Mádenıet

Домбыраның құлағында ойнаған…

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көрегендігі мен салиқалы саясатының арқасында бір шаңырақ астында 130-дан астам ұлт өкілдері бір атаның баласындай ырыс пен ынтымақта, достық пен ауызбіршілікте, келісім мен бірлікте өмір сүріп жатыр. Сондай-ақ, қазақ жерінде қоныстанған өзге ұлт өкілдерінің қазақ тіліне, мәдениеті мен өнеріне деген қызығушылығы, құрметі ерекше. Бұл қазақилықтың қаймағы бұзылмаған, көптеген ұлт пен ұлыстың құтты мекеніне айналған Шақпақ ауылдық округіндегі №4 Балалар өнер мектебінде көрініс табуда. Қазіргі таңда өнер шаңырағында барлығы 400 оқушы білім алады. Оның 40 пайызына жуығы өзге ұлттың өкілдері. Өнер мен мәдениетті тоғыстырған білім ордасында ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктер де баршылық. Өз өнерінің биігіне шығып, оза шауып жүрген шәкірттер де жетерлік. Соның ішінде қазақтың қара домбырасын жанына серік еткен қаршадай орыс қызы ерекшелігімен көзге түсуде.
Осы тұста халқымыздың аяулы ақыны Қадыр Мырза-Әлінің «Екі ішектің бірін қатты, бірін сәл-пәл кем бұра, Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ домбыра» деп жырлаған өлең жолдары еріксіз ойға оралады. Қазақтың музыкалық мәдениетінде қасиетті қара домбыраның ойып аларлықтай орны ерекше. «Әу, демейтін қазақ жоқ» деген секілді, күмбірлетіп күй тартып, домбырада ойнай білмейтін қазақ болмауы тиіс.
Қазақтың киелі домбырасының құлағында ойнайтын орыс ұлтының жас өнерпаз өкілі Елена Заварыкина «Мереке», «Арынғазы», «Келіншек» сынды күйлерді жоғары деңгейде орындайды. Күйін тыңдай отырып біз Еленаның қазақ тілін де жетік меңгергенін байқадық. Қазақшалатып ән айтатынын да білдік.
«Ұстаздан шәкірт озар» демекші, домбырадан тәлім беретін мұғалімі Райхан Әмірова өз сөзінде шәкіртінің алғыр да білімді екенін, мектепке келгелі тек домбырамен ғана шектелмей, хореография, қолөнер сабақтарына да қатысатынын тілге тиек етті.
Сондай-ақ, Еленаның әр күніне жоспар құра отырып, орындайтындығын да айта келіп, оқушысының болашағынан үлкен үміт күтетіндігін жеткізді.
Жас өнерпаз Еленаның домбыра үйірмесіне қатысып жүргеніне биыл – бес жыл. Еленаның алдына қойған мақсаты – тек биіктерді бағындырып, қазақ өнерін әрі қарай жалғастыу. Өнер академиясына түсіп, болашақта қазақтың біртуар күйшісі Дина Нұрпейісова сынды күйші болғысы келетінін, қазақ өнеріне деген қызығушылығының басым екендігін де жасырмады. Ал, қазақ тілін білуіне – қазақи ортада, қазақы салт-дәстүрмен бірге өскендігі басты себеп.

Мақпал СҮЙІНБАЙ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close