Basty betMádenıet

Жуалылық батырдың Жетісудағы іздері

Тарихи таныммен ұрпақ өседі, Ұлттық сана қалыптасады.
Н. Ә.Назарбаев.
Тұңғыш Президент-Елбасы
Н.Ә.Назарбаевтың “Ұлы
даланың жеті қыры» атты
мақаласында: «Төл тарихын
білетін, бағалайтын және
мақтан ететін халықтың
болашағы зор болады деп
сенемін. Өткенін мақтан
тұтып, бүгінін нақты бағалай
білу және болашаққа оң
көзқарас таныту- еліміздің
табысты болуының кепілі
дегеніміз осы»- делінген.

Түп тарихын жандандырып, елінің
өткенінде орындары ерекше бабаларының ерлігі
мен батылдығы, олардың өмірбаяны жайлы
жастарға, болашақ ұрпаққа аманат етіп жеткізу-
бүгінгі ұрпақтың парызы.
«Қазақ даласына қасіреттің қара бұлты
үйіріліп, жоңғар қалмақтары Қаратауға қарай
қара құмырсқадай қаптаған кезде бейғам
жатқан жұрт ата қонысынан айырылды. Сол бір
заманда еліне тіреу бола білген бабаларымыз
жауына қарсы тұрып, күйрете соққы берді. Осы
соғыста бабаларымызбен қатар оның балалары
мен немерелері асқан батырлық көрсетті. Сөйтіп,
ел аузында аңыз болып қалды» («Байтана
шежіресі» кітабынан).
…Сол шайқаста ерекше көзге түскен қазақ
батырларының бірі – Садыбай Марсымұлы еді.
Оның есімі тарихта ерекше аталады. Халық
аңызына айналған Садыбай батыр Есім ханның
бас батырларының бірі болған. Ол 1603 жылы
дүниеге келіп, өмір сүрген кезі Есім ханның билік
құрған кезеңіне дәл келеді. Ол жерімізді, елімізді,
байлығымызды жаудан қорғау үшін соғысқан.
Ол алғашқы рет Маймақ тауында шүршіттерге
қарсы 17 жасында соғысқан екен. Есім ханның
әскері құрамында елін жаудан қорғаған батыр
баба соғыса-соғыса Жетісу жеріне жетіп, 1628
жылы 25 жасында алапат бір ұрыста ерлікпен
қаза тапқан. Батырдың сүйегі жатқан жерге- Ақсу
ауданына қарасты «Қаракемер» кеңшарының
тұсындағы тау бөктеріне Есім хан Садыбайға
арнап сағана салдырған. Зират қазір де бар.
Есім ханның қалың қолы арасында небір хас
батырлар болғаны шыққан күндей шындық
десек, солардың ішінде Садыбайға ғана
ескерткіш орнатқызғаны, жауды жеңген соң
батырдың кіндік қаны тамған Мыңбұлаққа арнайы
келіп, баласының атын қойғызғаны талай сырды
аңғартса керек.
Керімбай болыстың жыршысы болған
Кәрібай Есенқұлұлы ол туралы:
Сол кезде қазақ бар ма сақтанбаған,
Жоңғарға қарсы шығып аттанбаған.
Сол тұста батыр баба Садыбай да,
Басына ұйықтап жастық жастанбаған-деп
жырлаған.
Садыбай батыр жоңғар қалмақтармен
соғысқа аттанғанда оның әйелі жүкті екен. Анасы
батырды тоқтатпақшы болады. Оған Садыбай
батыр: «Анталап жау қаптап келе жатса, мен
сонда келініңіздің етегін желпіп отырмақпын
ба?!» деп жауап береді. Ал жары қимастықпен
келіп, үзеңгісін ұстағанда: «Жаман неме тапсаң,
сүйінші сұратарсың» деп, ала туын желбірете,
сырнайлатып Мыңбұлақтан аттанған екен.
Жау легі Жетісу, Алатау қазақ-қырғыздарын
таптап өтіп, Таластан асып, қасиетті Қаратаудың
Маймақ асуына кіре бастаған кезі екен. Бірнеше
күнгі соғыста жоңғарлар көп қырылып шегініпті…
Жарықтық Садыбай бабамыз жауды сол
қуғаннан Жетісуға дейін қуған.
Әйелі ұл тауып, Садыбай батырға хабар
жеткізген кенже қайнысы Қырғызәліге батыр
жаудан түскен жылқыдан мол сүйінші беріп, кері
қайтарады.
-Көке, әлдидің атын кім деп қоямыз?-
дегенінде, Садыбай: -Әй, әзірше жаман немені
менің балтыр орайтын байтабам мен мына
ескі сары-ала туыма орап баға беріңдер. Мына
жауды біржолата жеңіп, жуырда елге ораламыз.
Сонда өзім қоямын атын! Елге сәлем айт,
жаным,- деген екен.
Садыбай бабамыз сол соғыста, қазіргі
Талдықорған облысы Ақсу ауданы Қаракемер
атты тау бөктерінде қаза болады. Оны сол
жерге жерлейді.
