Mádenıet
Ана – парасат патшайымы!
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Білімді, көзі ашық, көкірегі ояу болуға ұмтылу – біздің қанымызда бар қасиет» делінген. Біздің басты мақсатымыз – жастардың білімге деген құштарлығын, шығармашылықпен айналысып, жеткен жетістігін додаларда бағамдау. Осы орайда жақында аудандық «Жастар ресурстық орталығының» ұйытқы болуымен №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияның мәжіліс залында «Ана – парасат патшайымы!» атты аудандық жас ақындар мүшәйрасы өтті.
Байқаудың мақсаты – жастардың шығармашылығын арттыру, дарынды жастарға қолдау көрсету және өлең құдіреті арқылы мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру.
Мүшәйраға аудан мектептерінен сөз өнерін жанына серік еткен 12 оқушы қатысты. Байқау екі кезеңнен тұрды. Қатысушылар бірінші бөлімде «Ана» тақырыбында өлең оқыса, ал екінші кезеңде жас ақындар еркін тақырыптағы туындыларын паш етті.
Талапкерлердің өнерін ақын, Әлем халықтары жазушылар одағының мүшесі Дәулетжан Байдалиев бастаған қазылар алқасы бағалады. Сарапшылар үміткерлердің өнерін бағалау кезінде талапкерлердің өлеңді таңдау талғамына, өлең-жырларындағы сөз қолданысына, ұйқасына, ой тереңдігіне, көркемдік ерекшелігіне, дауыс мәнеріне және тіл тазалығына, жатқа оқу шеберлігіне, сондай-ақ, сахналық киім мәдениетіне де баса назар аударды.
Байқау қорытындысында І орынды №30 Көктөбе орта мектебінің оқушысы Арман Әбу жеңіп алса, ал, ІІ орынды №2 Мыңбұлақ орта мектебінің оқушысы Мунира Қаржаубаева мен №12 М.Әуезов атындағы орта мектептің оқушысы Әлішер Қуатбек иеленді. Ақындар мүшәйрасының үздік үштігін №21 Д.Пахомов атындағы орта мектептің оқушысы Рашид Кемелбек пен №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияның оқушысы Ақжүніс Рахметова түйіндеді. «Ең жас ақын» номинациясына Жансұлу Қаржаубаева ие болды.
Аналардың қасиеті жайында жыр толғаған мүшәйра жүлдегерлері аудандық «Жастар ресурстық орталығының» бағалы сыйлықтарымен, арнайы Дипломдарымен және Алғыс хаттарымен марапатталды.
Айгүл Қалымханқызы,
«Жаңа өмір»