Mádenıet

«Дәстүр ұлықталған елде ғана мәңгі жасайды»

Нұрлыкент ауылындағы сексен жасқа иек артқан Тәжжан Өтегенова апайдың өткелі мен бұралаңы мол өмірден түйген тәлім-тәжірибесі жетерлік. Он бес құрсақ көтеріп, оның онын аман-есен жеткізіп, бүгінде немере-шөбере, шөпшек сүйіп отырған кейуана Алланың бұл көрсеткеніне де шүкір дейді.

Қазақ елі Тәуелсіздігін жариялаған тұста ері Садық Өтегенов екеуі Түркіменстанның Дашховуз уәлаятындағы ұжымшарда мақташы болып еңбек ететін. Бұлар тұратын ауылдың барлығы қазақтар еді. Тәуелсіздік туралы хабар ауылдағыларды тегіс қуантты. Көп ұзамай көштің басы атажұртқа ағыла бастағанда, бұлар әулетімен Жамбыл облысы Жуалы ауданының Нұрлыкент ауылын таңдаған-ды. Бұл ауылды осыған дейін мекендеген еуропалық ұлттардың жаппай тарихи Отандарына көшіп жатқан кез еді. Олардың орны алыс-жақын шетелдерден қоныс аударған қандастармен және еліміздің оңтүстік-батыс өңірлерінен келген ағайындармен толықты. Бас-аяғы бірнеше жылдың ішінде әр аймақтың салттары мен дәстүрлері тоғысқан ауыл адам танымастай өзгеріп, нағыз қазақы ортаға айналып шыға келді.
Дегенмен, бәріне ортақ бір қасиет – атадан балаға мирас болған үлкенге ізет, кішіге құрмет, әлсізге пана болу, ата-ананы ардақтау, әйелді аялау секілді ізгі дәстүр әр шаңырақта басты қағида болып орнықты.
– Бабамның аманатын арқалаған әулеттің бірі біз едік. Өз халқымның салт-дәстүрін өзге елде жүргенде де мақтан тұтып, «алты жыл аш болсаң да, атаңның салтын ұмытпа» деген мәтелді берік ұстандық. Осындай асыл қасиеттер елдігімізге тыныс беріп, көкірегімізге мақтаныш ұялатты.
Қазақы киіз үй, оның әбзелдері, жиһаздар, ұлттық киімдер мен тағамдары тұрмыс-салт дәстүріне жатады. Мал бағу, егіншілік, аңшылық, бағбандыққа қатысты кәсіптерге баулу ата дәстүрге сай жүргізіледі. Одан бөлек, ұлттық сөз өнері, саз аспаптары, мерекелер, қонақ күту салты өзге елдерден биік тұрғанымызды көрсетеді. Көшпелі тұрмысқа ыңғайлы баспана – киіз үйден бастап, ішіндегі күнделікті қолданылатын заттар мен бұйымдарды, киім-кешектерді шебер жасай білген, – дейді кейуана. Ол осы ретте үй жабдығының бір бөлшегі болған түркімен текеметін көрсетті. Аумағы жайнамаздан сәл үлкенірек бұл бұйым әдемі ою-өрнекпен көркемделіпті.
Өкінішке орай бүгінде жүннен киіз басу, кілем тоқу, шұлық тоқу секілді қолөнер түрлері қолданыстан шығып бара жатыр. Ал киіздің адам денсаулығына тигізер пайдасының орасан зор екенін ата-бабамыз жақсы білген. Ал күні кеше әр ауылда әйелдер бұрқ-сарқ қайнаған қазанда әр түсті бояу ерітіп, киіз басып жатушы еді. Бүгінде қойдың жүні қажетсіз болып қалды.
Ұлттық тәрбие мектебінің бірі – ырымдар мен тыйымдар екені жасырын емес. Тәжжан апа бүгінде ел арасында осы ырым-тыйымдардың көбісінің жойылып кеткеніне алаңдайды. «Қызға қырық үйден, ұлға отыз үйден тыйым» деген дана халқымызда бұл тәрбиелік мәні зор үлгі-өнегенің бірі, әсіресе, жастарды жаман әдеттерден сақтандырып, жақсыға бейімдеуден шыққан ұғым. Осы арқылы әркімді теріс мінез, ерсі қылықтан тыйып отырған.
Оның пайымдауынша, бала тәрбиесіне қатысты әдет-ғұрыптарға адамның дүниеге келген күнінен бері жүргізілетін тәлім-тәрбиеден бастап, есейіп азамат болып кеткенге дейінгі кезеңі кіреді. Айталық, шілдехана, сүйінші, балаға ат қою, бесікке бөлеу, қырқынан шығару, тілін дамыту, тұсау кесу, атқа мінгізу, сүндет той, тіл ашар, бәрі-бәрі ұл бала мен қыз баланы отбасын құруға, шаруаға, еңбекке, өмірге бейімдеу мақсатын көздейді.
