Mádenıet
Қазақ халқының қасиетті қазынасы…
«Екі ішектің бірін қатты,
Бірін сәл-сәл кем бұра.
Нағыз қазақ – қазақ емес,
Нағыз қазақ – домбыра» деп халқымыздың аяулы ақыны Қадыр Мырза-Әлі жырлағандай, халқымыз үшін домбыраның қасиеті бір бөлек. Олай болатыны, есте жоқ ескі замандардағы аңыз-әпсаналарға құлақ түрсек, домбыраның сол замандарда-ақ пайда болғанына көз жеткіземіз. Қазақ халқы сол көне дәуірлерден бері барлық дүниетанымын, мұң-зарын, қуанышы мен қайғысын осынау киелі аспап домбырамен жеткізетін болған. Халқымыздың көптеген аңыз әңгімелері, батырлар жырлары мен ғашықтық дастандарымыз қара домбырамен осы күнге шашауы шықпай жетіп отырғаны дәуір шындығы.
Мемлекетіміз кейінгі онжылдықтың ішінде «Қазақтың 1000 күйі» деген бірегей жобаны қолға алғаны белгілі. Алайда өнер мен мәдениет тым тарихы тереңде жатқан қазақ халқында мың ғана күй болды дегенге кім сенеді. Бұл қолда бары ғана. Күй тарихы әлі де зерттеуді қажет етеді. Әлі де зерттей түсу керек. «Ел іші – өнер кеніші» демекші, әлі де халық арасында жарыққа шықпай жатқан күй мұралары, танылмай жүрген талантты күйшілер мен орындаушылар баршылық. Шүкір деп айтуымыз керек, кейінгі жылдары қазақтың қара домбырасын барынша насихаттап, әлемге таныту мақсатында көптеген іс-шаралар, байқаулар мен фестивальдар ұдайы ұйымдастырылып келеді. Соның ішінде «Қазақстан» ұлттық телеарнасы қолға алған «Мен – қазақпын!» атты дәстүрлі байқау-мегажобасын ерекше айтуға болады. Бұл байқауды өз кезегінде ел өңірлеріндегі тасада қалған таланттарды көпшілікке танытуға мол мүмкіндік беріп отыр деуге болады.
Енді домбыраның қадір-қасиеті туралы Б.Момышұлы ауылының тұрғыны, ардақты ана, қазақтың салт-дәстүрлері мен қолөнерінің жанашыры Дарихан Сыдықовадан сұраған болатынбыз.
-Домбыра – қазақтың киесі, қасиетті қазынасы. Қазақ пен домбыра егіз ұғым ғой. Күні кешеге дейін әр үйдің төрінде ілулі тұратын ұлттық аспабымыздың күмбірлеген үні алыстап бара жатқандай еді. Телеарналардан домбыраның дауысын есту мұңға айналғаны былай тұрсын, шілдехана, бесік тойы, тұсаукесер, тілашар, беташарларымыз даңғырлаған эстарада әуеніне байланбады ма? Домбырамен әуелете шырқалып, тиесілі сыйлық иесін табатын «Тойбастар» дәстүрінің түр-сипаты мүлде өзгергеніне бәріміз куәміз. Құрметті қонақ келгенде «Ауылдың алтыауызы» айтылып, «қонақ кәдемен» жалғаса әнмен өрілетін отырыстар көзден бұл-бұл ұшқалы қашан?! Арасында үлкендердің әдемі әңгімелері тыңдалатын. Қазір ше? Ішіп-жеп болған соң, бас салып би билеуге көшеді. Жас та, жасамыс та секеңдеп, түсініксіз музыканың әуеніне елітіп, қызық деген осы деп түсінетін болдық. Ілгерідегі құдаларды әудем жерден арнау айтып қарсы алып, күмбір-күмбір күй тартып, шығарып салар кез қайда, шіркін?! Домбырада айтылатын әр әннің сөзі қандай, сазы қандай, шіркін! Тыңдап отырғаныңда бір күрсінтіп, бір мұңайтып, мың түрлі әсерге бөлейтіні бар. Оның құдіретті үнін естігеніңе шүкірлік етесің. Домбыраның иесі қазақ болып туылғаныңа тәубе дейсің.
Өткен жылдан бері Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған Домбыра күнінің белгіленуі жайдан-жай емес. Бұл рухани жаңғыру бағытындағы ең сүбелі тірліктің бірі болмақ. Осы күннің аясында ұлттық аспабымызды ұлықтау мақсатында тың бастамалар бой көтеріп, көптен бері қолдау таппай жүрген игі дүниелер қайта жаңғыруы ғажап емес. Көп нәрседен үміттіміз. Әр үйдің төріндегі көк жәшіктен домбыра үнімен астастырылған салмақты дүниелердің көптеп көрсетілуін жанымыз қалайды. Жастарды домбыраның әуенімен тәрбиелесек, әрбір үйде домбыраның қоңыр үніне қосылып ән шырқалып, күй тартылып жатса қандай ғажап. Айналып келгенде, домбыра – қасиет, домбыра – өсиет. Жас ұрпақ осыны ұғынғаны абзал,- дейді Дарихан апай.
Айтса айтқандай, өткен ғасырда әлем елдерінің сахналарынан қазақ өнерінің алыптары саналатын Әміре Қашаубаев, Ғарифолла Құрманғалиев, Қаршыға Ахмедияров, Қайрат Байбосынов сынды әнші-күйшілер өнар көрсеткенде шетелдік тыңдармандар қатты таңданғанын әлі де жыр қылып айтамыз. Қасиетті аспап домбыраны қасиеттеп, қадірлегенде ғана ұлттық болмысымызды сақтай аламыз.
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»