Екі жылдай жоңғарлармен соғысып,
жеңіске жеткен Есім хан елге оралады.Өзінің
жарлығымен хан Садыбай батыр опат болған
Ақсудағы Қаракемер шатқалына биік (4-5 метр)
күмбез соқтырады.Біраз уақыт өткеннен кейін
Садыбай батырға ас беріледі. Есім хан Садыбай
батырдың туып-өскен Мыңбұлағына келіп,
батырдың жалғыз жәдігерінің атын Байтана
деп қойып, еншісін бөлгізген екен. Хан беліндегі
белдігі мен алтын сапты қылышын балдырған
Байтанаға батыр болсын деген ниетпен сыйға
тартқан деген тарихта болжам қалған.
«Байтана» деген сөз – ол батырлар
сауытының кеудешесіне тағылатын кеуде қағар
дәу тана, ол қоладан, күмістен құйылады» деп
Есім ханның балаға атын қойған рәсімінде оның
сүйікті батырларының бірі-Қобыландыұлы Сүгір
айтқан екен. Ол кезде баланың тілі шығып,
сөйлеп қалған кезі, арада 2-3 жыл өткен болар.
Бұны сол кезде қазақ даласын билеп тұрған Есім
ханның бас батырына деген ерекше құрметі деп
түсіну керек.
Төрт ғасырға жуық өткен уақытта тұрғызған
күмбездің қыштары үгітіліп, тозып, жартылай
құлаған. Ол белгі біздің заманымызға дейін
төбе болып тұрған. Кең, ашық далада жалғыз
тұрған күмбезді көрген жұрт ол жерде «Белгісіз
батыр» жерленген дейді. Оны еліміз Тәуелсіздік
алған жылдары Жамбыл облысынан Садыбай
батырдың зиратын іздеп барған ұрпақтарының
өкілдеріне сол жердің тұрғындары айтқан екен.
Олар Жамбыл ауданының құрметті азаматы,
Нұрлыкент ауылының тұрғыны, еңбек ардагері
Жорабек Мәмбеталиев, Тараз қаласынан
дәрігер, еңбек ардагері Сейітхан Әбдиев, Қайрат
ауылының қадірменді ақсақалы,соғыс және еңбек
ардагері Айдарбек Айтубаев және ауданның
қадірлі азаматы, имам Сейітқазы Медетбеков.
Олар Жамбыл облысының жазушысы Бақтияр
Әбілдаевтың дәлелімен Садыбай батырдың
күмбезін тауып, Талдықорған облысының
Сағабүйен ауылының тұрғыны, Садыбай
батыр кесенесінің Мәкен апа есімді шырақшысын
кездестіріп, анық-қанығына көздерін жеткізіп,
қайтқан екен. Көріпкелдігі, бойында киелілігі,
әулиелілігі бар кейуана Садыбай бабаның
ұрпақтарын көріп, қуанып қарсы алады. «Біз
ұзақ жылдар бойы күттік ғой! Бұл батыр
сіздердің бабаларыңыз!» деген екен. Сондай-
ақ, шырақшының айтуынша, күмбездің тасына
«Шымыр, Садыбай» деп қашалып жазылғаны да
болған екен. Бірақ, көп жылдар өте оның барлығы
күйреген. Кейуана 85 жасқа келіп, 2018 жылы
бұл дүниеден озған, енді анасының орнына ұлы
Досжан шырақшы болып отыр екен.
-Біраз жылдар бұрын Жамбыл облысы
Жамбыл ауданы Қаракемер ауылының тұрғыны
Нұрғали Кәтімхановқа аян берілген екен. Ол
кісі Садыбай бабамыздың жерленген жеріне
барып, күмбезін тауып алып, өзінің қаражатына
жаңа күмбез соғып бастаған екен. Іргетасын
құйып, қірпіштерін қалап, сонымен жұмыс
тоқтап қалған. Одан кейін,міне, талай жыл өтті.
Садыбай бабаның рухы тыныштық көрмей, біздің
жуалылық азаматтарға да аян берген екен,- деді
әңгімесінде Жуалы ауданы Қайрат ауылының
тұрғыны, Садыбай бабаның күмбезін жаңарту
үшін құрылған Қордың президенті Мұхамеджан
Әсемов.
Ауданның дене шынықтыру және спорт
бөлімінің басшысы Мақсұтбек Арзымбетов
былай дейді:
-Бес жыл бұрын маған да аян берді.
Батырдың кесенесін екеулеп аралап жүрміз.
Ол алдымда, мен ол кісінің артымда айналып,
көріп жүреміз. Одан кейін біраз жылдар қайта-
қайта тек әңгіме болып жүрді. Бір-бірімізді күтіп
жүргендей болдық. Ал өткен жылы Қайрат
ауылындағы жаңа мешіт бой көтергеннен кейін,
біз жұмылып Садыбай батырға күмбез орнатуды
шештік. Ол біздің парызымыз ғой! «Мына жерде
белгісіз бір батыр жатыр» деген сөзді естігенде,
қатты қапаландық. «Көп түкірсе-көл» демекші,
Садыбай бабаның ұрпақтары болып, батыр
бабамызға күмбез орнатуға өз еркімен бірнеше
азамат аттанды. Қазан-қараша айларында бітіріп
қайтты. Аралықта Талдықорған облысына тау
бөктеріне 7 сантиметрге дейін қар жауды. Оған
қарамастан жігіттер алға қойған міндеттерін
жұмыла орындады,- деді Мақсұтбек Әбдіұлы.
