Mádenıet

ІСІ ДЕ, СӨЗІ ДЕ ӨНЕГЕ

Ана! Үш әріптен құралған осы бір сөздің өзі адамға қандай күш береді?!
Ана – барлық қиындықты жеңетін сарқылмас күш. Ана – бар тілегін перзентінің жолына арнаған әлемдегі ең мейірбан адам.
Қарасаздық Молдасламова Сәуле анамыз да бес қыз тәрбиелеп, 26 немере, 30 шөбере сүйіп отырған жан.
Сәуле Жәкенқызының есімі кезінде төлқұжаты толтырылып жатқанда Соня деп жазылып кетіпті. Содан ол кісіні Сәуле емес барлығы Соня апа деп атайды. 91 жасқа келген анамызбен былтыр Қарасаз ауылдық округі әкімінің аппараты Қарттар күніне орай ұйымдастырған кеште таныстық. Әженің еңбек жолын, еңбекқорлығын естіп, өзімен жолығуды мақсат етіп едік. Оның сәті енді түскендей.
Соня Жәкенқызы 1928 жылы бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы Пахтарал ауданы Славянка ауылында өмірге келген. Жеті кластық білімі бар 12-13 жасар қыз еңбекке ерте араласады. Әкесі соғысқа аттанады. Анасы мен төрт бауыры амалдап күн көреді.
-12 жасымнан бастап шешеме көмектестім. Ойын дегенді білмейміз. Шешемнің жанында жүріп өгіз жетектедім. Анам соқамен жер айдады. Жер жыртып, егін егіп, оны орып, өзіміз қолмен жинаймыз. Бидайды ағашпен ұрып, шашылған дәндерді жинап, қоймаға тасыдық.
Түнде де жұмыс істедік. Шешеміздің жанында отырып жүн түттік, шешем жіп иіріп, шұлық, қолғап тоқыды. Жоспар бойынша белгіленген уақытқа дейін бітіріп, майданға беріп жібереміз.
Әкем соғыс аяқталған соң бір жылдан кейін күзде жүзімдер пісіп жатқанда келді. Ол кісі колхоздың жұмысшы аттарына атбегі болды. Кейін әртүрлі жұмыстар істеді. Мақтаға шықты. Жоспарды артығымен орындағаны үшін екі рет Сталиннен марапат алды. Құрметті Еңбек ардагері атанды.
1947 жылы Қызылорда облысы Шиелі ауданының азаматы Ерторыға тұрмысқа шықтым. Жолдасым ферма меңгерушісі болып еңбек етті. Мен көбінде үй шаруасында болдым.
Көктемде малды дарияның жанына айдап, өзіміз де сонда көшетінбіз. Үйден қонақ үзілмейді. Ерторы өте сабырлы, көпшіл, кең пейілді азамат еді. Ауылға жан-жақтан келген кісілердің барлығы біздің шаңырақта қонақ болмай қайтпайтын. Кейде бір күнде үш рет ет асатын кездеріміз де болған.
Жолдасым тірі кезде еш нәрседен тарыққан жоқпын. Бес қыз, бір ұлымыз болды.
Өмір бір кем дүниесіз болмайды екен. Ұлымыз кішкентай кезінде қайтыс болды. Жолдасым 49 жасында көз жұмды. Жолдасым қаза болғанда үлкеніміз мектеп бітіріп жатқан. Кішкентайым төрт айлық болатын. Арқа сүйер азаматым өмірден озған соң барлық ауыртпалық өзіме түсті. Атқа мініп, ауылдың сиырын бақтым. Әртүрлі жұмыстар істедім. Әйтеуір қыздарымды оқытып, ел қатарлы қатарға қостым. Қазір үлкенім Зұлпыкүлім – мұғалім, Пернекүлдің мамандығы – бастауыш сынып мұғалімі, Қалдыкүл колледж бітірген. Айгүл – жеке кәсіпкер. Мейрамкүлім – дәрігер.
Менің замандастарымының балалық шағы, жастық шағы халықтың басына түскен қиын-қыстау заманмен тұспа-тұс келді. Бірақ, сабырмен, адал еңбекпен ел қатарлы бала-шағамызды бағып-қағып, тәрбиеледік.
Халқымыздың басынан небір нәубет замандар өтті. Ата-бабамыз осы тәуелсіздікті аңсады, армандады. Тәуба, қол жеткіздік! Бүгінгі заманымыз қандай жақсы, бақытты заман. Бала-шағаның тамағы тоқ. Қалауыншы білім алып, еңбек етіп жатыр. Ана үшін бұдан асқан бақыт жоқ. Әрбір азамат Отанына жаны ашып, кемшілігін түзеуге атсалысып, ауызбіршілікпен еңбек етсе, еліміз әлі бұдан да үлкен жақсылықтарға жетеді.
Аналық тілегім – еліміз аман, жұртымыз тыныш болсыншы, лайым жастарымыздың болашағы жарқын болсын. Ешқашан жамандық көрмесін, – дейді әже.
-Анамыз тік мінезді, еңбекқор жан. Өзінің жастайынан ұстаған тігін мәшинесі бар еді. Сол мәшинесімен мұндаға дейін тігін тікті.
Баубақшаны гүлдендірудің де қыр-сырын жақсы біледі. Әлі күнге дейін баубақшада жұмыс істеп жатсақ, «мынаны былай істеу керек» деп жөн-жобасын айтып шыдай алмай жанымызда жүреді.
Бізге «үнемі еңбек етіңдер, қор болмайсыңдар» деп еңбекке баулып, ақылын айтып отырады.
Анамыз замандастарының ортасында өзінің көпшілдігі мен сабырлылығымен сыйлы болатын,- дейді қыздары.
«Қарты бар үйдің қазынасы бар» демекші, Соня апамыз отбасының қазыналы қариясы. Тоқсан жастың төріне көтерілген әжеміздің еңбек жолының, әрбір сөзінің жас ұрпакққа берер тәрбиелік мәні зор.
Қазыналы қарияларымыз аман болсын!
Перизат Шымыртайқызы.
Суретті түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close