Mádenıet

Еңбегіне қарай құрмет

Күні кеше ғана аудандық мәдениет саласы қызметкерлерінің еңбектері еленіп, бірқатар марапатқа ие болды. Аудандық «Достық» мәдениет үйінде Талас аудандық тарихи-өлкетану музейінің бас әкімшісі, «Білім нұры» республикалық журналының корреспондент мүшесі Есенхан Рымқұлов «Спорт жұлдыздары» журналының атынан өнер мен мәдениетті дамытуға сіңірген еңбегі үшін Қойшыбай Төремұратовты, Бауыржан Маймақовты және Мадина Свамбаеваны «Өнерге қосқан үлесі үшін» медалімен наградтады.

-«Білім нұры» республикалық журналының «Спорт жұлдыздары» республикалық ғылыми-әдістемелік патриоттық журналы бар. Бұл журнал әр аймақтағы өнерге, білімге, спортқа жанашыр адамдардың еңбектерін бағалап, марапаттап отырады. Әр елді мекеннен осындай жандарға қолдау білдіріп, жігерлендіреді. Осы ретте, Жуалы ауданынан бірқатар мәдениет қызметкерлеріне марапат тапсыруды жөн санап отырған жайы бар.
Өнер – таусылмас қазына. Өнер адамдары халықтың ықыласына, қошеметіне бөленген сәтте бақытты болады. Алдағы уақытта елімізде болып жатқан аты жаман індет жойылып, халқымызбен аман-саулықта жолығуды нәсіп етсін. Өнерлерінің әрдайым бағаланып, еңбектеріңіз жана берсін, – деді Есенхан Қойшыманұлы.
Жиында суретші Қойшыбай Төремұратов әріптестерін марапаттарымен құттықтап, алғысын білдірді. Кейінгі жас буын өкілдеріне де осындай биік шыңнан көріне беруге тілектес екенін жеткізді.
«Еңбегіне қарай құрмет» деген қазақ даналығында жақсы сөз бар. Бүгінгі марапат мәдениет қызметкерлерінің ұзақ жылғы еңбектерін, өнерлерін бағалай отырып тапсырылды деп сенеміз. Бұл ретте ауданымызға белгілі қылқалам шебері, суретші Қойшыбай Төремұратовтың еңбегін атап өтпеске болмайды. Оның қылқаламынан туындаған көздің жауын алатын неше түрлі көкемсуреттері, мүсіндері ауылдың көркіне көрік беріп тұр. Ал, ерлі-зайыпты аудандық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығы көркемөнерпаздар және мәдени демалыс жұмыс бөлімінің музыкалық өңдеуші, дыбыс операторы Бауыржан Маймақов пен аталған бөлімнің сүйемелдеушісі, әнші Мадина Свамбаева өмірлерін өнерге арнаған жандар. Мадинаның үнінен шыққан әсем әуендерді көпшілік сүйсініп тыңдайтыны баршамызға белгілі. Осы ретте, өмірін өнермен жалғастырған, өнерін барша өнерсүйер қауымға арналған жандардың өнерлері қашанда марапатқа лайықты.

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Jańa ómir»

Таңдаулы материалдар

Close