Айта кету керек, Талдықорған облысына
қарасты Сағабүйен ауылына 4 шақырым, ал
келесі Ілияс Жансүгіров ауылына 12 шақырым
екі елді мекеннің арасындағы Садыбай
батырдың жерленген жеріне бір топ азаматты
ұйымдастырып апарып, істің басы-қасында өзі
Мақсұтбек Әбдіұлы болды.
-Алғашқы күндері автокөліктерде жатып,
құрылысты жүргіздік, күн суып кеткеннен кейін
қасындағы Сағабүйен ауылында үй жалдап
тұрдық. Бір айға жеткізбей бітіріп, қайттық,- деді
Мұхамеджан Тұрсынбайұлы.
Мақсұтбек Арзымбетов мен Мұхамеджан
Әсемов бастап барған Бауыржан Момышұлы,
Қайрат және Диқан ауылдарының азаматтары
Ғабит Бектұрғанов, Ербол Әшімбаев, Жеңіс
Сейітбеков, Бақтияр Дүйсалиев, Жомарт
Мұратов, Жарқын Оразбаев, Ермек Қожахмет
және Серік Ізбасаров нағыз ерлік, азаматтық
танытып, тынбай жұмыс істеді. Олар уақытпен
санаспай Садыбай батырдың басына көркем
күмбез орнатты. Онда: «Бұл жерде Дулаттың
Шымырдан шыққан Садыбай батыры жерленген.
1603 жылы мәнжүр жоңғарлармен соғыста
ерлікпен қаза тапқан. Бас батырына Есім хан
арнайы кесене салдырған. Кесене төрт ғасырды
ортаға салып бүгінге жетті. Садыбайдың жалғыз
жәдігері Байтананың ұрпақтары ескі кесенені
жаңартып, ерлік пен елдік дәстүрін жаңғыртты.
Ерлікке бабалар рухына тағзым етейік,
ардақты Алаш ұлдары!» деп тақтайға батырдың
есімі аталып жазылып, ілінді.
Міне, осылай ұзақ уақыттан бері тозығы
жеткен батырдың кесенесі қайта жаңарып, бой
түзеді, есімі аталып, әйгілі болды. Төрт ғасырдан
бері осы сауап, игі іс батырдың бүгінгі ұрпағының
еншісіне Алла тағала бұйыртқан екен. Оларды
Алла қолдасын, ниеттері қабыл болсын!
Ал Садыбайдың ұлы Байтана өсе келе
шынығып, ерте есейіп, әкесі үшін кек алуға бел
буады. Батыр болып өседі. Байтана Жәңгір
ханның батыр сарбазының бірі болғанын
ұрпақтары біледі. Одан алты ұл дүниеге келіп,
бүгінгі күнге дейін өсіп жеткен ұрпақтарының
саны екі мың шаңыраққа таяп қалды, дейді
ардақтылар. 1926 жылы Керімбай болысқа
(Керімбай датқа Бұралқыұлына) ас бергенде
байтана ұрпақтарына «ру» атағы берілген екен.
«Садыбайдың жалғыз ұлы Жәңгір ханның
сүйікті батыр сарбаздарының бірі болған Байтана
Амур облысының Манжуриямен шекарасындағы
«Байтаново» деген қала жақта жерленуі мүмкін»,
дейді тарихшылар. Өйткені ол кезде сол
жақтағы мәнжүрлермен жойқын қозғалыстың
бас батыры болып Байтана тарихта бар.
Ол елдімекеннің аты Тынды (Талды), онда
жоңғарлар жойылып, бәрі бітті, тынды деген
сөзден сол елді мекеннің аты осылай қойылған
екен. «Тындыда шарт жасалынып, алты алаштың
да қолы тынады» делінген ( 1995 жылы жазылған
алғашқы «Байтана шежіресі» кітабынан»).
Байтана батырдың ерлігі 1776 жылы
Қазыбек Тауасарұлы жазған «Түп тұқияннан
өзіме дейін» кітабында, тарихшы И.Я.Златкин
«История Джунгарского ханства» (Мәскеу, 1983
жылы), жазушы Қалихан Ысқақовтың 1993
жылы «Егемен Қазақстан» газетінде жазған
деректері айтып отыр. Алайда, мүмкін басқа
да біз білмейтін батыр туралы деректер бар
шығар.
Енді, бәлкім, Садыбай батырдың ұлы
Байтана батырдың жерленген жерін тауып,
оған да көркем күмбез орнатып, атын жарыққа
шығарып, ұрпақтарға аманат етіп қалдыру керек
шығар. Оны уақыттың еншісіне қалдырайық,
өйткені ол Аллаға тән іс!
Гүлмира ДЕМБАЕВА,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close