өткізуді бастады.
Театрда өнерлі, талантты мамандар жетерлік. Атап айтқанда, режиссердің көмекшісі Талғат Батыров пен Ержан Сүлейменқұлов, әртістер Нұржан Әліш, Мәлік Мықтыбеков, Толқын Қыстаубаева, Айбар Өтебаев, Гүлнар Қашкеева, Мадина Свамбаева, қоюшы-суретші Қойшыбай Төремұратов, тағы да басқалар. Өнер ұжымы болғандықтан жоғарыда айтылған жетістіктердің әрқайсысында әрбір ұжым мүшесінің өз үлесі бар. Әр маман өз тарапынан үлесін қосқанда ғана жұмыстың жемісі, нәтижесі көрінеді. Сондықтан өнер ұжымына мол табыс пен абырой тілейміз.

Перизат Шымыртайқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close