Апайдың атасы ауыл-аймағына өте сыйлы, діндар кісі болса керек. Көз тиген балаларды түкіріп, емдеп жазады екен. Тәжжан апай сол кезден қалған үлкен ескі ағаш бесікті әлі күнге дейін сақтап келеді. Баласы шетінеп, тұрақтамаған отбасылар бесікті ырымға сұрап алып, өскенше соған бөлейтін еді. «Аузына түкірту» деген жақсы ырым бар. Мәселен, аймақтағы атағы жайылған адамға баласының аузына түкіртіп алатын болған. Түкіргенде оның ырымы ғана жасалады. Бұл ырым «баламыз сондай адамға ұқсап, өнегелі болсын» деген ниеттен туған.
Алайда, бұл ырымның да жойылып бара жатқаны өкінішті. Адамды сыйлауға арналған ізеттілік әдет-ғұрып болып есептелетін «ат тергеу» деген ырымды бүгінде екінің бірі білмейді. Мәнісі, келіндер атасының, қайнағасының, қайнысының, қайын сіңлісінің атын атамау үшін «мырза қайнаға», «бай атам», «би аға», «тентегім», «еркежан», «шебер шешей», «ақ әже», «сырғалым», «шашбаулым» деген қосымша ат қойған. Жеңгелер қайныларына әзілдеп, бойы тапал болса «сұңғақтым», жайбасар болса «жүйрігім» деп те ат қойған. Ер адамдар да өзінен үлкендерді Мәке, Сәке деп құрметтеген.
Апай өмір тіршілігінде басқасын былай қойғанда, өз отағасын да атымен атамаған екен. Ер азаматқа деген қандай сый-құрмет, өнеге десеңізші! Қазақ әйелінің саналылығы, әдептілігі осында жатқан жоқ па?!
Ерін сыйлау арқылы әйел оның жұртын да сыйлай білген.
Наурызкөже пісіру – Тәжжан апаның ес біліп, етек жапқалы бергі сүйікті ісі. Үлкен әулетке келін болып түскелі жылда наурыз көже пісіріп келеді. Біз келердің қарсаңында Көрісу айтына арнап үйде орта қазан көтеріп, наурызкөже пісіріп, елге тарқатыпты.
– Наурызкөже азықтың жеті түрінен жасалады. Бұл халықтық дәстүрден шыққан. Жеті – қазақ ұғымында киелі сан: жеті ата, жеті қазына, жеті қат жер, жеті қарақшы, жеті түн, «Жеті жарғы» т.б. халықтың ежелгі наным-сенімдеріне саяды. Көженің құрамы әр жерде әрқилы болғанымен, ондағы азық-түліктің жеті түрлі болуы шарт. Дәстүрлі көже, негізінен, бидай, тары, күріш, ет, тұз, сүт, су, т.б. тағамдардан жасалып, әр үй өз шаңырағынан дәм татырған. Бұған қыстан шыққан қазы, шұжық, сүр ет сияқты сыйлы, сыбағалы мүшелер де қосылады. Наурыз көже ежелгі жомарттық, қонақжайлылық, кеңпейілділік сияқты бағалы дәстүрлердің бірі – дәм таттырудың көркем көрінісі деуге болады. Қазақта «Бір күн дәм татқанға қырық күн сәлем» деген мағыналы сөз бар, – дейді кейуана.
Тәжжан апай дастарқанға табиғи таза өнімдерден жасалған дәмдерді қоюға тырысады. «Барыңда батып іш, жоғыңда сатып іш» дегендей, өзі сауынды сиыр ұстап отырмаса да, дастарқаны ағарғансыз болған емес. Пісірілген сүттің бетіндегі кілегейін қалқып алып, балқаймақ жасайды. Қаймақ та, құрт та бар. Тарыны қайнысы Баймұқан жылда осы ауылдың іргесіне салады. Тарыдан сөк, талқан, жент, майсөк секілді кәделі тағамдар дайындайды. Бидайдан талқан жасағанда диірменге күнжітті қоса тартып, оның нәрлілігін арттырады. Бұл тағамдар осы үйдің дастарқанынан жыл он екі ай бойы үзілмейді. Әсіресе, Рамазан айында ораза тұтушылар Тәжжан апайдың талқанын жиі сұратып жатады.
Айтпақшы, сарайда үлкен тас диірмен орнатылыпты. Диірмен болғанда да, зілмауыр, кәдімгі жалпақ, қалың тастан жасалған. Бұрын ақ жүгеріден, бидайдан ұн тартып, бір қауым елді асыраған екен. Тәжжан апай сол алып диірменді қолымен ұршықша айналдырып, талқанды өзі тартып алады. Жүріс-тұрысы, қимылы ширақ апа өзгенің күтіміне аса зәру емес. Ас-суын өзі қамдап, киімін де өзі дайындайды.
Түптеп келгенде, тыңдар құлаққа, көрер көзге, сезінер жүрекке танымал, басқа елдерде жоқ ұлтымыздың дәстүр өрнектері, ортақ мұралары, тұрмыс-тіршілігіндегі керемет салт-ғұрпы баршамыздың мақтаныш сезімімізді туғызып, жалпақ жұртты отаншылдық пен елжандылыққа тәрбиелеуде маңызды болмақ. Дәстүр де ұлықталған жерде өміршең болып, мағынасы мен мәнін жоймақ емес.
Ендеше, Тәжжан апай секілді ұлттық дәстүрді берік ұстанған жандар барда қазақы салтымыз жасай береді.

Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close